06.03.2015 9193 Ойтамшы
Ұят болды...

Осыдан үш жыл бұрын болған жағдай. Есіме түскен сайын өз-өзіме ренжимін. Оқиға былай болды, кешке үйге қонақ шақырып қойған едім. Үйдегі ішкі істер министрі базардан өрік-мейіз ала келуді маған құныттап тапсырған болатын. Қарбалас жұмыстың арасында жүріп көкбазарға әбден таяғанда бірақ бардым. Әдеттегідей көкбазардың алды қайнап жатыр. Көлігімді қоярға бос орынның ыңғайы келмей тұр. Кенет бір орынды көзім шалды. Өзімше:  Шлагбаумның жанындағы мына жер бос тұр ғой, кіріп-шығатын көлік емін-еркін өте алады" - дедім де көлігімді сол жерге тақап қоя салдым. Есікті жапқаным сол еді, күзетші бала жүгіріп келіп: "Ағасы, бұл жерге көлік қоюға болмайды, шлагбаумнан кіріп-шығатындарға кедергі келтіреді" - деді. Бауырым неге болмайды? Мына жерде бос орын тұр ғой. Ешкімге кедергі келтірмейді, түк те етпейді" - дедім. Күзетші бала: "Болмайды" - деді. Мен "Болғанда қандай, болады" - деймін де ештеңкеге қарамай көлікті құлттап, күзетшіге бағынбай алдыға бір қадам аттай бергенім сол еді, әлгі жігіт: "Аға енді таныдым. Сіз Қайрат Жолдыбайұлы емессіз бе? Мен сіздің кітаптарыңызды іздеп жүріп оқимын ғой" - деп ағынан жарылып, асты-үстіме түсіп ешкімге ашпайтын шлагбаумды ашып жатыр. Ал менің бетім ду ете қалды. Ұяттан өртеніп барам. Қанша асығыс болсам да, менікі пендешілік еді. Уағызыңды ұйып тыңдап, кітабыңды оқып жүрген мына жігіттің алдында ұрлық үстінде ұсталып қалған бала құсап, не дерімді білмей састым да қалдым. Қазақта "Қойдың құлағаны байқалмайды, түйенің сүрінгені көрініп тұрады" деген мақал бар. Ел алдында дін атынан сөйлеп жүрген біздерге пендешіліктің мұндайы да "харам"! Қандай жағдай болса да, қаншалықты асығыс болсақ та жақсы мінезден жаңылмау қажет. Көркем мінез табиғатымызға айналуы тиіс. Біздің қандай да бір қателігіміздің, ұсақ пендешілігіміздің өзі қайсыбір адамдардың дінге деген сеніміне селкеу түсіруі әбден мүмкін. Ендеше абай болған жөн.

Бүгінде сақал қойған жандарды жиі кездестіреміз. Сақал - сүннет. Қайсыбір ғалымдар бойынша уәжіп. Әркімнің өз таңдауы. Сақал қойған соң бет пішініңе ыңғайлап реттеп, күтіп ұстау керек. Бұл - бір. Екіншіден, қоғамда сақал қойған жанға намаз оқитын діндар адам ретінде қарайды. Ал төсіне жететіндей сақал қойып алған кейбір жандардың бастарына кепка, бұттарына тырысқан шортик киіп, шайнаң-шайнаң етіп сағыз шайнап, не болса, соны әңгіме қылып айтып тұрғанын көргенде іштей қынжыласың. Сақал қойған соң соған сай тақуалығыңды да қоса алып жүру керек. Қысқасы сақалдың қадірін кетірмеу ләзім. Әйтпесе, дініңе кір келтіресің. Орамал таққан қыз, келіншектер де солай абай болғаны жөн. Ал жалпы жұртқа айтарым, кісі қанша сақал қойып, әйел заты ұзын етек киіп, орамал тақса да ол бәрібір періште емес, пенде екенін ұмытпайық. Ендеше, олардың қателіктері үшін асыл дінімізді жазғыруға ақымыз да жоқ.

 

21 пікір
  • Ассаляму алейкум. Алла разы болсын!!!
    Ия периште емес пендемиз гой. Алла иманымыздан айырмасын.
    2 жыл бұрын
  • Ойыңызға рахмет
    2 жыл бұрын
  • Қайрекең дұрыс айтады. Бірде автобуста үлкендерге орын бермей отырған орамал таққан қыздарға ренжіп жатқан кісілерді көргенмін. "Орамал таққанын қайтейін үлкенді сыйлауды да білмейді. Тіпті, діндарлық осыған жеткізеді" дегендей сөздер де айтылып жатты
    2 жыл бұрын
  • Jaksy eken
    2 жыл бұрын
  • Адамның өз қателігін мойындау- үлкен ерлік!!! Алла разы болсын сізден, аға!
    2 жыл бұрын
  • Аллах разы болсын, осы айтылған пікірден қортынды шығаруымызды нәсіп қылсын иншаллах.
    2 жыл бұрын
  • Mawallah!! azgandai oi tamwyda ulken- gibrat bar ! Alla razy bolsyn sizge!
    2 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум, Қақа! Өз кемшілігіңді дер уақытында байқап, оны жұртпен бөлісудің өзі имандылық! Әрине, пендеміз ғой, пендеміз. Асығыстықпен, аңдаусыз басып құлап жатамыз кейде. Алайда, иаманы күшті адамның сынағы да күшті болатын көрінеді. Алла саған күш қуат берсін, бауырым! .
    2 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум, Қайрат аға! Халықтың діни сауаттылығын, жалпы білімін арттыруға жасап жатқан еңбектеріңізге Алла разы болсын! Сайттағы көптеген мақалалардың, ғибратты әңгімелеріңіздің ойланатын адамға ой салатыны сөзсіз. Бірақ соңғы уақытта аса пайдасы жоқ кейбір ақпараттар кішкене көбейіп кеткен сияқты. Қажетсіз жаһан жаңалықтары, видеолар, тағысын тағы. Сол жағын өзіңіз біраз қадағалап тұрсаңыз деген тілегім бар. Әрине, барлық жарияланып жатқан материалдарды қадағалау оңай емес. Дегенмен сайттың ұжымымен қысқаша материалдарды таңдаудағы негізгі қағидаларды бір пысықтап алсаңыз.
    2 жыл бұрын
  • Хехе, "шлагбаум" деңіз. Қызық екен. Әлбетте, сіздерге қарап бой түзейміз. Дегенмен, осы жерде жазғым кеп тұр. Мақтағаным, бөлінгенім болмасын, жалпы осы біздің Райымбек өңірінің жұрты осындай ғой, қарапайым, шынайы.. Мына жазбаңыздан Албандардың "иісі" мүңкіп тұр.
    Пы.Сы: Сақал мен орамал тұрғысындағы ойыңызбен түбегейлі келісем. Ағам да соны айтып отырады.. Орамал мен сақалға да лайық бола білу керек деп.
    2 жыл бұрын
  • Өте орынды жазылған рақмет. Бір мұсылман ретінде көпшілік арасында іс- әрекеттерімізге мұқият болуымыз керек.
    2 жыл бұрын
  • Қайрат аға осы қарапайымдылығыңыздан таймаңыз. Сіз сияқты білімді азаматтар көбейе берсін. Алла еңбектеріңіздің жемісін екі дүниеңізде берсін. Қарапайым болып қалу көп адамның қолынан келе бермейді.
    2 жыл бұрын
  • Иә, рас. Өте орынды. Алла разы болсын!
    2 жыл бұрын
  • Менің ойымша, кейбір мұсылмиандар сыртқы келбектке тым көп көңіл бөлім, ішкі дүниені ұмытатын сияқты.
    Тағы бір айтарым, мешіттерде ахлақ сабағын өту керек сияқты.
    2 жыл бұрын
  • Алла разы болсын! Қайрат ағамыздай қарапайым, білімді, парасатты адамдар көбейсе екен!!!
    2 жыл бұрын
  • Махамбет атамыз: "Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде барда ділде жоқ",-деген екен. Расында әрбір амал (ал амалдар көп вариантты) түпкі ниетке байланысты. Алла Тағала сақалдың болмаса орамалдың әдемілігіне емес, осындай пендешілігін мойындаған шын ниеттің тазалығына қарайды. Шын құдайына қараған пенделердің бірі осы Қайрекең (Қайрат Жолдыбайұлы) деп ойлаймын. Өйткені халықтың ықыласына бөлену оңай шаруа емес. Ал "Халық" Құдайдың бір есімі. Ей Раббым! Әл-Уәлий есіміңнің құрметі үшін Қайрекеңді ақыреттік достарымның бірі болуын да нәсіп ете гөр!
    1 жыл бұрын
  • "Қойдың құлағаны байқалмайды, түйенің сүрінгені көрініп тұрады" Қазекем тура қисынын келтіріп айтады ғой
    12 ай бұрын