2050 жылдан кейін адамзат қарасы кеми бастайды. Қазақстан халқының саны 2100 жылы қаншаға жетеді
2050 жылдан кейін адамзат қарасы кеми бастайды. Қазақстан халқының саны 2100 жылы қаншаға жетеді
4 жыл бұрын 4104 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Lancet мерзімді басылымында жарияланған мақалада келтірілген дерекке сенсек, 2050 жылдан кейін адамзаттың қарасы кеми бастайды. Бұл тараптағы демографиялық талдауға әлемнің 195 елі тартылып, өлім-жітім, туу көрсеткіші және көші-қон секілді факторлар басты назарға алынған. 2100 жылы адамзаттың қарасы 8,8 млрд адамды құрайды. Осы ғасырдың соңына таман 195 елдің 183-і халық санының деңгейін ұстап тұратын межеден төмен түседі. Халық санын бір деңгейде ұстап тұрудың коэффициенті – бір әйелге 2,1 баладан айналуы тиіс.

20-да аса елде (соның ішінде, қартаю процесі қарқын алған Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Испания, Тайланды, Португалия, Польша, т.б.) халқының саны жартысына дейін кемитін болады. Ал халқы көл-көсір Қытай тұрғындарының саны 80 жылдан соң бүгінгі деңгейден – 1,4 млрд адамнан 730 млн адам қалады. Ресейде бұл көрсеткіш 100 млн-нан төмен түседі. Африка тұрғындарының қарасы Сахара шөлінен оңтүстікке қарай бүгінгі деңгейіне шаққанда үш есе көбейіп, шамамен 3 млрд адамды құрайды. Тек Нигерияның өзінде 2100 жылы халық саны 800 млн адамға жетеді. Кристофер Мюррей есімді Вашингтон университетінің ғалымы бұл демографиялық тенденцияны қоршаған орта үшін жақсы жаңалыққа  балап отыр. Адамзаттың көбеюіне байланысты орын алған атмосферадаға ластану деңгейі төмендейді. Алайда, Африка құрылығынан тыс жерлерде жұмысшы күші тапшылығынан экономикалық дағдарыс орын алатынын алға тартып отыр. Бұған жол бермес үшін табысы жоғары елдер экономикалық өсімді иммиграциялық әрі әлеуметтік саясаттың есебінен шешуге тырысады. Бұл демографиялық өзгеріс тек экономикаға ғана кері әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар, репродуктивті денсаулық саласына ауыр соққы беруі мүмкін: мұндай жағдайда ұрпақ өрбітуі тиіс деп есептелетін әйелдер құқығы мен бостандығы шектелуі ықтимал. Бұдан бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету саласы мен денсаулық сақтау жүйесіне де ауыр салмақ түседі: әлемде қарттар қарасы артып, оларды күтімі күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналмақ. Туу көрсеткіші кеміп, өмір сүру ұзақтығы артады: күллі әлем бойынша бес жасқа дейінгі балалар қарасы 40%-ға азаяды – 2017 жылы бес жасқа дейінгі балалар саны 681 млн болса, 2100 жылы бұл көрсеткіш 401 млн-ды құрамақ. Ал бүгінгі таңда 140 млн адамды құрайтын 80 жастан асқандар қарасы аталған мерзімде шамамен 866 млн-ға дейін артпақ. Еңбекке жарамды жастағылар санының азаюы өз кезегінде әр елдің табысына кері әсерін тигізбек: мәселен, Қытайдың жалпы ішкі өнімі 2050 жылы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінен асып түседі, алайда, 2100 жылы қайта екінші орынға түседі. Ал Үндістан бұл көрсеткіш бойынша үшінші орынға табан тірейді, Жапония, Германия, Франция және Ұлыбритания әлемдегі экономикасы дамыған он елдің қатарынан табылады. Бразилия аталмыш рейтингте 8-ші орыннан 13-ші орынға түсіп, Ресей 10-шы орыннан 14-ші орынға сырғиды. Индонезия 12-ші орыннан көрінеді. Ал бүгінгі таңда 28-ші орынды місе тұтқан Нигерия юолжам бойынша оныншы орынға көтеріледі. Бұл мәліметтердің көбісін Біріккен Ұлттар Ұйымы келтіріп отыр. 

Қазақстан халқының саны 2100 жылы қаншаға жетеді

Халықаралық ғалымдар тобы әлем тұрғындарының санына қатысты демографиялық болжам жасады. Олардың келтірген дерегіне қарағанда, еліміздегі азаматтар қарасы 2100 жылы шамамен 30 млн адамнан асатын болады. Бұл жайында The Lancet ақпарат көзі мәлім етті. Ал төсекте басы, төскейде малы қосылған, Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындардың қарасы бүгінде 6,37 млн адамнан аталған мерзімде 12,45 млн-ға дейін көбейеді. Бүгінде халқының саны 32,24 млн-ға жеткен ала тақиялы өзбектерде бұл көрсеткіш 2100 жылы шамамен 44,18 млн адамды құрамақ. Ресейдегі тұрғындар қарасы бүгінде 146 млн адамнан аталған мерзімде 106 млн адамға дейін азаяды. Украинаның бүгінде 44,6 млн адамнынан 17,5 млн дейін кемиді. Беларустердің қарасы бүгінде 9,4 млн-нан 5,5 млн адамға дейін азаяды. Жалпы алғанда адамзаттың қарасы 2064 жылы өзінің шарықтау шегіне (9,7 млрд) жетеді де 2100 жылға қарай 8,8 млрд адамға дейін азаяды.

0 пікір
Мұрағат