17.03.2015 19254 Ойтамшы
Аллаға еркелесем...

Аллаға шүкір, бүгінде өнер адамдары көптеп дінге бет бұрып келеді. Олар дінге бет бұрса, сахна түзеледі. Сахнадағы ән де есерін тастап, естіге ауысады. Әзілдері де ғибратқа айналады. Бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Тұрсынбек бауырымыздың кейінгі кейбір әзілдерінен мұны байқамау қиын емес. Қоғамда орын алып жүрген қайсыбір кері әдеттерімізді езу тартқыза отырып әдемі жеткізгенде, риза болмасқа шараң жоқ. Ендеше халыққа өз өнерін өткізе білген жұлдыздарымыздың дінге бет бұруы қуанарлық жайт. Өнерін сүйіп, әрбір іс-әрекетін қалт жібермей еліктеп жүрген жұрт олардың діндарлығына да еліктейтіндігі, соларға ұқсап бағуға тырысары сөзсіз. Жаппай өнерді "харам" - деп одан безінсек, сол бос орынды кімдер иелік ететіндігі айтпаса да түсінікті. Айналамыздағы табиғат біткен иләһи әуен. Жапырақтардың сыбдыры да, аққан судың сылдыры да, жауын тамшысының тырсылы да, құс біткеннің сайрауы да өзінше бір саз, ғажайып әуен.  Адам табиғаты әдемі әуенді естуге құмар, жағымды сазды жаны қалайды да тұрады. Олай болса дініміз адамның табиғатында бар осынау қажеттілікті тұмшалап, тамырына балта шауып жоқ қылу үшін емес, реттеу үшін келді. Пайдалысы мен зияндысын ажырату үшін жіберілді. Абай атамыз мұны бір ауыз сөзбен: "Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар" - деп қалай әдемі жеткізген. Айтпағым әрине бұл емес. 

Өткенде өнерде жүрген бір ауылдас інім дінге қатысты өзін мазалап жүрген кейбір орынды сұрақтарын маған қойып жатты. Әңгіме барысында: "Қайреке, біз енді халықтың алдында еркелеп жүрген жандармыз. Құлшылық ету бәрімізге парыз. Дұрыс. Бірақ Алланың алдында да еркелеп, бес уақыт намазды оқымай-ақ қойсақ болмай ма?" - деп айды аспаннан бірақ шығарды.

Мен сәл кідірдім де:  "Мысалға сен сахнаға шығып өз өнеріңді халыққа көрсеттің. Елдің бәрі өнеріңе тамсана қол шапалақтап, ризашылығын білдіріп жатыр. Тіпті біреулері өнеріңе қайран болғаны соншалық, еріксіз орындарынан тұрып кеткен. Осы сәтте көрермендер арасында бір кісіге көзің түсті. Әлгі адам да ешқандай реакция жоқ. Сен кейіннен оған "өнерім ұнамады ма?" - дейсің. Сонда әлгі адам: "Ұнады. Бірақ саған еркелегендіктен, өнеріңе таң қалмай-ақ қояйын" - деп шештім десе, қандай ақымақ жауап болар еді. Таң қалып, қайран болудың еркелікпен қандай қатысты бар. Адам кез-келген ұнаған нәрсесіне еріксіз түрде тамсанып, таң қалады. Міне, намаз да ең әуелі Алланың аса құдіреті мен құзіретінің, шексіздігі мен шеберлігінің, ұлылығы мен кемелдігінің алдында таң қалып, "Аллаһу әкбар" яғни, " Уа, Аллам! Сен неткен ұлықсың" - деп қайран қалуды білдірудің нақты көрінісі емес пе?

Немесе сен біреуді ажалдан құтқарып қалдың, сосын оны жақсылап киіндіріп, қарнын тойдырып шығарып салдың. Бірақ әлгі адам сенің жасаған жақсылығың үшін алғысын білдіріп, рахметін айтпады. Осының бәріне куә болып тұрған үшінші бір адам әлгіге: "Сен қандай адамсың, мына кісінің осыншама жақсылығын көрдің. Ең болмаса, кетеріңде рахметіңді айтып, ризашылығыңды білдірмейсің бе?" - дейді. Сонда әлгі адам: "Мен еркелегендіктен алғыс айтпай-ақ қояйын" - деп шештім десе, осы жауабы ақылға қонымды жауап бола ма? Әрине жоқ. Себебі жақсылық алдында қарыздарлығыңды сезінуің, сол үшін алғысыңды білдіруің адамгершіліктің белгісі. Оның еркелікпен ешқандай қатысы жоқ. Ал енді Алла адамды жоқтан бар етіп жаратты, көретін көз, сөйлейтін тіл, ойлайтын ақыл берді. Он екі мүшеңді тегін сыйлады. Бойыңа түрлі қабілет берді. Жарығы мен жылуын төгіп тұрған Күнді адам үшін арайлап атырып, алаулап батырып қойды. Құлым жесін деп дәмі тіл үйіретін сан-алуан жеміс-жидекті тарту етті. Етін жеп, сүтін ішсін, жүні мен терісін пайдалансын деп жан-жануарды адамзаттың қызметіне ұсынды. Қысқасы, айналамыздағы барша әлем бізге қызмет етуде. Ендеше, осының бәріне құлшылық арқылы алғысымызды білдірудің еркелікпен қандай қатысы бар" - дедім. Інім еріксіз бас изеп отыр. "Қайреке менің мына сұрағым шынымен де тым ұят екен" - деп қатты қысылып қалды. Келесі бір кездескенімде артыма ұйып намазын оқып жатты. Аллаһу әкбар!

33 пікір
  • Аллаху Акбар. Алла разы болсын аға, сонда тұшымды жауап.
    2 жыл бұрын
  • Керемет жауап, ақылды адамға бас имеске шара жоқ.
    2 жыл бұрын
  • Alla razy bolsyn sizge!!! Ote jaksy jauap!!!!
    2 жыл бұрын
  • Ote jaksy Jauap !! Kairat aga Alla razy bolsyn!!!!!
    Sizdei bilimdi agalarymyz kop bola bersin InwAlla!
    2 жыл бұрын
  • Бәрекелді! Алла дінді ғалымдар арқылы көркейтсе, кейде сол ғалымдарды алу арқылы арамыздан білімді де алып қояды. Бір бауырымнан есігенім бар еді "Алла ғалымдардың аузына даналық сөз салады. Және сол даналық сөздерімен құлдар арасында мейірімділік оянады" деген. Міне сол бір сөздің куәсі болғандаймын. Аллаға сансыз мадақтар болсын сізге сол даналық сөзін салғанға. Шүкір намазын оқу керектей бір әсер алдым. Аллаға мадақ
    2 жыл бұрын
  • Нағыз жауап деп осыны айт. Аллаху акбар.
    2 жыл бұрын
  • Діни жаңалықтарды білгім келеді.
    2 жыл бұрын
  • Аллаху акбар.
    2 жыл бұрын
  • сансыз шүкір.. шексіз алғыс..
    2 жыл бұрын
  • Раббымыз Алла разы болсын.
    2 жыл бұрын
  • Аллаға шексіз шүкіршілік айтамыз! Және де осындай Еркебайларымыздың сәждеге маңдайлары тиюіне себепші еткен Ғалым ағаларымызга Аллам разы болсын!
    2 жыл бұрын
  • Керемет жауап. Дұрысы, иесін тапқан сұрақ, жүйесін тапқан жауап болыпты.
    2 жыл бұрын
  • Oljas
    Алхамдуллиллаһ Аллаһ разы болсын!!!!
    2 жыл бұрын
  • Бағаннан күн сайын жазбаңыз шықты ма деп қарап қоямыз..
    2 жыл бұрын
  • Bakyt
    Маша Аллах!
    Аллах иман кызметинде заттай жане рухани жетистиктерге жеткизсин!
    Кайреке, аркезгидей сизге косыламын!
    2 жыл бұрын
  • "Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар". Қайрекеңнің бұл жауабы қызып тұрған темірді ұрған ұстаның балғасындай нық, нәтижесінде қыңыр сұрақ иесін тезге салып түзеп алған мағыналы жауап екен. Алла разы болсын!
    2 жыл бұрын
  • сурактарымды кай жерге жазсам болады екен.таппай койдым?
    1 жыл бұрын
    • Сайттың басты бетінде Сұрақ-жауап дегеннің жанында сұрақ сұраңыз деп жазылып тұрады.
      1 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум, Қайрат аға. Ораза айт қабыл болсын! Осы бағанаға жазған мақалаларыңызды қызыға оқуш едік. Кейінгі кезде мүлдем жазбай кеттіңіз ғой. Әрине, жұмыс бабымен, зерттеулермен қолыңыз тимей жүрген болар, бірақ жаңа ойларыңызды асыға күтеміз.
    1 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум құрметті Әлеумет сіздерге айтатын кыска жаналығым бар, Кеше аялдамада турғанымда жасы35-те шамасында бір жігіт маған Интернеттің қаншалықты зияны мен пайдасы бар екенін маған түсіндіріп беруді өтінді. Мен оған қысқа жауабымды айтып,Интернеттен қажетті ақпаратты алып басқа кезде қолданудың маңызы жоқ дедім. Олмаған www.jw.org осы сайтты қолыма беріп кетті бул сайттын ишинде Иса пайгамбардын макалалары жане мыйды тыныктыру жолдари сиякты ар турли мағлұматтар жазылған, осы сайтты жабыңыздар
    1 жыл бұрын
    • Дұрысы, мұндай нәрселерді muftyat.kz және e-islam.kz сайттарына жазу керек.
      1 жыл бұрын
  • http://vk.com/wall299799039_16340
    1 жыл бұрын
  • http://vk.com/id299799039
    1 жыл бұрын
  • Ассалаумагалейкум мына свйтка калай жазсам болат таба алмай койдым жана вконтактынын ссылкасын жиберип едим отиниш болса осы адамды карап жазалауларынызды отинемин ислам дини жайли каншама жаман акпараттар жиберуде осы ссылкага кирип корсениздер болады катты нервыма ма алде намысыиа тидима осы адам бимим сондыкьан сиздерге отиниш ретинде жазып отырм Алла разы болсын
    1 жыл бұрын
  • http://vk.com/id299799039 осыган кирсениздер коресиздер жалпы нервыга емес сабырды куртат не истеуге болат
    1 жыл бұрын
    • Дұрысы, мұндай нәрселерді muftyat.kz және e-islam.kz сайттарына жазу керек.
      1 жыл бұрын
  • Осы ислам кз сайтына жибере алмай койдым
    1 жыл бұрын
  • Ассаламуғалейкум Қайрат аға, Алла разы болсын сізге. Сайтқа кірген сайын бас редактор бағанына алаңдап, сіздің жазбаларыңызды асыға күтіп жүрмін. Оқырмандарыңызды көп күттірмей өз ойыңызбен бөлісіп тұрсаңызшы, аға)))
    1 жыл бұрын
  • Қайрат аға, оқырманға еркелеп жүрсіз бе, әлде кімге? :))
    1 жыл бұрын
  • Көптен бері Қайрат ағамыздың мақалаларын күтіп жүрміз, бірақ әзірше өткен уақыттарда жазылғандарын қайталап оқи тұратын сияқтымыз. Видео сұхбаттарыда дәл солай қайталап көруімізге тура келіп тұр! Құрметті islam.kz сайт ұжым! Қайрат ағамыздың сұхбаттарын мақалаларын көргіміз және оқығымыз келіп жүр, мүмкін болса өтінішімізді жерге қалдырмасаңыздар!!!
    12 ай бұрын
    • Ия, дұрыс айтасыз. Қайрат ағамыздың уағыз насихаттары сағым болды.
      12 ай бұрын
  • Қайрекең дінді жұмбақтап, тылсым сипаттарға сүйремей - ақ қазақы қалыппен қазақтың өз бойында әу бастан бар дүниелер тәрізді жеңіл тілді, тартымды ой орамдарымен, дәйекті дәлелдерімен, керемет көсемсөздерімен жақсы түсіндіреді. Алла разы болсын сізге.
    12 ай бұрын
  • Предлагаю посмотреть страшный фильм:
    "Мир джиннов"
    основан на реальных событиях [HD] https://youtu.be/GofZHcXUPqY
    12 ай бұрын