05.04.2016 15511 Ойтамшы
Ұйқы безі

Мәдениетті, көп оқығаны көрініп тұр. Әңгімеңді тыңдай алады. Қандай да бір келіспейтін тұстары болса, оның өзін ешкімнің қытығына тигізбей биязы тілмен жеткізе біледі. Әңгімеме арқау болып отырған азамат – белгілі травматолог, медицина ғылымының докторы, профессор Ерсін Тұрсынханұлы. Ол кісімен талантты өнер иесі Нүркен Өтеуілдің үйінде танысқан едім.  

Дастархан басындағы әңгіме айналып «тілге» келді. «Басқасын білмеймін, бірақ медицина саласын жақсы меңгергісі келген маман ең әуелі ағылшын тілін жақсы білуі керек», – деп әңгімеге араласты Ерекең.  Онысы рас. Сөзінің жаны бар. Дін ғалымы болу үшін араб тілі қаншалықты қажет болса, медицина үшін де ағылшын тілін білу сондай шарт. Себебі, қазіргі таңда ғылымның тілі – ағылшын тілі. Бүгінде біздің медицина саласынан көп кері қалып қойғанымыз жасырын емес. Ал кезінде қалай еді? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Ей, Алла Тағаланың құлдары, емделіңдер! Құдай түсірген кез-келген дерттің дауасы бар. Тек кәріліктің дауасы жоқ» – деп, емі жоқ аурудың жоқ екенін білдіріп, мұсылмандарды емделуге, ем іздеуге шақырды. Сондықтан исламда дәрігерлік, емхана саласы ерте дамып, басқа адамдарға жол көрсетіп, бағыт берді. Х ғасырдың орталарында бір ғана Кордова қаласында елуден астам емхана болған. Басқаларын айтпағанда, бір ғана Ибн Синаның өзі неге тұрады? Бір көзқарас бойынша "медицина" сөзінің өзі осы Ибн Синамен тікелей байланысты екен. "Медед" араб тілінен аударғанда «көмек» дегенді білдіреді. Сонда "Медедцинаның" мағынасы «Синаның көмегі» дегенге саяды. Ибн Синаның медицина саласы бойынша жазған «Шифа» атты кітабы әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, алты ғасырдай дәрігерлердің қолдарынан түспейтін дерек көзіне айналды. Тіпті, әлі күнге дейін батыс сөздіктері Ибн Синаға «дәрігерлердің патшасы» деген түсінік беруде. Кейінгі дәрігерлік сала дамығанға дейін батыста Ибн Сина теңдессіз ұстаз деп қабылданды.

Барлық ғылымның негізін қалаған мұсылмандар екені бүгінде баршаға аян. Көп мысалдан – бір мысал. Қазірде бүкіл әлем "Алгебра" деп жүрген ілімнің атауы оны алғаш ашқан әл-Хорезмидің "әл-Жабр" деген еңбегінің атауынан алынған. "әл-Жабр" сөзіндегі "ж" әрпі "г" әрпіне ойысып, "алгебра" болған. «Жер домалақ па, төрт бұрышты ма, жоқ әлде мидай жазық па? Жер Күнді айнала ма, жоқ Күн Жерді айнала ма?» деп аражігін ажырата алмай, батыс алашапқын болып жатқан  кезде Жердің домалақ екендігін VIII ғасырда-ақ тәпсір ғалымдарымыз анық айтып кеткен болса, ХІІ ғасырда Әл-Бируни сынды ортаазиялық мұсылман ғалымдарымыз ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Ал батыс елі ХІ ғасыр емес, XVI ғасырдың орта шенінде де жердің  домалақ екендігін дәлелдемек болған Коперник, Галилео Галилей сынды ғалымдарын Інжілдің қағидаларына қайшы деген қатігездікпен шіркеудің инквизиция сотына салып, «өртейміз» деп қорқытып, пікірлерінен айнуға мәжбүр етті. Ал Италияның ғалымы Бруноны пікірінен қайтпағаны үшін аяусыз тірідей өртеп жіберді. Мен мұның бәрін батысты жамандау үшін айтып отырған жоқпын. Тек біз кім, олар қандай жағдайда болғандығын салыстыру үшін ғана желіп өттім. Айтпағым батысқа ғылым-білім бізден барды. Алайда, бүгінгі ұрпақ "кеше мұсылмандар осындай еді" деп өз-өзімізді сөзбен жұбатқаннан гөрі нақты іске көшуіміз керек.  Ол үшін ағылшын тілін меңгеру қажет болса, оны да жоғарғы деңгейде білуіміз керек. Тағысын тағы...

Қазақ даласында да дәрігерлік жоғары болмаса төмен болған жоқ. Әңгіме арасында Ерсін Тұрсынханұлы басынан өткен мынандай оқиғаны тілге тиек етті.  2004 жылдың шілде айында емханамызға Англиядан арнайы келген профессор:

- Сіздердің ата-бабаларыңызда өзіндік қалыптасқан медицина, шипагерлік болған ба, жоқ әлде, кейіннен үйрендіңіздер ме? - деп сұрақ қойды.

Осы сәтте бізде істейтін профессор орыс әйелі бірден:

- Қазақтарда медицина болған емес, кейіннен орыстардан үйренген, - деп қойып қалды. Мен орыс әйелдің сөзін аяғына дейін сабырмен тыңдап болдым да, ағылшын дәрігерге былай дедім:

- Сізге мысал ретінде екі мәселені айтайын, сосын біздің ата-бабамызда медицина болып-болмағандығын өзіңіз шешіңіз.  

- Жақсы.

- Сіздерде ас қорытуға қажетті маңызды ферментті бөлетін безге "Pancreas" дейді. Бұл "тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты" - дегенді білдіреді. Яғни сіздер бездің сыртқы ұқсастығына, оның түріне қарап осылай атағансыздар. Ал орыстарда "поджелудочная железа" дейді. Олар да асқазанның астында орналасқандығы үшін осылай атаған. Екеуі де көзбен көргеніне қарап атау берген. Ал біздің ата бабаларымыз "ұйқы безі" дейді. Себебі бұл без жұмысын тоқтатқан жағдайда, адам комаға, яғни ұйқыға кетеді. Егер ата-бабаларымызда медицина болмаған болса, онда аталмыш бездің комаға себеп болатынын қайдан білген? -  дегенімде, ағылшын профессоры үнсіз басын шұлғыды.

- Сосын ген ғылымы дамығаннан кейін ғана ғалымдар түрлі аурулардың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын дәлелдеп отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз берісіп-алысуға тыйым салған және бұл тыйым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазақтар медицинаны білмеген болса, олар ғылым енді ғана біліп жатқан аурудың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын қалай білген? - дегенімде, әлгі профессордың көзі шарадай болып:

- Шынымен де сіздерде жеті атаға дейін үйленуге болмай ма? Бұл ғажап екен. Ғажап! Мынандай халықта "медицина болмады" деуге әсте болмайды», - деді таңданысын жасыра алмай. Ал ана профессор орыс әйел: "Ерсин Турсынханович, я эти моменты не знал" - деп қайта-қайта кешірім сұрады.

Ойланатын дүние. Мұндай мысалдар өте көп. Ендеше біздер ата-бабамызбен мақтануымыз қажет. Алайда, бұл мақтаныш өз-өзімізді жұбату үшін емес, шабыттандыру үшін керек.

12 пікір
  • Алла разы болсын, Қайрат аға! Мына жазбаңыз білім-ғылым үйренуге "мотивация" береді екен!!!!
    2 жыл бұрын
  • Ағылшын тілі барлық салаға қажет болды. ЖОО-да негізгі пәндерді ағылшын тілінде, ал "Қазақстан тарихы" пәні барлық топта тек қана қазақша оқыту керектігін бізге бүгін ғана жиналыста айтып. Жиналыстан шыққан соң ұлты орыс, профессор апайымыз 1-курсқа келетін ауылдың балалары орыс тілін біліп алсыншы алдымен, сосын ағылшынша өтейік деді. Сосын мен, "а им необязательно знать русский, вот английский они лучше нас наверное знают"- дедім. Себебі, қазіргі балалар түсінеді ағылшын тілі керек екенін.
    Жақсы мәселе қозғапсыз. Алла разы болсын. Жазарыңыз көбейсін.
    2 жыл бұрын
  • "Баяғыда әкелеріміз: "білгеніміз - бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз" деп отыратын. "Век живи, век учись" деген осы екен де... Көп жасаңыз, Қайрат! Жүрген жерлерде, туған-туыс, дос-жаранның арасында айта жүретін нәрсе екен.
    2 жыл бұрын
  • Алла разы болсын! Ойланатын нәрсе екен, шынымен де...
    2 жыл бұрын
  • АЛЛА СІЗГЕ РАЗЫ БОЛСЫН!
    2 жыл бұрын
  • Жақында Арман Қуанышбаевтің мынадай мазмұндағы сөздерін бір жерден оқыған едім: "Әйелдерімізді еркек дәрігерлердің тексеріп-емдеуін қаламаймыз, тіпті шаштарына еркек дәрігердің көздері түссе де қызғанамыз дейтін бауырларымыз бар. Әрі сол бауырларымыз әйелдердің оқу орындарында білім алуларын, қоғамдық істерге араласуын аса құптамайды. Сонда қыздарымызға, қарындастарымызға дәрігерлік білім бермесек, әйелдерімізді кімдер емдемек?! Оқысын, білім алсын, сонда ғана әйел затын емдейтін, әйел затына қызмет ететін әйелдер болады". Мына жазбадағы Қайрат ағаның да айтқандары аз күндік өмірде ғибадат үшін, Алланың әмірін орындау үшін, асыл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүнеттін берік ұстану үшін, ата-бабамыздың абыройын асқақтату үшін білім алу керек, ғылымды игеру керек деп қамшылайды екен.
    2 жыл бұрын
  • Құптарлық мәселені көтеріп отырсыз, Қақа! Ата-бабамыз исламның нәрін ғана алып қоймай, оны адамзаттың қажетіне жарататын деңгейге дейін көтеріпті. Қазақтардың алғырлығы, ақылдылығы қан арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Бұл ұзақ әңгіме! Осыны оқырманға жеткізе білуге күш салғаныңыз үшін рахмет!
    2 жыл бұрын
  • Ерсин Турсынханович , "Pancreas" пен "поджелудочная железаны" "ҰЙҚЫБЕЗІ"деп атаған, ЖЕТІ АТАСЫНА дейін қыз алысуға тиым салғанда ҚАЗАҚТАР ағылшын тілін қолданып па екен ....
    2 жыл бұрын
    • Алмабек қандасым сұрағыңыздың төркіні түсінікті! Тек, менің айтарым ата бабам ұрпағының амандығы мен саулығы үшін сол заманда қажет болса медицинада ағылшынша да үйренуші еді деп білем! Дұрыс түсініңіз, ұлттың елдің денсаулығының болашағы үшін медицинада ағылшын тілін білу ауадай қажет тек сонда ғана алдыңғы қатарлы медицинасы бар ел боламыз! Қазір дүние жүзінде медицинада әлемдік теxнологиялар тек ағылшын тілінде жүріп жатыр! Менің ұлт жанды және патриот екеніме күмәданбаңыз, мектептіде қазақша алтын медальға, институттыда өз тілімде қызыл дипломға бітірген қарапайым ауылдың қара домалақ баласымын тек ағылшын тілін 1995 бері оқыймын оның өзін тек өзім үшін емес xалқыма, еліме, Сіз сияқты қандастарыма маман ретінде пайдам тисін деп оқыймын, әліде оқу үстіндемін!
      2 жыл бұрын
  • Ерсін Тұрсынханұлы, білесіз бе, сол ""Pancreas" пен "поджелудочная железаны" "ҰЙҚЫБЕЗІ"деп атаған, ЖЕТІ АТАСЫНА дейін қыз алысуға тиым салған" қазақ өте дарынды халық. Ол бір кезде арабша тіл сындырып, кейін латын қарпіне көшіп, одан кейін кириллицадан сусындаған, тіпті ғарышқа бірнеше ғарышкер ұшырған аса сауатты, білімді халық. Ағылшынша бізге ауадай қажет. Онсыз қазіргі заман талабына сай, білікті маман болу қиын. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан, ағылшын тілін оқыту, әсіресе оны балалардың жастайынан, ой-санасы тез қабылдайтын, жылдам сіңіретін кезден бастап оқыту - тамаша шешім деп білем. Кейініректе емес, әрнәрсеге ынтық болып, нағыз қайнап тұрған кезінде үйренгені дұрыс. Қысқаша айтқанда, бірза жылдан кейін байқарсыз, біздің жастар бұл тілді де бір кісідей, өз еліне, жеріне, халқына пайда келтіре алатындай дәрежеде игеріп алады.
    2 жыл бұрын
  • Қазіргі мақсат ағылшын тілін (жалпылама айтқанда ғылым қалыптастырған тілдерді) терең игеру арқылы ғылымды игеру. Ал ТҮПКІ МАҚСАТ СОЛ ҒЫЛЫМДЫ ӨЗ ТІЛІҢДЕ СӨЙЛЕТУ болу керек.
    Біз қашанғы жер жыртып егін егу үшін өзгенің соқасын пайдалануымыз керек. Соны өзіміз өз тілімізде оқып, ойлап жасаған кезде ғылымды ойлау еркіндігі тіл үйренуден бұрын дамып, тез қанаттанады. Әрбір дүниеге келген талантты қазақ баласының алдында ағылшын немесе жапон баласындай бірінші өзгенің тілін білу деген кедергі болмауы керек. Сол кезде ғылым ерте дамиды. Бұл тіл үйренбе деген сөз емес. Әрбір тіл ғылымға ашылған жаңа есік. Айтпағым қазіргі буын келер ұрпаққа қазақ тілінде тізесін тік ұстай алатын ғылымның іргетасын қалау керек. Әйтпесе, көп адам қолын мезгілінен кеш сермеуге тура келеді.
    2 жыл бұрын
  • Ерсін ағамыз тауып айтыпты.
    Қазақтың бір азаматын мақтау үшін екіншісін даттау жетесіздік. Одан бізге пайда жоқ. Тарих пен тағдыр талқысында кім сүрініп жол таппады дейсің тек түпкі ниет оң болса болғаны да (тақырыпқа қатысы жоқ тәрізді, бірақ бір кекесін сөздерге бола ойланып кетіп жаза салдым). Бір жазбалардан оқыған едім бір журналист Әлихан Бөкейхановтың өмір жолын дәріптеп танымдық өте жақсы мақала жазыпты. Оқып разы болып отырдым. Бірақ соңында "......ол Мұстафа Шоқай тәрізді басын сауғалап шетелге қашып кеткен жоқ не болса да еліммен бірге көрем деп осында қалды, бәрін қасқайып қарсы алды" деп түйіпті. Бағанағы разы көңілім бүрісті де қалды.

    ҚАЗАҚТЫҢ БІР АЗАМАТЫН МАҚТАУ ҮШІН ЕКІНШІСІН ДАТТАУ ЖЕТЕСІЗДІК
    2 жыл бұрын