20.11.2014 5860 Ойтамшы
Байбала ақсақал

Ауылымызда Байбала есімді аса тақуа ақсақал болды. Дін апиын саналған сонау кеңес кезеңінің өзінде бұл кісі бес уақыт намазының біреуін де қаза қылмайтын, шілденің шіліңгір ыстығында оразасын толық ұстайтын. Ақсақалды көзі көрген жұрттың айтуына қарағанда ол кісі атпен жарты күндік қашықтықтағы жерге барып, жұма намазын оқып қайтады екен. Таң намазынан кейін жолға шығып, кеш ауа үйіне әрең жететін көрінеді. Ақсақал қайтыс болғаннан кейін арада ондаған жылдар өтті. Кеңес өкіметі де күл талқан болды. Халық әлі жаңа өмірге бейімделе алмай жатқан аласапыран заман. Әлгі ақсақалдың Қызыр есімді оқығаны көп, спортқа да икемді зерек кенже баласы бар еді. Міне осы жігіт ауылға симай жүр. Іштей мазасыз. Неге дейсіз ғой. Өйткені ойы алыста жатқан адамға құлдыраған ауыл өмірі тар келе бастайды. Жан дүниесі күнделікті мағынасыз күйбең тіршіліктен шаршаған. Шаршаған соң...

Қызыр осылай рухани ізденісте жүргенде, менің туған ағам да қолында бірнеше діни кітабы бар қаладан ауылға бара қалады. Бұрыннан бірге өскен Қызырға дінді өз білгенінше насихаттап, қолындағы "ақиқат шуағы", "исламғылымхалы" сынды кітаптарды сыйлайды. Жастайынан оқуды жақсы көретін Қызыр  кітаптарды бір деммен тауысып тастайды. Тіпті бір рет емес, бірнеше қайтара.

 Ауылда қуанышты жағдай. Қызыр намазға бастады. Баяғы тақуа ақсақалдың кенже ұлы арада ондаған жылдар өткенде басын сәждеге қойды. Қарт шешесі үйімізге арнайы келіп, ұлының өзгергенін айтып, алғысын жаударып жатыр.

Қызыр кейіннен "ештен кеш жақсы" - деп қалаға келіп жоғарғы оқуға түсті. Өзі сүйген мамандығы бойынша дипломға да қол жеткізді. Қажылыққа да барып қайтты. Бүгінде аудандағы мектептердің бірінде аға оқытушы, шәкірттеріне ақиқаттың нұрын сеуіп жүрген үлгілі ұстаз. 

***

Өмірде жасалған жақсылық бос кетпейді екен. Тағдырда біз білмейтін сырлар көп қой. Кейіннен білдім. Шешемнің айтуына қарағанда, Қызырдың әкесі Байбала ақсақал кезінде менің әкеме Құранның қысқа сүрелері мен кейбір дұғаларды жаттатқызып, діннің негіздерін үйреткен екен.  Әрине кеңес кезеңі болғандықтан, бұлардың бәрі жасырын түрде жүзеге асқан. Оны біз білмейміз. Енді ойласам, ағамның Қызырдың дінге бет бұруына себеп болуы Байбала атаның әкеме жасаған жақсылығының қайтарымы сияқты.

Байбала ақсақал менің әкеме жасырын Құран үйретіп жүргенде, оның қайтарымы мен жемісінің өзінің кенжесіне ондаған жылдардан кейін кері қайтып келетінін білмеген де болар... 

5 пікір
  • Иə, өте дұрыс! Хадиша анамыздың (р.а) туыс інісі хз. Зəйд əлі мұсылман болмай тұрғанында байкот жылдары əпкесі мен пайғамбарымызға (с.а.у) қол ұшын берген. Сонымен қатар өзге мұсылмандарға да көп жəрдемдескені тарихта белгілі. Мекке алынған жылы Ислам дінін қабылдаған хз. Зейдке (р.а) ақиық елші мұсылман болғанына қатты қуанып: "Уа, Зейд! Сен кезіндегі жасаған көп жақсылықтарыңның себебімен мұсылман болу бақытына ие болдың',-деген.
    2 жыл бұрын
  • Ммм... шынында мұндай жағдайлар көп кездеседі өмірде. Исламға дейінгі надандық дәуірінде түйе бағып жүріп, шөл далаға өз қыздарын көму үшін келген адамдардың қыздарын құтқарып қалған бір кісі Алла елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) "Уа, Расулаллаһ, Мен жәһилия кезеңінде тірідей көміліп кете жаздаған үш жүздей қызды әкесінен сұрап аман алып қалған едім. Осы бір ісім үшін Құдай тағала маған сауап жаза ма", деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) "Саған иман, Ислам нығметі не үшін берілді деп ойлайсың?" деп жауап бергені бар. Шынында өзіміз аса мән бермей кететін терең ықыласпен жасаған титтей ісімізге дейін Ұлы Жаратушының алдында өз бағасын алатыны ақиқат.
    2 жыл бұрын
  • Маған өте ұанады жақсы,қысқа әрі нұсқа бірақ осы әңгімеден бірнеше ойды түйіуге болады.Бірінші: Біреуге шамаң келсе жақсылық қыл, ол жақсылық өзіңе немесе ұрпағыңа қайта айналып келеді.Екінші: біреуге жамандық қылма,ол жамандық өзіңе немесе ұрпағыңа қайта айналып келеді. Сөз соңы атаңа не жасасаң ұрпағыңнан соны көресің дегенге толық саяды. Қайрат аға Алла разы болсын.
    2 жыл бұрын
  • Атаңа не көрсетсең, алдыңнан сол келеді деген осы да (әрине, жақсы мағынасында)! Аллаһтың дінін бір-бірімізге үйреткенге не жетсін, бауырлар!
    2 жыл бұрын
  • Мағыналы ойға тұнған әңгіме екен.
    2 жыл бұрын