06.02.2015 5187 Ойтамшы
Европа сапары - 1

Аллаға шүкір, мұсылман мемлекеттері мен шығыс елдерін көріп, аралап жүрміз. Алайда батыс елдерінің қал-ахуалын таныстарымыздан естіп, интернеттен оқығаным болмаса, осы уақытқа дейін ол жаққа жолым түсе қоймап еді. Көп естігеннен бір көрген артық демекші, өткен аптада Венгрия, Австрия, Германия, Словакия секілді европа елдеріне арнайы тур жасаудың сәті түсті. Әуелі Венгрияның Будапешт қаласында болдық. Байырғы ғұндардың мекені болған бұл ел ерекше ыстық болды. Әр нәрседен түркіліктің ізін іздеймін. Бірақ, қанша түбі түркі десек те, ұстанған діні бөлек, жырақ жерде орныққаннан кейін болар, тілдеріндегі бірнеше түркі сөздер болмаса, анау айтқандай ұқсастық таба алмадым. Қала тарихи жәдігерлер мен мұраларға толы. Самсаған зәулем де сәулетті көне шіркеулерге қарап кезінде христиан дінінің қоғамда қаншалықты ықпалды болғанын түсіну қиын емес. "Қасиетті соғыс" деген желеумен күллі батыс елінен қол жинап, мұсылмандарға көз аштырмай неше дүркін "Крестілер жорығын" ұйымдастырған осы шіркеулердің ықпалы болатын. Ал бүгін қаңырап бос тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристердің шіркеулердің архитектурасына тамсанып, тамашалағаны болмаса, әу бастағы миссиясынан қол үзіп қалғаны қашан.

Будапештің тұрғындары жылы жүзді, бір-бірімен күлімсіреп амандасады екен. Қандайда бір нәрсені сұрай қалсаңыз, құдды құдасына жауап бергендей аса ықыласпен тәптіштеп тұрып түсіндіріп жатқаны. Жанымдағы жолдасым екеуміз салқын тигізіп алдық. Дәріханаға соғып, суыққа қарсы біздегі "терафлю" сынды ұнтақ дәрі сұрап едік, сатушы әйел бірден соған ұқсас дәріні тауып бере қойды. Дәріні сол жерде ішіп алып, ары қарай жолымызға жалғастыруымыз ләзім.  Бірақ оны араластырып ішер қайнаған ыстық су қайда? Жолдасым сатушыдан өтініп еді, сатушы күлім қағып бір неше минуттан кейін қайнаған су ұсынды. Мен де ыстық су сұрауға ыңғайсызданып тұрмын. Онсыз да шағын дәріханада кезекте тұрған кісілер көп. Аз кідірдім де, ұятты біржаққа жинастырып қойып: "маған да ыстық су қажет" - дедім. Сатушы әйел күлімдеген күйде бұрқыраған ыстық суды маған да ұсынып жатты.  Дәл осы сәтте біздегі дәріхана, банк, тағы басқа көпшілікке қызмет ететін жерлердегі қызметкерлердің іс-әрекеттері санамда көлбеңдей берді.

Ет қосылған тамақтарына күмәнғандықтан, бірнеше күн болды тек балық жеп жүрміз. Сұрастырып жүріп арабтардың "Амир" атты мейрамханасын тауып алдым. Араб аспаздан: "еттеріңіз адал болар" деп ақырын ғана сұрап едім, сұрағаныма өкініп қалдым. Әлгі араб бетін тыжырайтқан күйі: "Саған тамақтың адал, адал емес екені неменесіне керек" - деп салды. Мен не дерімді білмей: "Малды өзіміз соямыз, адал яки адал емес" деп жай ғана жауап бере салу қиын ба? Неге ашуланып тұрсың?!" - дедім де шығып кеттім. Іштей ренжіп тұрмын. Осы сәтте бағанағы дәріханадағы сатушы әйелдің күлімдеген жүзі, ыстық суды қайнатып әкеліп бергені есіме түсті де, ауыр күрсініп, "қайсысы мұсылман еді" - деп күбірлеп кете бардым. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Бауырыңның жүзіне күлімдегенің де садақаға жатады", "Танығанға да, танымағанға да күлімдеп амандас", "Адамдар арасында есендік пен бейбітшілікті, сәлем беруді, амандасуды жайыңдар", "Бауырының бір қажетін өтеген адамның Алла ана дүниеде қажеттіліктерін өтейді" - деген асыл хадистері бізден асып, батыстықтардың күнделікті өміріне айналғанына тағы бір рет таң қалдым.

Жалғасы бар.

 

8 пікір
  • Керемет естелік екен аға.
    2 жыл бұрын
  • Жаксы екен, жалгасын асыга кутемин
    2 жыл бұрын
  • Мен де Еуропада болған сапарымда адамдарының намаз оқымаса да, Исламды білмесе де, нағыз мұсылмандыққа өте жақын екенін байқадым. Шеттерінен сыпайы, мәдениетті, жүзіңе күліп тұрады, қолынан келсе, көмек беруге да әзір. Еуропаға мәдениет Орта Азиядан, мұсылман елдерінен орта ғасырда ауып кеткен дегенді жиі айтамыз ғой... Ендігі ХХІ ғасыр мұслымандарының алдында сол жоғалған мәдениетті, ғылым-білімді қайтару миссиясы тұрғандай... Қайрат аға, осындай ойымызға түрткі болатын ойтамшыларыңызды жиі жазып тұрыңызшы. Жалғасын да асыға күтеміз!
    2 жыл бұрын
  • Шыңында да керемет әңгіме! Жалғасын асыға күтудеміз!
    2 жыл бұрын
  • "европа исламға жүкті..." деген сөз осы үшін айтылса керек
    2 жыл бұрын
  • Дұрыс айтасың Аділ бауырым!
    2 жыл бұрын
  • Аділ сөзіңнің жаны бар.
    2 жыл бұрын
  • Осы жазда Германия, Австрия, Чехия мемлекеттерінің астанасында болғанымда осы жазбаларыңыз есіме түсті.
    Берлинде Мұстафа Шоқай атамыздың зиратына бармақ болып, түріктердің Османлы зиратын іздеп бара жатқанда бір немістің әйелі ынты-шынтысымен бізге зираттың қайда екенін интернеттен тауып, жол сілтеп жіберді.
    Венада жүргенде адасып группамызды жоғалта жаздағанда бір ер адам жол көрсетіп, бізді сондай риза қылды.
    Өте қарапайым, кішіпейіл адамдар екеніне көзім жетті.
    11 ай бұрын