Әлемде күн сайын жеті мыңға жуық нәресте қайтыс болады – ЮНИСЕФ
Әлемде күн сайын жеті мыңға жуық нәресте қайтыс болады – ЮНИСЕФ
7 жыл бұрын 3279

Өлім-жітімнің негізгі себебі – пневмония мен диарея, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап. 

2016 жылы күн сайын бес жасқа дейінгі 15 мың бала қайтыс болды. Олардың 46 пайызы, яғни жеті мыңы – жаңа туған сәбилер. Бұл туралы ЮНИСЕФ, ДДСҰ, Бүкіләлемдік банк және БҰҰ-ның әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі департаменті бірлесіп дайындаған баяндамада айтылған.

Соңғы жеті жыл ішінде балалар өлім-жітімінің жаһандық көрсеткіші жалпы алғанда төмендеді. 2000 жылы бес жасқа дейінгі 9,9 млн нәресте көз жұмса, ал 2016 жылы – 5,6 млн.

«2000 жылдан бері бес жасқа дейінгі 50 млн баланың өмірін құтқарып қалдық. Бұл үкіметтер мен олардың серіктестері бала өлімін азайтуға барынша күш салып отырғанын көрсетеді», - деді ЮНИСЕФ өкілі Стефан Петерсон.

Алайда, оның айтуынша, пневмония мен диареядан болатын өлім-жітім көрсеткіші әлі де төмендемей отыр. Бес жасқа дейінгі сәбилердің дені осы екі аурудан (пневмониядан – 16 пайызы, диареядан – 8 пайызы) қайтыс болады екен.

Егер қазіргі тенденция сақталса, онда 2017 мен 2030 жылдар аралығында бес жасқа дейінгі 60 млн бала көз жұмады, дейді Петерсон.

Бала өлімінің ең жоғары деңгейі Оңтүстік Азия мен Африкада байқалып отыр.

Баяндама авторларының пікірінше, нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі кедейлік пен теңсіздікте жатыр.

0 пікір
Мұрағат