26.10.2014 13049 Ойтамшы
ТОҚАЛ...

Қоғамда екінші әйел алудың әңгімесі қызып тұр. Жоқ, тіпті, күйіп тұр. Еркектер жеке өздері бас қоса қалса болды, әңгіменің бір ұшын осыған әкеліп тірейді. Бәріне ұнайды. Тіпті бір әйелдің өзін жарытып басқара алмай жүргендердің де жүздері бал-бұл жанып отырады. Материалды жағдайы екі отбасыға жетпейтіндер де ертеңгі күнге үметтеніп, олар да қалжың араласқан көңілдің түпкіріндегі ойларын шығарып қояды. Еркек табиғаты. Бір нәрсе деп айтудың өзі артық. Осыдан бірнеше күн бұрын ақыны бар, әншісі бар өнердегі таныстарыммен бас қосып, дастархандас болдық. Тағы да әңгіме айналып тоқал мәселесіне келді. Біреуі: "Қайреке осы жайлы әңгімені бастап жіберіңізші, шариғатта қалай" - деп қалды құдды үкімін білмей жүрген адамдай. Оның бұл сөзін екіншісі іліп алып: "Қайрекең не айтады, өзі де бастай алмай жүр ғой" - деп қағытып қалды. Бір күліп алып, әңгіменің сарынын басқа жаққа бұрып жібердім. Қазір сол отырыста айтуға ыңғайы келмеген ойларымды сіздермен бөлісейін.

Әкінші әйел алып, екі отбасын да бақытты етіп, қазақтың санын көбейтіп, тағы да бір қаракөзге сүйеу де, күйеу де бола білген азаматтар жоқ емес қоғамда. Екі отбасының ым-дымын шығармай шеберлікпен басқарып, балаларына қамқор әке, әйелдеріне сенімді күйеу болып жүргендерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

Алайда тоқал  алу еріккеннің ермегі емес екенін ұмытпайық. Өкінішке орай кейбір бауырларымыз екіншісін некелегенімен, біріншісінен ажырасып тынуда. Немесе, кейінгісін талақ қылып, босқа біреудің обалына қалып, жарты жолда тастап кетіп жатады. Ортада тағы да жесір әйел, жәутеңдеген жетім балалар!

Әсіресе өздерін сәлафи санап жүргендердің арасында (олардың өзі бір неше топқа бөлінеді) кейбір топтардың қылығы тіптім арсыздық. Жиырма нешедегі жап-жас бір қаракөзіміздің айналдырған бірнеше ғана жылдың ішінде он бір рет некелесіп үлгергенін Ақтөбедегі бір имам айтып беріп еді. Біреуі талақ қылып, екінші бір танысына: Ахи, екіншімді талақ қылдым, қажет болса некелеп ал" - деп ухтиларын араларында ойыншық қылатын көрінеді. Тіпті кейбір қыздар талақтан кейін үш ай күтпей басқасымен некелескендіктен құрсағындағы баланың әкесінің кім екенін де білмейтін көрінеді. Мұның зинадан айырмашылығы не? Діннің атына қандай кір келуде?! Байғұс қыздардың болашағы не болмақ? Жетім балалар ше? Ал осының бәрін естіп, біліп жүрген тұған-туыстары асыл дініміз жайлы не ойламақ?

Муфтиятта аппарат басшысы болып қызмет істеп жүрген кезімде қап-қара хижап киген, бет-аузын тұмшалап ниқап таңған бір Жетісайлық жап-жас қыз тығырыққа тірелгенін айтып, менен ақыл сұрай келіпті. Айтуына қарағанда аталмыш ағымдағы бір жігітке екінші болып тиген көрінеді. Күйеулері екі  әйелімен бірге бір бөлмелі жатақхананы жалдап тұрады. Тіпті айтуға ұят. Нағыз жабайылық. Түнде орталарын пердемен ғана бөліп қояды екен. Адам сенгісіз. Мұны ойдан құрастырып отырған жоқпын əрине. Бір күні әлгі сабаз: "Менің діни білімім таяз. Сауд арабияға оқуға кетіп бара жатырмын. Сендерді алып кетуге жағдайым жоқ" - деп талақ тастап кете барады. Әлгі қыз үйіне барса, ата-анасы: "бетіңдегі пәреңжеңді шеш" - деп талап етіп, кіргізбей қойыпты. Далада қалған қыз пәренжасын шешейін десе, санасына сіңіріп алған қате сенімі жібермейді. Не керек менен соның үкімін сұрай келіпті. Қандай өкішті жағдай! 

***

Бірнеше жыл бұрын менен көп әйел алудың діни үкімі мен шарттары жайлы сұраған еді. Сондағы жазған жауабыммен де бөлісе кетейін.

 Дініміз көп әйел алуға неліктен рұсат берген?

Қазіргі таңда қоғамда бұл тақырып өте өзекті мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыда айтарымыз, көп әйел алуға мүлдем болмайды деп үзілді-кесілді қарсы шығу да, көп әйел алуды діннің негізгі талабы іспетті жаппай уағыздау да астамдық екені. Көп әйел алу – батыста қатты сынға ұшыраған тақырып. Алайда көп әйел алушылықты алғаш ойлап тауып, заңдастырған ислам діні еместігі ақиқат. Ислам келгенге дейінгі, әлемдегі әйел затының жағдайы баршаға мәлім. Ол кезде әйел затша саудаланатын, қанша әйелмен үйленем десе де еркектерге шек қойылмайтын. Әйелді қалаған уақытында қалаған адамына сатып немесе айырбастай салатын. Тіпті, көне Грек және Рим мәдениеттерінде әйелді адам деп те есептемеген. Ефлатонның пікірінше, әйел бір қолдан екінші бір қолға өтіп жүре беретін ортақ мүлікке  жатады. Ескі қытай мәдениетінде әйел заты адам саналмағандықтан, оған айдар тағып, ат та қойылмайтын болған.  Тіпті, батыс философтары  «Әйел заты жалпы адам ба, жоқ па? Адам болса, оның жаны бар ма, жоқ па? Бар болса, оның жаны ер адамдардың жанындай ма, жоқ әлде жануарлардың жандарына ұқсас па?» деген тәрізді адам шошитын ой-пікір таластарын да тудырған. Міне, әйел баласының жағдайы осындай жан түршігерлік қорлыққа толы бір заматта Ислам діні әйелдердің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Оны заттықтан адамдыққа, қорлықтан ардақты деңгейге көтерді. Тіпті, «Жұмақ –  аналардың табанының астында» деген сыры терең, сыны биік ұстанымға бас идірді. Жоғарыда айтқанымыздай,  ислам келмес бұрын әйелдермен үйленуде шектеу жоқ еді. Ер кісі қанша әйел алам десе де өз еркінде еді. Ислам осы шексіздікті төртеумен шектеді. Өзінің сыршыл күрделі талаптарын қойды. Олай болса, бұл да исламның әйел баласына жасаған жақсылығы десек артық айтқандық емес.

Екіншіден, төрт әйел алудың діндегі орны парыз яки уәжіп емес. Яғни, әрбір мұсылман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Көп әйел алу, бар болғаны, кей  жағдайларға байланысты адамдарға берілген рұқсат қана. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса,  әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдік тең қарым-қатынас  құруы керек. Яғни, біреуіне жылы шырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасау, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт қана болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіз араластықта болу дұрыс емес. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де жағдай жасауы керек. Ал мұндай талаптарды орындай алатындардың саны өте аз екені айтпаса да түсінікті. Ардақты Елші (с.ғ.с.): «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің береуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді»-деп әйелдерінің арасында әділетсіз қарым-қатынас жасаған еркектің ақыреттегі аянышты жағдайын білдірген.  Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Егер әйелдер арасында әділдік жасай алмаймын деп қорықсаңдар онда біреуі жеткілікті...» деген.

Ал енді ислам дінінің көп әйел алуға рұқсат етуінің өзіндік бірқатар себептеріне тоқталайық. Ер адамдардың саны әйел адамдарға қарағанда әжептеуір аз. Оның себебі, ер адамдардың қазалы оқиғаларға көптеп душар болуында. Мысалы, соғыстарда, жол апаттарында, тағысын тағы  басқа жағдайларда ер адамның көптеп қаза табатыны сөзсіз. І-ІІ дүниежүзілік соғыста  миллиондаған ер адамның қаза тапқанына тарих куә. Қаза тапқан бұл ер кісілердің артында көзі жәутеңдеген бірнеше баласымен аңыраған жас әйелдері жесір қалды. Осы мыңдаған, миллиондаған жесір қалған әйелдердің де үйленіп жанұя құратын ер адамның, жас бүлдіршіндеріне қамқорлық көрсетер әкенің қажет екені сөзсіз. Екі әйел алуға рұқсат жоқ жағдайда бұл мәселе қалай шешілмек? Қорғансыз аналар мен бүлдіршіндер кімге аманат?

Қазіргі таңда көптеген елдерде соғыс болмаса да әйел санының ер адамдардан әлдеқайда басым екені белгілі. Осының салдарынан көптеген бойжеткендер  уақытында үйлене алмай үйде отырып қалуда. Әрине, бұл қыздардың да үйленгісі келетіні, ана болуды аңсары, белгілі біреудің қамқорлығын, өмірдегі тірегін іздері хақ. Ал бұл мәселелер заңды түрде әрі жауапкершілік шеңберінде шешілмеген жағдайда қоғамда түрлі келеңсіз жайттардың етек алары сөзсіз.

Бұлардан да жиі кездесетін бір жағдай – ер адамның екі әйел алуға мәжбүр болу жағдайы. Перзент сүйгісі келетін ер азамат некелескен әйелі дүниеге бала алып келе алмайтын бедеу болған жағдайда не істейді? Бірінші әйелімен ажырасып, басқамен үйлене ме? Яғни, сәби дүниеге әкеле алмағандығы үшін онсыз да жарым көңіл жүрген әйеліне опасыздық жасап, оны талақ етіп, басқа біреумен қол ұстасып кете бармақ па? Жоқ әлде әйелін де далаға тастамай, оған күйеу әрі сүйеу болып екінші бір әйелмен некелесе ме? Әрине, бұл тұста ақылға да, ар-ожданға да қонымдысы екінші таңдау екені сөзсіз. Осы жерде бірінші әйелімен де ажыраспасын, екінші әйел де алмай жүре берсін деген ой туындауы мүмкін. Алайда, бұған барлық азамат көне алмайды ғой. Әр адамның өзінше бір әлем екені де ақиқат. Өмірде өз белінен перзент сүю сияқты арманы бар адам мақсатына жетпей байыз таппасы және белгілі. Тіпті, екі-үш бала емес, ұрпағының көп болғанын қатты қалайтын еркектер де кездеседі.

Сондай-ақ, адам баласы өмірде әр түрлі жағдайға тап болады. Мысалы, әйелі айықпас дертке шалдығып, күйеуіне дұрыс қарай алмайтындай жағдайға душар болса, ер азаматтың тағы да екінші нұсқаны таңдағаны абзал емес пе?

Жоғарыда айтылған жағдайлар болмаған күннің өзінде де көп әйел алуға ислам діні рұқсат етеді. Олай дейтініміз, бірінші әйелін жақсы көрумен қатар көңілі басқа әйелге де бұрып тұратын адамдардың да кездесері сөзсіз. Себебі, барлық адамның табиғаты, жаратылысы бірдей емес. Кейбір азаматтардың жыныстық қабілеті мен құмарлығы артықтау келеді. Бұған қоса, бірінші әйелі көңілінен шықпай қалуы да әбден мүмкін. Көп әйел алуға тыйым салған жағдайда мұндай күйдегі адамдар әйтеуір бір жолын тауып алғашқы жұбайымен ажырасып тынуы немесе жасырын көңілдес тауып, шариғат тыйған зина сияқты харам істерге баруы бек мүмкін. Сөйтіп, Жаратушының алдында – күнәһар, ал бала-шағасының алдында – екіжүзді болады. «Біреу біліп қоя ма?» деген күдікті ойдан құтыла алмағандықтан, психологиялық тұрғыдан мазасыз болады. Ол ол ма, көңілдес әйелдерді тек өткінші төсек ләззаты үшін  ғана пайдаланғандықтан, олардың да абыройы айрандай төгіліп, әркімнің қол жаулығына айналары белгілі. Екі ортада тірі жетім қорғансыз сәбилер мен олардың қорланған шешелері қалады. Бүгінде көп әйел алуға үзілді-кесілді тыйым салған европа бұнысымен қаншама әйелдермен жасырын түрде төсектес болуға, яғни көңілдестік пен ойнастықтыққа, жезөкшеліктің етек алуына, мыңдаған балалардың әкесіз дүниеге келуіне, сансыз түсік тасталуына көз жұмып қарауда.

Бұл шындықты батыстық ғалым Густав Ли Вон: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін европалықтардан әлдеқайда артық» деп ашық мойындаған.

Иә, көп әйел алудың ислам дініндегі үкімі – парыз не  уәжіп емес. Тек рұқсат. Жоғарыда айтылғандай, көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен арнайы талаптарының барын ескерер болсақ, көп әйел алудың әркімнің батылы жете бермейтін жауапкершілігі зор іс  екенін байқаймыз. Бұған қоса, ер кісінің екі жанұяны бірдей басқаруға қабілеті жеткіліксіз болса немесе екінші әйел алған жағдайда бірінші жанұяның шаңырағы құлайтын болса, мұндай іске барудың өзі қатерлі әрі жауапкершілігі де ауыр. Сондықтан үйленетін адам өзінің жеке жағдайын, жанұясының ахуалын есепке алмастан мұндай қадамға баруы мүлдем дұрыс болмаса керек-ті.

13 пікір
  • Екі әйел алуға болады ма дегендерге жақсы, түсінікті айтылған жауап. Алла разы болсын Қайреке!
    2 жыл бұрын
  • Алла-Тағалам адасушылықтан сақтасын. Өте орынды жауап Алла разы болсын.
    2 жыл бұрын
  • Аллага шукир!онай нарсе емес екен!
    2 жыл бұрын
  • ALLAH razi bolsin!!!!!!!!!Okigandar okimagandarga zhetkizinizdershi!!!!!
    2 жыл бұрын
  • Ассаляму алейкум! Маша Аллах, Қайрат аға, өте өзекті мәселені қозғаған екенсіз. Аллах разы болсын! Түсінген жанға бәрі де ап-анық жазылған, естіген құлақ, көрген көз, білген жүрек - амал қылуынан өзгесі жоқ))
    2 жыл бұрын
  • Мен куйиме ала бер дегенбим, бир кызым жане Аллах Буйыртса екинши нарестем де дуниеге келеди. Уйленерден бурын койган шартым болган, Маган жеке уй бырак 2,3,4, айелдеринди менин уйиме жолатпайсын деп. Ягни, материальный и финансовый жагын сурадым. Кызганыш сезими болса да, шыдаймыз енди. Ен бастысы бир уйде барлыгын тыгып коймаса болды гой. Айтпесе куниге баска айелинин болмесинен шыгып жатканын корип кызганыштан олип калармын. Мен жеке туруды талап еттим. Бул менин хаккым деп есептеймин жане Шаригатка ешбир карсылыгы жок. Айел адам уйленерден бурын Талап немесе Шарт коюга хаккысы бар :)
    2 жыл бұрын
  • Ассаляму алейкум! егер биринши келиншеги бала котере алмаса не истеуге болады? Мен куйеуиме екинши токал ауга рухсатымды бергем куйеуимнин урпагы калганын калаймын. Жолдасым бала асырап алайык деп жур не истеримди билмеймин.
    2 жыл бұрын
  • "Тоқал" сөзі біріккен сөз. "Тоқ" және "ал". Бәйбішенің үстіне алған әйелдерді көңілінде қарнында "ТОҚ" қыла алсаң "АЛ" дегенді білдірсе керек. Бәйбіше сөзі "Байдың біріншісі" деген сөз. Негізі Тоқалдар ғана "БАЙЫМ" дейді. Бәйбіше "күйеуім" дейді. Яғни рухани дүниесі және материалдық жағдай БАЙ адам ғана тоқал алады. Бұл дала заңының исламмен қабысқан тұсы. Ендеше келіншектер байларыңыз емес тек күйеулеріңіз. Байларыңыз болу үшін тоқал алып беру шарт.
    2 жыл бұрын
  • Еки айел алам деушылерге айтылган жаксы соз екен
    2 жыл бұрын
  • Өті тұщымды жауап! Ешкімді сөкпеймін, алса ала берсін. Бірақ біздің елімізде заң тұрғысынан қалай болар екен? Мәселен, ер адам қайтыс болса, екінші не үшіншіден туылған балаларға жетімдік статусы беріліп, жәрдемақы төлене ме? Өз басым күйеуімнің басқа біреуге көз салады дегеніне сенбеймін. Және өзі де "біріншісін қатырып алсам да, сол жетеді",-деген. Аман болыңыз, Қайрат аға! Сіздің мақалаларыңызды іздеп жүріп оқимын. Отбасымыз берекелі болсын, достар!
    2 жыл бұрын
  • Қайрат аға, керемет жазыпсыз. islam.kz сайты осылай сауатты мақалаларымен толыға берсін.
    2 жыл бұрын
  • Қайрат аға салам алейкум. Сізге осы мақалаға қатысты жария турде емес жеке өзіңіздің парақшаңызда сұрайтындай мүмкіндік бар ма?
    2 жыл бұрын
  • Мен өзім əле үйленбегенмін. Бірақ та Қазақстанның азаматы ретіндегі өз ойым: Дəл қазіргі таңда біздің көбейуіміз керек. Ол үшін не істеу керек...?
    Бір əйелі бар ағаларымызда 2 баладан артық балары жоқ. 75% Осындай. Егер тағыда үйленсе ол кісі болмағанда тағы 2 еу тапқызады. Əр отбасыда 4 баладан болса жаман емес.
    Сондықтан ақылға салайық бауырлар...
    2 жыл бұрын
  • Токал туралы такырыпка ойсалар жауап
    2 жыл бұрын