Әлемнің әр түкпірінен: Тәжікстанда Сириядағы соғысқа шақырған 13 адам сотталды
Әлемнің әр түкпірінен: Тәжікстанда Сириядағы соғысқа шақырған 13 адам сотталды
9 жыл бұрын 3157

«Азаттық» сайтының хабарлауынша Тәжікстан соты елде қызметіне тыйым салынған радикалды топ мүшелерін "Соғды облысының тұрғындарын Сириядағы содырлар қатарында соғысуға тартты" деген айыппен соттады. Тәжікстан жоғарғы сотының хабарлауынша, 26 мен 42 жас аралығындағы 13 адам 9-12 жыл аралығындағы мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Былтыр қарашада ұсталған он үш адамға "қылмыстық топ құрды, заңсыз қару ұстады және тыйым салынған "Жамаfт Ансарулла" экстремистік ұйымына мүше болды" деген айыптар тағылған. Тергеушілер "Жамағат Ансарулла" ұйымы "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымының бір қанаты деп санайды. "Өзбекстан ислам қозғалысын" АҚҚ мемлекеттік департаменті халықаралық террористік ұйымдар тізіміне қосып, Орталық Азия елдері мен Ресей оның қызметіне тыйым салған. Ұйым қазір негізінен Ауғанстан мен Пәкістанда әрекет етеді.

 

Оппозиция француз мұсылмандарының  демократиялық одағын үрке қабылдады

Естеріңізде болса, өткен аптада Францияда француз мұсылмандарының демократиялық одағының құрылғанын және нендей мақсатпен құрылғанын, сондай-ақ, мақсаттарына жету үшін сайлауларда өз үміткерлерін ұсынатынын  хабарлаған болатынбыз. Десе де, бұл жаңалықты француз оппозициясы үрке қабылдады. Үрке қабылдады дейміз-ау, жақтырмай қабылдады десек, шындыққа сай келеді. Олар осы елдегі азшылықты құрайтындарды қоғамнан барынша оқшаулап ұстау үшін аталмыш одақты бесігінде тұншықтыруды көздейді. «Бұл барып тұрған арандату. Мен өзім тұратын аудандағы мұсылмандардың үйлеріне бас сұғып шықтым. Олар өздеріне елдің назарын аударатын қандай да бір бастамаға қосылмайтындарын мәлімдеді. Оларға өзге француздар пайдаланатын құқықтың өзі жеткілікті»,- деп шала бүлінді Халық қозғалысы үшін консервативті одақ партиясының өкілі Джеффри Карвалхинхо.

 

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Йеменге қатысты қарар қабылдады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Йемен билігін басып алған көтерілісшілерден зорлық-зомбылықтан бас тартуды және келіссөз жүргізуді талап ететін қарар қабылдады. Нақтырақ айтқанда, олардан өздері басып алған мемлекеттік мекемелерден кетуді және үй қамағында отырған ел президенті Әбда Раббу Мансұр Хадиді босатуды талап етті. Аталмыш құжатқа БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше он бес елдің бәрі бірауыздан дауыс берген. Бұл құжатта жанжалды күшпен реттеу турасында айтылмаған. Осылайша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастық кеңесінің жанжалды әскери күшпен немесе экономикалық санкциялармен реттеуге мүмкіндік беретін БҰҰ Жарғысының жетінші тармағын (Йеменге байланысты) басшылыққа алу туралы қарарын жоққа шығарғандай болды. Егер көтерілісшілер БҰҰ қарарындағы талаптарды орындаудан бас тартса, қатаң шаралар енгізілетіні жөнінде ескерту айтылған. Бірақ, қандай шаралар екені ашып айтылмаған. Йемен оппозициясы сүнетті ұстанатын мұсылмандар қарасы көп елде шиит мұсылмандарға артықшылық беруді көздейді. Осы мақсатта олар өткен жылдың, яғни, 2014 жылдың тамыз айының орта шенінде наразылық акциясын өткізген болатын. Үстіміздегі жылдың, яғни, 2015 жылдың қаңтар айында Йемен астанасын басып алды. Олар парламентті таратып, президент пен үкіметті оставкіге кетірді. Көтерілісшілердің бүлігіне байланысты Йемендегі шетелдік елшілердің көбісі жабылды.

 

Лондон театрында мұсылмандар өмірі жайында пьеса сахналанады  

Статистикалық дерек бойынша жыл сайын Ұлыыбританияда шамамен 5000 адам тура жолға түсіп, ислам дінін қабылдайды екен. Осыған байланысты Лондон шаһарындағы Tricycle theatre ақпан айының 19-нан бастап, мұсылмандар өмірінен сыр шертетін пьесаны сахналайды. Яғни, елдегі аудиториясы ұлғайған мұсылман көрермендері үшін жаңа пьесаның премьерасы өтеді. «Көпшілік» деп аталатын қойылымның режиссері Джон Холлингворт (John Hollingworth): «Менен бір жас кіші бала мектепте ислам дінін қабылдады. Бұл оқиға оның бойындағы өзгерістерге деген қызығушылығымды тудырды»,- деп ағынан жарылған ол шығыс пен батыс тақырыбын қатар қозғайтын пьеса жазуды алдына мақсат етіп қойғанын жеткізді. Осы мақсатта ол мешітке жиі бас сұғып, мұсылмандармен жүздесіп, тілдескен.

 

Жапония Таяу Шығыс пен Африка елдеріндегі экстремизммен күреске 15 миллион доллар бөлетін болды 

Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кисида атап өткендей, бұл жайындағы ресми мәлімдеме 18-19 ақпан күндері Вашингтонда өтетін Халықаралық антитеррорлық саммит барысында жасалатын болады.

Айта кету керек, Жапония лаңкестікпен күресуге жайдан-жай шығындалып отырған жоқ. Қаңтар айында "Ислам мемлекеті" ұйымының өкілдері екі жапон азаматын өлтіріп, оның бейнеролигін интернетке жүктеген болатын. 

 

Колледжді мұсылмандарға қайтаруды талап етті

Осы аптаның басында, яғни, дүйсенбіде бұқаралық ақпарат құралдарында Үндістанның Махараштра штаты билігінің Джоджешвари елді-мекеніндегі Ысмаил Жүсіп атындағы колледжді ұлттық заң университетіне айналдыратыны туралы хабар жарық көрген соң үкіметтік емес ұйымдардың кейбірі дабыл қақты. Нақтырақ айтқанда, аталмыш штат билігінен бұл колледжді Мумбайдағы мұсылмандардың білім беру ұйымына беруді талап етті. Өйткені, әу баста бұл колледжді мемлекетке Мұхаммед Жүсіп Ысмаил 1930 жылы тарту еткен болатын. Мұсылман балаларын оқыту үшін. Бұл колледжге тиесілі 25 гектар жер телімі мұсылмандар игілігіне берілуі керек деп есептейді үкіметтік емес ұйымдар. 

 

Әр сенбі сайын үйсіз-күйсіздерге көмек көрсетеді

Әр сенбі сайын Джерси-Сити мұсылманы Юсеф Бузид (Youcef Bouzid) үйсііз-күйсіздер үшін 350-ден аса тағам дайындайды. Оған өз еркімен көмектесетіндер де бар. Яғни, олар тағам дайындауға атсалысады. Артынан қаладағы үйсіз-күйсіздерге арналған баспаналарға тегін таратады. Сондай-ақ, вокзал, т.б. қоғамдық орындарда жүрген мұқтаждарға да таратады. Ол бұл қайырымыдылық істі 2010 жылы бастаған болатын. Содан бері әр сенбі сайын осы ісін жалғастырып келеді. Ал Вашингтон университетінде оқитын мұсылман студенттер қауымдастығы жыл сайын өткізілетін «fast-a-thon» акциясы аясында жергілікті қайырымдылық қорына жылу жинайды. Аталмыш акциядан түскен қаражат «Hopelink» («Үміт желісі») деп аталатын ұйымның бөлімшесіне табыс етіледі. Олар өз кезегінде бұл қаражатты мұқтаждарға таратады.

 

Колледжде шариғат шәлісін жамылып жүруге тыйым салынды

Италияның Удин қаласындағы колледжде студенттерге шариғат шәлісін жамылып жүруге тыйым салынды. Бұл жайында The Local ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш білім беру мекемесінің директоры Алдо Дури (Aldo Duri) осы колледж қабырғасында шариғат шәлісін жамылған студенттерге жиі шабуыл жасалған соң амалсыздың күнінен осындай қадамға баруға тура келгенін жеткізді. Тіпті, мысырлық бір студенттің басына орамал тартқаны үшін өзімен бірге оқитын студенттен таяқ жеп, ауруханадан бір-ақ шыққанын да жасырмады. Олардың қауіпсіздігін ойлағандықтан әлгіндей тыйым салуға тура келген. Италияда ниқабпен және мотоцикл шлемімен қоғамдық орындарда жүзін жасырып жүруге 1975 жылы тыйым салынған болатын.

 

Ислам банкингінің даму келешегі талқыланды

Өткен аптада Ыстабұл шаһарында «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдердің (G20) орталық банктерінің басшылары мен қааржы министерлері бас қосып, ислами қаржы индустриясын дамыту жайын талқылады. Айта кету керек, Халықаралық валюта қоры үстіміздегі жылы әлем жұртшылығын ислами қаржы нарығының артықшылықтарымен таныстыру мақсатында 3 семинар өткізетінін жария етті. Естеріңізге сала кетсек, Түркияда алғашқы ислам банкі 1980 жылы аашылған болатын. Жыл сайын әдеттегі банкке қарағанда табысы 18%-ға артып отырған.

0 пікір
Мұрағат