16.08.2014 4349 Ойтамшы
Той

Жаз бен күз айлары тойға толы болады. Аллаға сансыз шүкір,тыныштықтың, бейбіт заманның шарапаты.  Әйтпесе тыныштығы кетіп, сәбилердің күлкісі бұзылған ел болғанымызда қайдағы той! Биыл да бірнеше тойдың қонағы, қуаныштың куәсі болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалатын тойлармен бүгінгі тойда әжептеуір өзгешелік бар. Жалпы тойдың басынан аяғына дейін отыруды ұната бермеймін. Дос-жаранның көңілі үшін барып, қуаныштарымен құттықтап, сыйлығымды тапсырып, ыңғайы келгенде рұқсат сұрап кетуге әзір тұрамын. Оқудан алғаш келген кезімде той атаулыға дәл шақырылған уақытында жетіп баратынмын. Сол баяғы уәдеде тұру, уақытты ысырап қылмау, мұсылман деген пунктуальный болуы тиіс деген жақсы ойдан. Бірақ мен асығып-үсігіп барған тойдың барлығы кем дегенде екі сағат кешігіп басталып жатты. Өзгені күткізбейін дегенде өз уақытымды ысырап қылып, есік алдында жалғыз өзің сопайып тұрғаның. Тіпті той иелері мына кісі неменеге ерте жетіп келген дегендей өзіңе бір түрлі қарайтын секілді. Сөйтсем қазекемнің  бес дегені жеті екен. Сосын мен де дәл уақытында екі сағаттан кейін баратынды шығардым. 

Алғашқы кездері дінге ден қойған көп жастар шарасыздықтан ақыл сұрап маған жиі келетін. Айтатындары үйлену тойымды жасамақшы едім, ата-анам: "арақсыз той болушы ма еді, ел не дейді, ұят емес пе?- деп тойымда арақ қоюды шарт қойып жатыр. Сосын ата аналарына "Тойда небір жақсы тілектер айтылып, баталар беріледі. Арақ құйылған тойда соның біреуі де қабыл болмайды. Ұл-қызыңыз бақытты болсын десеңіз адал дастархан жайыңыз.  Қазақ ғасырлар бойы арақсыз-ақ қымыз, шұбатымен қызын ұзатып, ұлын үйлендіріп отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізді емес пе?" - дегендей сөздермен түсіндіріп әлек болушы едік. Он неше жыл бұрын туған ағамның тойын арақсыз өткіздік. Ертесі ағамды бір досы көшеде көріп қалып: "кешегі берген құдайы тамағың жақсы өтті" - деп мазақ еткені бар. Бүгінде Құдайға шүкір арақсыз өтетін дастарханы адал тойға ешкім жатырқай қарамайды. 

Тағы бір жақсы өзгеріс қалыңдықтың той көйлегінде. Бұрын жаппай батыстың жыртық ақ көйлегін киетін. Ал қазір қазақтың бүрме етек көйлегі мен әдемі сәукелесін кие бастадық. Тәуба! Басымызды тік ұстап, мақтанышпен киетін киім үлгісі. Неткен әсем киім! Ұзатылар қызына осындай көркем киім тіккен ата-бабамызға мың алғыс!

Тойдағы тағы бір жақсы өзгерісті бір неше жыл бұрын белгілі спортшы Ардақ Назаров бауырымыз  өзінің үйлену тойында жасады. Той соңында таратылатын  үстінде от жанған тортты беруден бас тартты. "Торт үстіндегі отты үрлеп өшіргенде, өз ошағымның отын өшіргендей күй кешемін. Сосын оны ата-анамыздың аузына кішкентай бала секілді тықпылап жатқанымыз ерсі көрінеді. Одан да қазақта "келін шай" деген бар.  Ендеше келіндері той үстінде шай құйып, үлкендердің батасын алсын дегені бар. Кешегі қатысқан тойда да осы жақсы өзгерістің жалғасын тапқанына куә болдым. Белгілі өнер адамы Бекжан Тұрыс ағамыз талай тойды осылай өткізіп жүргенін айтты. Алла разы болсын!

Тойдың ендігі бір өзгерісті қажет етіп тұрған тұсы, тойшы қауымның бірі қалмай ортаға шығып, бірінің сөзін бірі қайталап ұзыннан ұзақ сөз сөйлеуі. Тіпті қателікпен ортаға сөз сөйлеуге шықырылмай қалса, əжептеуір ренжіп қалатындары тағы бар. Олардың сөйлеген сөзін тыңдап жатқан кісі болсашы. Мұны да өзгертуіміз қажет. Тойда кейбір адамдарға сөз сөйлетіп, тілек айтқызу қажет шығар. Бірақ тойды бастан аяғына дейін жиналысқа айналдырмау ләзім. Құдайға шүкір сана өзгерген сайын тойдың мазмұны да өзгеріп келеді. 

13 пікір
  • Ауылда есігі ең жақын көршіміз осы Ардақ ағалардың үйі. Құттықожа ағалар (әкесінің есімі) келін алып, той жасағанда, Ардақ аға үйленді деп бәріміз қуанғанбыз. Тойда келін самаурынмен шәй құйыпты деп, жаңашылдыққа жұрт риза болды. Жалпы тойда балалар үшін әсіресе, ақ көйлектегі келіннің жүзін көру қызықты ғой. Ойыма көп нәрселер оралуда.. Той көп болсын. Ажырасу болмасын.. Ел тыныш болсын! Осындай өнегелі порталды жарыққа шығарған ұйымдастырушыларға, сондай-ақ, ойыңызбен бөлісіп, "бас редактор бағанын" ашқаныңызға ризамын. Жарияланып жатқан барлық мақалаларыңызды оқыған сайын риза боп отырамын. Алла разы болсын сіздерге.
    2 жыл бұрын
  • Алла разы болсын сізге! Islam.kz тің ғұмыры ұзақ болғай! Əмин!
    2 жыл бұрын
  • Түу, Қайреке, 412ші Москвичтен соң ұзақ күттік қой ойыңызды..
    2 жыл бұрын
  • Той дарақылықтың бір нышаны ғана. Ішіп-жеу. Шариғаттың шеңберінен қазақтың тойы баяғыда асып кеткен. Бұл жалғанда көп күлгендер, ақыретте көп жылайтынын ескеру керексияқты. Жалпы той-тойлауды тоқтатқан ләзім.
    2 жыл бұрын
  • Alla razi bolsin Songi tuiyniniz katti unadi. Jalpi keremet oi tamshilari. Ozinizdi sagindirmai tez tez jazip tursaniz...
    2 жыл бұрын
  • Кайрат ага Казакстан калаларын аралап сабак берсениз екен... кушти болар еди...
    2 жыл бұрын
  • Қайрат аға, сіздің уағыздарыңызды толығымен қайдан тапсам болады? уағыздар бөлімін ашып жинақтасаңыз,
    2 жыл бұрын
  • Иә, бұрын алғаш намаз бастаған (2003 ж) жыладары менде мынадай ой болатын еді. Жалпы дінге бет бұрған адам бүткіл қызықшылықтан бас тартуға тәуекел етуі қажет деп. Оның ішінде осы той да бар, себебі ол кезде ішімдіксіз той өту атымен жоқ болатын. Бірақ ақылыма біртүрлі сыймайтын. Сөйтсем біз шариғат тыйым салады деп ойлап жүрген кейбір нәрселердің тек сипатын ғана өзгерте салуымыз керек екен ғой. Былайша айтқанда форматын ауыстырасыз. Әйтпесе расында Аллаһ тағала адам табиғаты қажет ететін нәрселерді тыймайды екен. Тойдың шариғатта негізі бар екен, тек оны сол шариғаттаың шеңберінен аспай атқару қажет...
    2 жыл бұрын
  • Шариғат шеңберінде өтетін той: ең алдымен дастархандағы ас таза болу керек (таза деп адал болуы меңзеледі). Яғни ішімдіксіз т.б. одан кейін ерлер мен әйелдердің арасында белгілі бір дистанция болуы керек. яғни біреудің әйелімен бейберекет билеу әрекеті болмауы тиіс. Ең кемі осылай болуы керек. Ал тойды өте қызықты, көрген жұртқа ой саларлықтай ғибратты етіп әртүрлі нәрселермен әрлеу нұр үстіне нұр болады. Түрлі түрлі қылып кереметтей етіп өткізуге болады негізі. т.б....
    2 жыл бұрын
  • Аллаһ Қаласа олда болады))) Шыдамдылық керек! Түзеліп келе жатырмыз ақырын, түзелемізде Аллаһтың құдыретімен!
    2 жыл бұрын
  • Әссәлямуъалейкум,Қайрат аға!Алла разы болсын сізге!жазған ойтамшыларыңыздың барлығын дерлік оқып шықтым.Қоғамда өзекті мәселелерді тілге тиек қылып, санаға жеңіл жеткізе біледі екенсіз. Діннің, ұлттың жанаашыры болып жүре беріңіз!Алла істеріңізге береке берсін!
    2 жыл бұрын
  • Қазіргі таңда той жасау, жарысқа айналып кетті. Тойдың дәуірі жүріп тұр. Бірақ адамдар арақ қоймасақ құдамыздан ұят болады, араласып жүрген дос-жарандарымыз не айтады бізге,кезінде менде олардың арағын ішкен едем, ел жұрт мынаның пейілі тарылып кетіпті деп, дел-сал болып, арыға,нақты ойлауға санасы жетпей, арақ-шараппен өткізіп жатыр. Неге қоясын десең қайтем енді дейді.... Ортам осылай дейді.....
    Бұл болмайды, бұл ортаны өзгерту керек?Қалай?... Қазіргі кезде халық 1-ақ адамдың сөзіне құлақ асады,тыңдайды, ол мешіттердегі имамдар! Барлық жерде, Жұма Намазда, мешіттердегі бес уақыт намаздарда арақтың күнәсі жайлы уағыздарды айту керек, батырып айту керек. Біз осылай жай-жай болсада, жақсы жағына қарай жылжимыз. Көп адамдар әлі де білмейді арақтың зардабын......
    2 жыл бұрын