АҚШ басылымы: Қытай Қазақстанға бейнекамера орнату арқылы бақылауды күшейтуде
АҚШ басылымы: Қытай Қазақстанға бейнекамера орнату арқылы бақылауды күшейтуде
4 жыл бұрын 3381 politic.bugin.kz Kymbat Slyambekov
Автократ билікті күшейтеді

АҚШ-тың «Форин полиси» басылымы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерін заманауи «ақылды қала» технологиясы арқылы жаулап алып жатқанын жазады. Ақылды қала технологиясына бейнебақылау камераларын орнату мен заманауи ақпараттық жүйені енгізу шаралары жатады. Ал мұндай камералар Қытай үкіметі үшін Орта Азия халқы мен азаматтары жайлы ақпарат беріп отырмақ.


Басылымның жазуынша, ақылды (смарт) қала – Қытайдың 2015 жылы ойлап тапқан әрі 2025 жылға дейін әлемде бірден-бір жоғары технологиялық державаға айналдыруға мүмкіндік беретін стратегия.  Бұл – Қытайдың «Ұлы жібек жолын цифрландыру» арқылы қытайдың технологиялық гигант компанияларын әлемдік деңгейге жеткізе отырып, Қытайды цифрлық инфрақұрылым мен мәліметтерді жинау, сақтау бойынша монополияға айналдыру бастамасы. Сол үшін Қытай адамның бет-әлпетін танитын технологияларын, алдымен, Орталық Азия мемлекеттерінен бастап таратуға көшті.

- Жақында ғана қырғыз билігі Бішкектен командалық полиция орталығын ашып, адам жүзін анықтайтын камераларды қала ішіне орнатып жұмыс жасай бастады. Бұл технологияны Қытай ұлттық электроника корпорациясы тегін беріп отыр. Осы жылдың сәуір айында Huawei компаниясы Өзбекстанмен 883 камера орнатып, traffic мониторинг жүйесін қосып беру бойынша $1 млрд.-қа келісімге келді. Ал ұйғырлардың бет-жүзін анықтап, үнемі бақылауда ұстап отыру үшін сандық байланыс жүйесін құрған Hikvision компаниясының камералары қазір Қазақстанның бүкіл қалаларына (оның ішінде Алматы мен Шымкент қалалары да бар) орнатып жатыр. Huawei мен Hikvision компанияларына АҚШ санкция салған болатын, - деп жазады басылым.

Мұндай сандық байланыс жүйесі Қырғызстан, Тәжікстан сынды кедей мемлекеттер үшін пайдасы бар, алайда бұл жүйе елдегі авторитаризмді күшейтіп, қытай несиесіне біржола тәуелді етеді.

Басылымның жазуынша, Қытай компаниялары Орталық Азиядағы байланыс бағаналары мен сандық инфрақұрылымдарды шетінен сатып ала бастады. Мәселен, Huawei компаниясы ойлап тапқан 5G желісі қазір Өзбекстанға енгізіле бастады. Мұны Қытай Өзбекстанға несие беру арқылы 5G Huawei технологиясын да қоса енгізуге рұқсат алып, өзбек операторларымен жұмыс істей бастады. Қазір Тәжікстандағы телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың 90 пайызы Huawei-дің үлесіне өтіп кеткен.

- Соңғы уақыттары Huawei компания Kcell, Beeline және Tele2 сынды қазақстандық телекоммуникация компанияларымен бірігіп жұмыс жасай бастады. Қытай қазақстандық мамандарды оқыту арқылы техникалық бағдарламасын барынша кеңірек енгізуге тырысып жатыр. Сонымен қатар, Huawei мемлекеттік саясаткерлер мен мекемелерге қытайдан арзан несие алып беруге көмектеседі, - деп жазады басылым.


Сонымен қатар, америкалық басылым қазір Қазақстанның барлық қаласына қойылып жатқан Сергек камераларының да қытай үлгісімен құрастырылып жасалғанын айтады. Яғни, Сергек камераларының өзі Қазақстанда құралып, қазақстандық консорциум жасағанымен, оның құрал-жабдықтарының барлығы Қытайдан әкелінеді.

- Жабдықтарды Dahua Technology компаниясы дайындап береді. Бұл компанияға да АҚШ санкция салған, - делінген мақалада.

Басылым елордадағы қоғамдық автобустарға қойылып жатқан бет-әлпетті идентификациялау арқылы жолақысын төлеу жүйесін де қытайдың өнімі деп атайды. Бұл жағынан Қазақстан сандық технологиялардың өте күрделі түрлерін қолдануға амбиция танытып, зор қуатпен кірісіп жатыр.

- Мұндай жобалардың барлығы тотальды бақылау орнату арқылы жергілікті автократ биліктің күшеюіне көмектеспек. Одан бөлек, Қытайға Орталық Азияда тұратын халықтар жайлы кең ақпарат беріп, трансшекаралық аймақты қадағалап отыруға мүмкіндік бермек. Қытай Орталық Азияны жаулағысы келеді. Енді, міне, сандық технология арқылы үлкен қаруға ие болып отыр, - деп түйіндейді басылым.

0 пікір
Мұрағат