Әлем жаңалықтары: Мобилді асхана бизнесі
Әлем жаңалықтары: Мобилді асхана бизнесі
2 жыл бұрын 859

Сауд Арабиясының Маһмұд әл-Мұса есімді 25 жастағы тұрғыны мобилді асхана бизнесімен шұғылданады. Ол күніне 12 сағат жұмыс істейді. Табысы да артып келеді. Ол Эр-Рияд қаласының көшелерінде жұртшылыққа ыстық сусын сатып, қызмет көрсетеді. Әуел баста бұл шағын асхананы бизнес жүргізу үшін емес, достарымен бірге пайдалану үшін сатып алғандығын жеткізді. Артынан достары оған бизнеспен айнаалысуға кеңес берген. Ол дөңгелекпен жүретін асханасын автокөлікке тіркеп алып, жұрт көп жиналған жерге лезде жетіп барады. Оның табысының еселеп артуының сыры да осында. Әсіресе, футбол матчы өткен кезде қыруар табыс табатынын жасырмады. Ол кейде ақшасы болмай қалғандарға тегін қызмет көрсететінін да жасырмады.

 

Малайзия мұсылмандары бағаны төмендету үшін күреседі

Малайзияның тұтынушы мұсылмандар қауымдастығы ел тұрғындарын бағасы тым жоғары сауда орындарына бас сұқпауға шақырды. Аталмыш қауымдастық жетекшісі Назым Жоан қымбатшылықпен осылай күресетіндерін жеткізді. «Егер сіз дәрігерге қаралғыңыз келсе, онда бағасын түсіруге келісімін бергендерге барыңыз. Егер сіз қандай да бір тауар сатып алғыңыз келсе, онда бағасын түсіргенге барыңыз»,- деп мәлімдеді ол үкіметтік емес ұйым мүшелері мен аса ірі сауда орындарының өкілдері қатысқан баспасөз мәслихатында. Mydin гипермаркеттер желісінің атқарушы директоры Әмір Әлі Мидиннің айтуынша, бағаның өсуіне ең алдымен тауар өндірушілер мен оны жеткізетіндер жауапты. Ол өздерінің желісін тауармен жабдықтайтын 2500-ден аса өндірушілер барын айта келіп, тек екеуі ғана бағаны кемітуге келіскендерін алға тартты.

 

Харам мешітінің кеңейтілген жағы ашылады

Қасиетті екі мешіттің қамқоршысы, корол Салман нұрлы Мекке қаласындағы Харам мешітінің кеңейтілген жағын ашуға пәрмен берді. Осылайша жылдан жылға қарасы артып, қатары өсе түскен қажылардың діни парызын ойдағыдай өтеуіне жағдай жасады. Айта кетерлігі, мұсылмандардың аталмыш құлшылық үйінен кемінде 500 000 адамға шақталған қосымша орын ашуға байланысты кеңейту жұмыстары аяқталған болатын. Сондай-ақ, мәртебелі корол Мекке және Мәдина шаһарларындағы мешіттерде айтылатын жұма уағыздарын ағылшын, француз, урду және малай тілдерімен қоса тағы екі тілде, атап айтқанда, түрік және хауса тілдерінде жүргізуге пәрмен берді.

 

Манга жапондарды Құранмен таныстырады

Күншығыс елінде қасиетті Құранмен жапондарды манго (дәстүрлі жапон комиксі) таныстыратын болады. Жапониядағы East Press баспасының өкілі аталмыш жоба жайында ойымен бөліскен болатын: «Құран мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігінде және рухани өмірінде көрініс тапқан. Өкінішке қарай, өмірдің барлық аспектісін қамтитын мұндай дін өз деңгейінде қабылдана бермейді. Оның үстіне, біздер, жапондар елде мұсылмандар қарасы айтарлықтай көп болса да ислаам дінімен жете таныс емеспіз». «Manga de Dokuha: Koran» («Манганың көмегімен оқу: Құран») деп аталатын өзгеше жобаны жүзеге асыратын «Банмикасу» аудармашылар тобы құрылады.

 

Қаскөй өлтірген мұсылмандар атындағы қор ашылды

Естерізде болса, жуырда АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында өрімдей мұсылман жастарын (21 жастағы Юсур, 18 жастағы Разан, 23 жастағы Диа Берекет) Крейг Хикс есімді қаскөйдің өлтіріп кеткендігі турасындағы қаралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген болатын. Осыған байланысты аталмыш штат билігі исламофобтар қолынан қаза тапқан студент мұсылмандар атындағы шәкіртақы қорын ашты. Осылайша қыршынынан қиылған мұсылман жастарының құрметі үшін осынау игілікті бастаманы қолға алып, толлерантылыққа көлеңкесін түсіріп кеткен қайғылы оқиғаны жуып-шайғандай болды. Шәкіртақы қорының алғашқы жарнасы 60 мың долларды құрады. Алдағы уақытта қор қаржысы садақа есебінен толықтыралатын болады.

 

Суретші авторлық құқығын даулады

Танымал саудиялық суретші, өнер қайраткері Ахмет Матир өзінің рұқсатынсыз туындысын жарнамасында пайдаланған әлемге әйгілі элиталық Omega сағатын жасайтын швейцариялықтарды сотқа берді. Нақтырақ айтқанда, аталмыш брендті сағат жарнамасында суретшінің 2012 жылы салған, қасиетті Қағба бейнеленген «Магнетизм»-нің көп бөлігін коммерциялық мақсатта көшіріп алған. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты.

 

Түркия Сирияда әскери операцияны қандай мақсатпен жүргізді?

Түркия Осман империясының «іргетасын» қалаған Осман І-дің атасы Сүлеймен Шаһтың кесенесін күзететін өз сарбаздарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сирия аумағында кең ауқымда әскери операция жүргізді. Тарихи кесене аумағы 1921 жылы бекітілген келісім-шартқа сәйкес түрік жері болып мойындалған. Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлының айтуынша, Сүлеймен Шаһтың сүйегін түрік әскері бақылауда ұстайтын Шамның өзге аумағына көшірілуі мүмкін. Бұл жайында Reuters ақпарат ресурсы хабар таратты. Әскери операция ақталып, түрік сарбаздары еліне қайтты. Алайда, осы операция барысында түріктердің бір сарбазы қазап тапты.

 

«Христиандар батысқа қарағанда Иранда өздерін қауіпсіз сезінеді»

Иранның жоғарғы рухани көсемі, аятолла кейінгі кезде батыс елдеріне қарата жиі мәлемдеме жасап жүр. Сондай мәлімдемелердің бірінде ол Ирандағы христиандардың батыс елдеріне қарағанда өздерін әлдеқайда қауіпсіз сезінетінін тілге тиек етіпті. Ол бұл мәлімдемесін осы елдегі діни азшылықты құрайтындардың өкілдерімен кездесу кезінде жасаған. Бұл жайында SalamNews сайты Fars ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Сонда аятолла бұл жолы нақты не айтты? «Батыста шариғат шәлісін жамылған әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетіліп келеді. Ал оларды қорлағандар жазаланбай тайраңдап жүр. Мұны Ирандағы христиандардың жағдайымен салыстырып көріңдер. Әлі күнге дейін біздің елде бірде-бір мұсылман христиан дініне тіл тигізген емес және христианға шабуыл жасаған емес. Тіпті, дінін қызғыштай қоритындардың өзі мұндай қадамға бармайды»,- деді ол.

 

Тура жолға түскен 30 000 адамға арналған мерекелік шара өтеді

Muslim.kz сайтының хабарлауынша Сауд Арабиясы Ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған 30 000 адамның құрметіне орай мерекелік шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұлардың ішінде король Абдалла жаназасынан кейін бірден иман келтіріп, мұсылман атанған мың жарым қытай азаматы да бар. Шетелдік ұйымдармен жұмыс, насихат және ынтымақтастық ұйымының жетекшісі доктор Сүлеймен ибн Абдалланың айтуынша, өзге дін өкілдерінің мұсылмандықты қабылдауы ұйымының басты жұмыс көрсеткіші болып табылады. Мерекелік шараға шақырылғандардың қарасы 30 000 адамды құрап отыр. Ұйым басшылары мерекелік іс-шара өткізуді жыл басынан бері жоспарлап келе жатқанымен, барлығының басын қосып, дастархан басына жиюдың сәті енді түскенін айтып отыр. Айта кетейік, тура жолға түскен 30 000 жанның 17,08 мыңы әйелдер болса, ерлер саны 13-ға жетер-жетпес.

 

Мьянма мұсылмандарының 80 жыл бойы көрсеткен мейірімділігі

Мьянма мемлекетінің Янгоне қаласында 1937 жылы ашылған Тегін мұсылмандар ауруханасы (Muslim Free Hospital) бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме қызметіне қол жеткізе алмаған қаншама жанға көмек қолын ұсынып, мыңдаған жанның алғысына бөленген аурухана келген науқастарды дініне немесе ұлтына, нәсіліне бөліп, алалаған емес. Аурухана жергілікті мұсылман кәсіпкерлерінің қайырыдылығы арқасында жұмыс істеп келеді. Осылайша, 80 жыл бойы Мьянма мұсылмандары жағдайы нашар жандарға медициналық көмек көрсетіп, сырқаттарынан сауығуына себепкер болып келеді. Бір қызығы, мұсылман жамағаты Мьянма тұрғындарының бар болғаны төрт-ақ пайызын құрайтын көрінеді. Медицина орталығындағы дәрігерлер құрамы да әртүрлі. Бұл жерден мұсылмандармен қатар, христиан, будда дінін ұстанушылар да қызмет атқарады. 80 жыл бойы халықты тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіп келген дәрігерлерлік құрамның жалпы саны –45 адам. Аурухана күніне 450 жанды қабылдайды. Қазіргі уақытта хирургиялық, терапевттік, көз және акушерлік бөлімшелер жұмыс істейді. Орта есеппен ауруханада жылына 6000-нан астам жан ем қабылдаса, ай сайын дүние есігін ашатын сәбилердің саны 220-ны құрап отыр.

 

БАЛҒЫНДАРҒА АНА ТІЛІН ЕРТЕ БАСТАН ҮЙРЕТУДЕ

E-islam.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Эр-Риядтағы Нор ханзада атындағы Университеттің басшысы елдегі араб тілінің маңыздылығын көтеру мақсатында балаларға ерте бастан ана тілін үйрету керектігін мәлімдеді.

Университет деканы Худа бинт Мұхаммед әл-Амиль араб тілін, сондай-ақ, Исламның негізі, Құранның тілі және Сауд елінің мәдени мұрасы деп атап өтті.

Әл-Амиль «Араб тілі форумы және балалар: мәселелер мен тәжірибелер» конференциясына қатысып, университеттегі қазіргі лингвистика зерттеулері жайында баяндама жасады. Араб тілінің ислам әлеміндегі маңыздылығына тоқталған ғалым қазіргі заманауи ғылым мен техника жарыса дамыған заманда өзге тілдермен түскен бәсекеде араб тілінің кейін қалмауы керектігін жеткізді. «Араб тілін білу әрбір ел азаматының міндеті. Себебі, бұл қасиетті Құран Кәрімнің тілі және ғылымдардың қайнар көзі. Бүгінде осы тарихи негізіне сай араб тілі әлемде жоғары құрметке ие болып отыр» деді әл-Амиль.

0 пікір