ӘЛЕМНІҢ ӘР ТҮКПІРІНЕН (ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
ӘЛЕМНІҢ ӘР ТҮКПІРІНЕН (ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
2 жыл бұрын 926

Карен Шахназаровтың ұсынысы

Ресей Федерациясының халық әртісі, «Мосфильм» концернінің бас директоры Карен Шахназаров демалыс күндерін мұсылман мерекесі күндеріне айналдыру турасында ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, елде «мән-мағынас жоқ мерекелер соншалықты көп». Егер өзінің ұсынысы қабылданатын болса, мұсылмандар ел билігінің бұл қадамын бағалар еді. Өйткені, Ресей Федерациясында мұсылман халықтардың қарасы көп. Атақты режиссердің сөзіне қарағанда, ислам мейрамдарының қайсысын таңдайтынын ресейлік мұсылмандар өздері шешуі керек. 2015 жылы мұсылмандар 15 мереке күнін актап өтеді екен. Солардың ішінде Ораза айт пен Құрбан айттың орны ерекше, қадыр-қасиеті бөлек.

 

Азан шақырылатын радио жұмыс істейді

Татарстанда “Тәртип FM” радиосында намаз уақыты кіргенде бес уақыт азан шақырылады. Бұл радионың ерекшілігі сонда: онда ислам дініне қатысты тақырыптар қозғалып, тәрбиелік мәні зор хабарлар мен бағдарламалар беріледі. Нақтырақ айтқанда, Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өсиеттері (хадистер), уағыздар айтылады, салауатты өмір салты насихатталады. Аталмыш радио татар тілінде тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді.

 

Ғаламтордағы қарақшылықты ұрлыққа теңеген пәтуа шықты

Түркияның дін істері жөніндегі басқармасы технология жетілген сайын мүліктік құқықтың жиі бұзылатынына алаңдаушылық білдіре келе арнайы пәтуа шығарды. Бұл жайында Hurriyet Daily News ақпарат көзі хабар таратты.  «Қарақшылық жолмен бағдарламалық қамтамасыз етуді жүктеп алу секілді мұндай әділдетсіздік жеке тұлғаның құқығына қол сұғушылық қана емес, сонымен қатар, осы секторда жұмыс істеп жүргендердің жаңа өнімдерді жасауға деген ынтасы мен ықыласын жояды» деп айтылған аталмыш пәтуада. Айта кетейік, ислам дінінде авторлық құқық материалдық мүлікке қатысты құқықпен бірдей мәнге ие. Мұндай пәтуаны бұрын солтүстік Американың ғұламасы әрі шейхы да шығарған болатын. Ол пәтуасында ғаламтордағы қарақшылықты ұрлықпен бірдей күнә саған болатын.

 

Әдебиет жылында мұсылман ойшылдарының еңбегі ескеріле ме?

Биыл, яғни, 2015 жыл Ресей Федерациясында «Әдебиет жылы» деп жарияланды. Тарқатып айтқанда, үстіміздегі жылдың қаңтар айының 28-і күні Антон Павлович Чехов атындағы Мәскеу мемлекеттік театрда осыған байланысты ел президенті Владимир Путиннің өзі арнайы келіп қатысқан салтанатты жиын өтті. «Әдебиет жылында» Ресей Федерациясының барлық түкпірінде жүзден аса маңызды іс-шаралар өтетіні жоспарланып отыр. Олардың ішінде жазушылардың халықаралық форумы, көрмелер, кітап жәрмеңкесі, түрлі фестивалдер ұйымдастырылып, деректі әрі көркем фильмдер жұртшылықтың назарына ұсынылады. Осы мақсатта федералды бюджеттен 300 млн рубль сомасында қаржы бөлінді. Мемлекеттік Думаның спикері мәлімдегендей, бұл жоба «әдебиетшілерді қолдау әрі орыс тілін насихаттау» мақсатында қолға алынып отыр. Алайда, аталмыш жобада классикалық ислам әдебиетіне орын қарастырылмаған. Ол ол ма, саңлақ сахаба Әбу-Бәкір туралы жазылған кітап пен Бұхаридің сахих хадистерін, т.б. көрнекті мұсылман ойшылдарының еңбектерін қара тізімге енгізіп, соттың шешімімен оқуға тыйым салып тастаған болатын. Мұндай солақай шешім ислам дінінен мүлде хабары жоқ сарапшылардың таяз тұжырымы негізінде шығарылғанын қаперге де алған емес.

 

Еуродақ Израилден заңсыз құрылысты тоқтатуды тағы талап етті 

Жуырда Израил билігі өздері жаулап алған Иордан өзенінің батыс жағалауында еврей келімсектеріне арналған жаңа қоныста тұрғызылатын заңсыз үйлердің, нақтырақ айтқанда, Элькан-Цафон, Ишув-Адам, Кирьят-Арба, Алфей-Менаше елді-мекендерінде 450 үйдің құрылысына тендер жариялаған болатын. Осыған байланысты Еуродақтың сыртқы сітер жөніндегі жоғары өкілдігі Израил билігінен басқыншылық саясатты тоқтатуды талап етті. ЕО өкілдері Израил билігінің бұл қадамының арасы әбден ашылып кеткен екі ел арасындағы жанжалды одан ары ушықтыратынын алға тартып отыр. 

0 пікір
Мұрағат