Әлем жаңалықтары: «Даму мен бейбітшілік үшін халықаралық спорт күні»
Әлем жаңалықтары: «Даму мен бейбітшілік үшін халықаралық спорт күні»
9 жыл бұрын 9146

2013 жылдың тамыз айының 23-і күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сәуір айының 6-сы күнін халықаралық спорт күні ретінде атап өту турасында бірауыздан шешім қабылдаған болатын. Бұл атаулы күннің ресми атауы – «Даму мен бейбітшілік үшін халықаралық спорт күні». Бейбітшілік пен дамудың құралы ретінде ынтымақтастықты арттырып, төзімділікті, түсіністікті, сондай-ақ, ұлттық және халықаралық деңгейлерде ықпалдастықты күшейтеді. Кеше әлем бойынша аталып өткен спорт күнінде миллиондаған адам спорттық шараларға, түрлі жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауды әдетке айналдырған болатын.

 

Анасы ауру мұсылман әйелін жұмыртқамен атқылады

34 жастағы Әсма Фаһми есімді Сидней қаласының тұрғыны күн демалыс болғасын әрі ауру анасын серуендетіп қайту үшін «Аласталғандар» фильміне бармай ма, жолда оларға христиан жамағаты пасхалды жұмыртқа лақтырып, әбігерге салған екен. Сенбі күні мұндайды күтпеген ол: «Шынына келгенде олар бізге граната лақтырғандай болды»,- деді Daily Mail Australia ақпарат көзінің тілшісіне берген сұхбатында. Нақтырақ айтқанда, британ акцентімен сөйлейтін еуропалық үш жігіт жұмыртқамен атқылаған. Мұнымен ғана шектелмеген олардың біреуі нәсілдік кемсітушіліке толы сөздерімен балағаттаған. Беті жансызданып қалған әрі өзге де сырқатқа шалдыққан анасы үйге жеткенше көз жасына ие бола алмаған. «Сиднейдің қақ ортасында тапа тал түсте нағыз соғыс болғандай болды»,- деді ашынған Әсма.

 

Исламофобиялық қылмыс та антисемитизмге теңестірілді

Британияда исламофобиялық қылмыс антисемитизмге (еврейлерге қарсы саясат – ред.) теңестірілді. Яғни, ендігі жерде исламофобиялық қылмысқа барғандар, дәлірегі, исламға және мұсылмандарға жала жауып, тіл тигізгендер немесе басқалай жолмен жәбір көрсеткендер жауапкершілікке тартылады. Бұл жайында Daily Mail ақпарат көзі хабар таратты. «Біз полициядан мұсылмандарға қарсы қылмысты антисемиттік қылмыс секілді тіркеуді талап ететін боламыз»,- деп мәлімдеді ішкі істер министрі Тереза Мэй. Осыған байланысты полиция исламофобиялық шабуылды өз алдына бөлек санатқа жатқызатын болады. Британия билігінің бұл қадамы осы елдегі мұсылман жамағаты тарапынан қолдау тауып отыр. «Мұны алға басудың оң қадамы ретінде бағалаймын»,- деді Британия билігінің осы қадамына байланысты өз пікірін білдірген қоғамдағы исламофобиялық әрекеттерді қадағалайтын TellMama ұйымының өкілі Мұхаммед Амин. Ал Бриатниядағы мұсылмандар кеңесінің бұрынғы хатшысы Икбал Сакранидің айтуынша, бұдан былай мұсылмандар да иудейлермен бірдей құқыққа ие болмақ. Құқық қорғауушылардың есебіне қарағанда, соңғы екі жылдың ішінде, дәлірегі, 2013-2014 жылдар аралығында Британияда толеранттылыққа көлеңке түсіретін 44,5 мыңға жуық қылмыс жасалған екен. Соның ішінде, діни себеп бойынша жасалғаны 37 мыңнан асады екен.

 

Ұлыбританияда жұмыссыздарға арналған дүкен ашылды

Лондонда тауарлар үлкен жеңілдікпен сатылатын алғашқы қоғамдық әмбебап дүкен ашылды. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі 24.kz телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Бұл жобаның басты мақсаты – кәдімгі дүкендерден тағам мен қажетті заттарды сатып алуға мүмкіндігі жоқ жандарға көмек көрсету.
Мэвис Голборн 4 айдан бері жұмыссыз отыр. Мемлекеттің жәрдемақысына телміріп отырған азаматшаның қаржысы тіпті тамақ алуға жетпейді екен. Мэвис баға шарықтап, жәрдемақы төмендеп жатқанда 70 пайыздық жеңілдік үлкен көмек деп отыр.
“Кейде себетке салып алған тауарларды қайтарып беруге тура келеді. Әрине ондай кезде қатты қысылатынмын. Бүгін 10 фунт төледім. Әдетте үш есе қымбат тұрады”, -дейді Community Shop тұтынушысы Мэвис Голборн.
Мэвис – жақында Лондонның оңтүстігінде ашылған Community Shop-қа мүше 750 адамның бірі. Бұл дүкенге жұмыссыздар ғана тұтынушы бола алады. Сауда орталығы ел аумағындағы осындай екінші дүкен болып отыр. Бұған дейін былтыр желтоқсан айында Йоркширде дәл осындай орын ашылған болатын. Мамандардың айтуынша, жыл сайын елде 3,5 миллион тонна тағам жойылады екен. Жарамды тауарлар жануарларға азық ретінде, биоэнергия мен жер тыңайтуға қолданылады.
Ұйымдастырушылар тағы дәл осындай 20 дүкен ашуды жоспарлап отыр. Олар ел аумағындағы 50 мың адамды тауармен қамтамасыз ете алады. Лондон мэрінің айтуынша, бұл әлеуметтік жоба қайырымдылық ұйымдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынастың керемет үлгісі болмақ. Саудагерлер қосымша пайда тапса, халықтың қолжетімді тауар алуға мүкіндігі туады. Дегенмен бұл жәрдемнің өзі аздық етеді. Себебі статистика бойынша, Британияда екі миллионнан астам адам кедей тұрады.

 

Қытайда 17 жастағы қызды құтқарамын деп бір отбасы түгел суға кетті

Бұл жайында Baq.kz ақпарат көзі Associated Press агенттігіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында жеті адамнан тұратын бір отбасы түгел суға кетіп қайтыс болды. Олар 17 жастағы отбасы мүшесін құтқармақ болған.
Қытайлықтар бұл күні "Цинмин" - қайтыс болғандарды еске алу күнін атап өткен болатын. Молаға барып, туған-туыстарының зираттарын тазартқан отбасы мүшелері қайтар жолда өзенге барып, қолдарын жуып алмақ болыпты. Сол сәтте ағыны қатты суға 17 жастағы бойжеткен түсіп кеткен. Оны құтқармақ болып әке-шешесі, бауырлары өзенге қойып кеткен көрінеді. Олардыңс бірде-бірі аман қалған жоқ. Қайтыс болғандар қатарында қыздың ата-анасымен бірге 13 және 15 жастағы інілері де бар.

0 пікір
Мұрағат