Австралия мұсылмандары өз құқықтарын қалай қорғауда?
Австралия мұсылмандары өз құқықтарын қалай қорғауда?
2 жыл бұрын 616 Гайс Крайем

Австралияда лаңкестікке қарсы заңнаманы күшейту мәселесіне қатысты дау-дамай өршіп тұр. Бұған ASIO арнайы қызметінің бас директоры Дэвид Ирвингтің елдегі террорлық қатердің деңгейін «орташадан» «жоғарыға» көтеру турасындағы ұсынысы түрткі болып, осыған байланысты жасаған атышулы мәлімдемесі отқа май құя түсті. Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін бұл мәселенің түйінін былай тарқатуға болады: өз алдына бір құрлықты алып жатқан бұл елде ықтимал терроризмнің алдын алу, лаңкестік қатердің бетін қайтару үшін арнайы заң жобасын көптен бері қоғам болып талқылап келеді. Дэвид Ирвингтің ұсынысы да осы талқыланып жатқан заңға қатысты айтылған болатын. Терроризм қатерінің деңгейін «орташадан» «жоғарыға» көтеру дегенде, ол лаңкестікпен күресуді шектен тыс күшейтуді меңзеген еді. Мұның несі айып дерсіз? Мәселенің мәнісі сол: Бұл әсіре сақтық шарасы қарастырылған заң бойынша бірыңғай асыра сілтеуге, орынсыз әрекеттерге жол беруі мүмкін. Бұл елде де Еуропадағы секілді мұсылмандар жамағатына деген көзқарас аса мәз емес екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Егер аталмыш заң қабылданып кетсе, тырнақ астынан кір іздеп, негізсіз күдік-күмәнды қалқан етіп, мұсылмандардың қыр соңына түсіп алуы ықтимал. Сол себепті, заңсыздыққа жол ашатын заңның не керегі бар деген сауал туындайды. Осындай шикілікті қаперге алған Виктория ислам кеңесінің хатшысы Гайс Крайем аталмыш арнайы қызмет жетекшісінің бұл ұсынысын қатаң сынға алды. Мұсылмандарға деген агрессияны күшейтетінін де жайып салды. Осылай дей келе ол тыныштықты ұмытқан, соғыстан көз ашпаған Таяу Шығыстан бас сауғалап келгендерді әуежайда ұшақтан түспей жатып белгісіз себептермен қылмыскерлер секілді суретке түсіріп алған арнайы қызметтің шектен тыс сақтық әрекетін де сынға алды.

0 пікір
Мұрағат