Адамзат өзіне көр қазып жатыр
Адамзат өзіне көр қазып жатыр
2 ай бұрын 1392 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бұлай деуімізге, осыдан екі жыл бұрын BioScience мерзімді басылымында 15 мыңнан аса ғалымның әлемдегі биолоигиялық әр алуандылықтың құрап бара жатқаны әрі экологиялық жүйенің апат алдында тұрғаны турасында дабыл қағып, мақала жазғаны түрткі болды. Олардың келтірген дерегі төбе шашыңды тік тұрғызады: ширек ғасыр ішінде сүт қоректілердің, бауырымен жорғаушылардың, қос құрлықта қатар тіршілік етуге қабілетті жануарлардың, балықтар мен құстардың үштен бірі опат болған. Ал 2018 жылдың соңында Бүкіл әлемдік жабайы табиғатты қорғау қорының қолдауымен жарық көрген «Тірі планета» баяндамасында омыртқалылар популяциясы 60%-ға кеміп кеткені айтылған. Түрлердің, экожүйенің және генетикалық әр алуандылықтың жойылуы әлемдік ауқымда адамзаттың тұрмысына қауіп төндіре бастады. Ауіыл шаруашылық өсімдіктерінің 75%-дан астамы тозаңдануға тәуелді. Төрт млрд-тан аса адам табиғи шөптерден жасалған дәрі-дәрмекпен емделеді. Екі млрд-тан аса адам ас әзірлеу үшін әрі жылу алу үшін ағашқа мұқтаж. Бұдан бөлек, бұл аралықта әлемдегі орман-тоғай аумағы 12 млн шақырымға тарылған немесе 20%-дан аса көлемі жойылған. Ал Global Forest Watch есібіне сенсек, өткен жылы адамзаттың кесірінен тропикалық орман-тоғайдың Англия аумағындай көлемі жойылған. Әлем бойынша орман-тоғайдың жойылуы жылдан жылға қарқын алып келеді. 2018 жылы әр минут сайын орташа есеппен алғанда 30 футбол алаңындай орман-тоғай жойылып отырған – 120 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл жойылған орман-тоғайдың үштен бірін, яғни, 36 мың шаршы шақырымын ит тұмсығы батпайтын нулы орман құраған. Тропикалық орман-тоғайдың жойылуына мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы себеп болуда. Жайылым үшін, егістік алқабы үшін орман-тоғай оталуда. Бұл арада Азия мен Африка құрлығындағы пальма майы өндірісі мен Оңтүстік Америкадағы соя бобы мен биоотын өсімдігін өсіру орман-тоғайдың аумағын тарылтып келеді. Какао өсірушілер де орман-тоғайдың жойылуына атсалысып жатыр. 2018 жылы оталған орман-тоғайдың төттен бірі Бразилияда жойылған. Өткен жылы әлем бойынша оталған орман-тоғайдың Конго мен Индонезиядағы үлесі - 10%. Мадагаскарда өткен жылы әлем бойынша оталған тропикалық орман-тоғайдың 2%-ы жойылған.

Тағы бір айта кететін жайт: әлем бойынша экожүйені, биологиялық әр алуандылықты, жабайы табиғатты сақтап қалуға бар-жоғы 8 млн-ға тарта еуро ғана бөлінеді екен. Жылына. Бұл мардымсыз көрсеткіш. Сарапшылардың есебінше, бұл мақсат жылына 300 млрд еуроға дейін қаражатты қажет етеді.

0 пікір
Мұрағат