Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар шаралар өтеді
Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар шаралар өтеді
9 жыл бұрын 12598

4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Осыған орай елордада бірқатар іс-шаралар өткізіледі. 4-10 маусым аралығында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Елімнің рәміздері – Тәуелсіздіктің белгісі» атты слайд көрмесі ұйымдастырылады. Бұл жайында BAQ.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Сонымен қатар, осы күні «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Рәміздерді құрметтейік» атты дөңгелек үстел өтеді. Шараға елорданың белсенді жастары тартылады. Конференцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті насихаттау, жас ұрпақты патриотизмге баулу.

Қаланың барлық кітапханалар жүйесінде бір ай бойы рәміздер тарихынан сыр шертетін кітап көрмелері өтеді. 4 маусымда №8 қалалық кітапханада «Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» атты елорда тұрғындарымен әңгімелесу сағаты, ал №2 кітапханада «Ел рәміздері - ел рухы» атты азаматтық сабақ өтеді.

Айта кетейік, 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.  

 

Елтаңбаның кей элементтері өзгереді

Астанада өткен «ҚР Мемлекеттік рәміздері: идеологиялық аспектілер және қолдану ережелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің басшысы Сауықбек Қапаев Қазақстан Республикасы Елтаңбасының ұлттық стандартына өзгерістер енгізілетінін айтты. 

Министрлік өкілінің айтуынша Елтаңбаның пішіні мен түр-сипаты өзгермейді, тек түсі мен кейбір элементтеріне жаңашылықтар енгізіледі. Өзгеріске енетін Елтаңба 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. 
"Қазіргі кезде дұрыс жасалмаған мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайлары мен лицензиясы жоқ компаниялардың мемлекеттік рәміздерді дайындау фактілері орын алуда. Осыған байланысты, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарты ережелерін қайта қарастыру қажеттігі туындады. Сондықтан, тек түсі мен кейбір элементтерінде аздап өзгерістер жасап отырмыз. Стандартталған жез материалының түсін пайдалану – енгізілген өзгерістің бірі. Елтаңбаның барлық элементтері қайтадан мұқият қаралып, элементтердің үлгісін жасау үшін барлық өлшемдер жүргізілді және қосалқы элементтердің атауы жасалды. Осы бойынша жаңадан дайындалан Елтаңба 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа берілмекші болған. Алайда, өндірушілердің дайын болмауына байланысты жаңа үлгідегі Елтаңбаны 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізбекпіз», – дейді С.Қапаев.
Сондай-ақ, алдағы уақытта стандартқа сай болмаған Елтаңбаны дайындаушылар заңдық тұрғыдан жауапкершілікке тартылатын болады. 
«Дайындалған бұйымдарды пайдаланудың кепілдендірілген мерзімі енгізілді және оның мерзімі 3 жыл. Сапасыз өнімді дайындағаны үшін лицензиясының әрекет ету мерзімі тоқтатылып, 15-тен 400 АЕК-ге дейін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – дейді ол.

0 пікір
Мұрағат