2025 жылға қарай тұтас бір ел толық жасыл энергияға көшпек
2025 жылға қарай тұтас бір ел толық жасыл энергияға көшпек
6 жыл бұрын 3299 Алтынай Қуанышбек

2025 жылға қарай Ұлыбритания көмір арқылы алынатын электр энергиясынан толығымен бас тартпақ. Бірақ, артта қалған ірі-ірі зауыттардың жайы не болмақ? BBC Future басылымының авторы Крис Баранюк осы тақырыпты зерттеп көріпті. Baq.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға автор мақаласының ықшамдалған мазмұнын ұсынады. 

Ұлыбританиядағы электр энергиясын алу үшін көмір жағатын зауыттардың бірі орналасқан өңірге барғанда, оның орнында күн энергиясымен жұмыс істейтін үш фирманың тұрғанын көруге болады. Сонымен қатар, тағы бір зауыттың да жұмысы қыркүйек айының соңына дейін тоқтайды.

Мен арнайы барған көмір зауыты Дракс деп аталады. Бұл Батыс Еуропадағы ең ірі электр стансасы. Оның иелері 2023 жылға қарай толығымен көмірден бас тартпақ. Оның орнына зауыт жұмысында табиғи газ бен биомассалар ғана қолданылатын болады деп күтілуде.

Еуроодақта ауаның ластануын қысқартуға байланысты алдағы он жылға арналған арнайы міндеттер бекітілген. Оның ішінде, көптеген мемлекеттер көмір электр стансаларынан біртіндеп бас тартатындарын айтқан еді. Ал Ұлыбритания үкіметі 2025 жылға қарай көмір арқылы электр энергиясын алудан толығымен бас тартатынын жариялады.

Мұндай жағдайды әлемнің басқа да елдерінен кездестіруге болады. Мысалы, АҚШ пен басқа да мемлекеттер көмірден бас тартып, арзан энергия көздеріне көшпек. Сонымен қатар, экологиялық ережелер де нарықтағы бұл жанармай түріне деген сұранысты азайтып отыр. Бірақ, бұл ретте туындайтын басты сұрақ – ескі электр стансаларын не істейміз?

Өткен ғасырда бұл объектілер әлемдік электр нарығында жоғары бағаланғаны белгілі. Мысалы, Дракс зауытында түтін шығаратын трубаның биіктігінің өзі 259 метр. Ал зауыттың артында көп көмір үйіліп жатқанын байқауға болады. Бірақ, қызметкерлердің айтуынша, көмірдің көлемі бұрынғыдан анағұрлым азайған.

Көмір бұл жерден электр стансаларына апарылып, сол жерде жоғары температурада жағылады. Пеш суды ысытып, оны буға айналдыырады да, күрделі жүйелі трубалар арқылы турбиналарды айналдырады. Бұл электр энергиясын алудың ең қарапайым бірақ лас түрі.

Энергия саласындағы өзгерістер

Ұлыбританияда көмірдің санаулы ғана өмірі қалды. Сәуір айында Ұлыбритания үш күн бойы көмір энергетикасынсыз өмір сүрді. Ал 2018 жылдың басынан бастап жалпы алғанда мың сағат бойы көмір энергиясын пайдаланбады. Бұл былтырғы көрсеткіштен анағұрлым көп екенін де айта кету керек.

«2012 жылы көміртекті генерация жалпы қуаттылықтың 45%-ын қамтыған болатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш өте төмен», дейді Carbon Tracker аналитика орталығының маманы Мэтью Грей.

Дегенмен, зауыт операторларының айтуынша, көмірді алмастыру оңай емес. Себебі, биомассаны пайдаланудың да өзіндік қиындықтары бар. «Көмірді биомассамен алмастыру эксперименті кезінде биомассаны көмір конвейерлеріне салу барысында түйіршіктер ыдырап, көп шаң пайда болды. Сонымен қатар, биомасса қажетсіз қоспалармен араласпас үшін үнемі құрғақ болып тұруы керек. Сондай-ақ, биомасса ақырын тотығатындықтан, отта жарылып кетуі мүмкін. Сол себепті, температура артқан сайын оны үнемі тексеріп отыру керек болады», дейді бас атқарушы директор Энди Косс. Оның айтуынша, Дракс зауыты жаңа биомассаның жеңіл өңделуі үшін 777 миллион еуродан астам қаржы жұмсаған. Сонымен қатар, электр стансасы әрқайсысы елу метр болатын биомассаларды сақтауға арналған төрт орынға да инвестиция салған.

Дегенмен, АҚШ-тағы тәжірибеге сүйенетін болсақ, ол жақта кішігірім көмір кәсіпорындары биомассадан да арзан отырға, яғни, газға көшіп кеткен. Ал Дракс болса, электр энергиясын сақтап тұру үшін сол жерде үлкен батареялар орналастыруды көздеп отыр.

Жалпы, әлем бойынша мұндай жобалар өте көп. Мысалы, канадалық Hydrostor фирмасы ескі көмір өңдеу орындарын пневматикалық батареяларға алмастырған. Ол жерлерде электр қуаты қажет болғанда жиналып тұрған ауа босатылады да, зауыт турбиналары іске қосылады.

Көмір жағатын бұрынғы объектілерді басқа мақсаттарда пайдалану үшін идея жеткілікті. 2016 жылы Қытай кейбір көмір кәсіпорындарын атом электр стансаларына алмастыратынын айтқан болатын. Бірақ, одан бері бұл жоспары туралы ешқандай ақпарат шықпады. Ал Даниядағы зауыт толығымен биомассаға көшетінін жариялады.

Көмір неге қауіпті?

Көмір көптеген лас заттарды бөледі. Оның ішінде көмірқышқыл газы мен парник газдар аса қауіпті. Көмірдің бір кесегінде 60 − 80% аралығында көміртек болуы мүмкін. Көмірді жаққан кезде CO2 бөлінеді. Ал оның парник газдары атмосферада жинала береді де, жылуды ұстап тұратын қабат түзеді.

Көмірді жаққанда адам денсаулығына зиянды сынап, азот оксиді мен күкірт тотығы бөлінеді. Мамандардың айтуынша, жыл сайын мұндай ластанудан мыңдаған адам көз жұмады.

Көмірден толығымен бас тарту мүмкін бе?

Әлем бойынша көмірге тәуелді жерлер аз емес. Мысалы, жүздеген көмір зауыттарынан бас тартқан Қытайдың өзінде энергетикалық қажеттіліктер үшін әлі де көмірге тәуелділік байқалады. Ал барлық атом электр стансаларын жабу туралы шешім қабылдаған Германия бүгінгі таңда энергиясының бестен бірін көмірден және ауаның ластануына одан да қатты әсер ететін лигниттен алады.

CarbonBrief сайтындағы көмір электр стансаларының интерактивті картасына зер салатын болсақ, АҚШ, Батыс Еуропада жабылып жатқан зауыттар тізімі көп болғанымен, Азияда жаңадан салынып жатқандары да баршылық екенін байқаймыз. Сонымен қатар, кейбір жерде көмірден бас тартып, қайта оған қайтып орылғандар да баршылық. 2015 жылы Австралиядағы ірі көмір зауыттарының бірі 1 миллион долларға сатылған болатын. Саясаткерлер сол уақытта зауыт он жылдың көлемінде жабылады деп болжаған еді. Бірақ, ол уақытта өңірдегі электр энергиясының бағасы артып кетті. Ал зауыт қазір 730 миллион долларға бағаланып отыр және зауыттың жаңа басшылары оны жақын арада жабу туралы жоспарлары жоқ екенін айтты.

Польшадағы ең ірі энергетикалық гигант PGE компаниясы да көмір инфрақұрылымына қаржы салып, көмір әлі ұзақ жыл сұраныста болады деп болжам жасап отыр. Дегенмен, жел және күн энериясының әсерінен энергия бағасының арзандап жатқанын да ескерген жөн.

Дегенмен, көмірден бас тарта отырып біз қаншалықты жасыл энергияға көшеміз деген заңды сұрақ туындайды. Мысалы, биомассаны алып көріңіз. Оның да бөлшектері жанған кезде көміртек бөлінетініне қарамастан, биомасса жасыл энергия қатарында аталады. Дракс есебіне назар аударсақ, онда биомасса бір электр энергиясын алуға кеткен көмір бөлетін CO2 көлемінен де көп мөлшерде көмірқышқыл газын бөлетінін көрсетті. Бірақ оған қарсы айтылатын аргумент – биомасса саласында ормандардың көптеп салынуы жіті бақыланады. Соның нәтижесінде биомассаларды қолдану 80%-ға тиімді.

Алайда, жаһандық деңгейде орман саны азайып жатқаны белгілі. Яғни, әлем бойынша ормандардың атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіру қабілеті де төмендеп жатыр.

«Бұл дұрыс емес екенімен келісемін. Дегенмен, ормандардың азаюына біздің қатысымыз жоқ», дейді Косс.

Дегенмен, кейбір экологтарды көндіру үшін бұл жеткіліксіз. Ал сарапшылардың айтуынша, қалдықтарды ондаған жылдардан кейін қысқартуға мүмкіндік беретін шаралардан гөрі бұл істі қазір жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әрі ағаш отырғызуды көптеп жүзеге асыратын іс-әрекеттерді қолға алу керек.

Дракс қалдықтарды азайту проблемасымен биобелсенді қалдықтарды сақтау технологиялары арқылы күреспек. Яғни, зауытта биомасса жағылған кезде шыққан газ СО2 газын атмосфераға жібермей тұрып жойылатын болады.

Әрине, бұл көмірден кейінгі өмірдің жақсы екенін көрсетеді. Бірақ, егер біз бұл жолды таңдайтын болсақ, нәтижеге қол жеткізу үшін белгілі бір деңгейде көп шығын кетіруге дайын болуымыз керек.

0 пікір
Мұрағат