26.06.2014 4761 Ойтамшы
Рамазан акциясы

Ассаламуғалейкум қадірлі достар! Ғылыми зерттеу жұмыстарыма байланысты шетелде жүргендіктен біраз уақыттан бері бағаныма жаза алмадым.

Міне, қасиетті рамазан айы да келіп жетті. Әуелі баршаларыңызды шарапаты мен шапағаты мол осынау мүбәрак аймен құттықтағым келеді. Жаратқанның рақымы мен берекесі ерекше асып-төгілетін бұл айдың қадірін біліп, мейлінше тиімді пайдаланайық достар! 

Ол үшін:

  • Өзімізге күндік кесте жасайық! Атқаратын жұмыстарымыз бен құлшылықтарымыздың әрқайсысының уақытын белгілеп, ретке қояйық.
  • Міндетті түрде сәресін ішуге көңіл бөліңіз. Сәресі оразаны оңай ұстауға, құлшылық, жұмыстарыңызды сергек атқаруыңызға көмектеседі.
  • "Оразамын ғой" - деп күндіз шамадан тыс ұйықтамаңыз. Берекелі уақытты босқа өткізбеуге ұмтылыңыз!
  • Ауызашарда асты шамадан тыс тойып ішпеңіз!
  • Бес уақыт намазымызды мүмкіндігінше жамағатпен оқиық!
  • Тарауих намазынан қалмаңыз!
  • Кей мешіттерде тарауих намазында Құранды 15 күнде хатым етіп жатады. Құран хатым етілгеннен кейін босансымаңыз. Айдың соңына дейін құлшылығыңыздағы қарқынды азайтпаңыз.
  • Арабша оқи алсаңыз, бұл айда Құранды ең болмаса бір рет хатым етіңіз. Күніне бір пара оқысаңыз болғаны.
  • Құранның арабшасын оқи алмасаңыз қандай да бір тәпсір оқыңыз.
  • Осы айда жаңадан бір сүре, дұға болса да жаттап, жадыңызға қосуға ниеттеніңіз. Оның мағынасын түсінуге тырысыңыз.
  • Кем дегенде бір іргелі діни кітапты оқып шығыңыз. Үлкен болса беттерін күндерге бөліп тастаңыз. Ұнаған жерлерін бөлек жазып алыңыз.
  • Сәске, әууабин секілді нәпіл намаздарды, арнайы дұғаларды күнделікті оқуға дағдыланыңыз. Рамазаннан кейін де жалғастыруға ниеттеніңіз.
  • Ауызашарға тек жиі араласатын таныс, туысқандарыңызды, қызметтестеріңізді емес, басқа адамдарды да шақырыңыз. Мысалы студенттерді, көптен араласпай кеткен таныстарыңызды, мүлдем танымайтын мұқтаж жандарды.
  • Жағдайыңыз келсе, көбірек садақа беріңіз!
  • Өзіңізге сын көзбен қараңыз. Осал жеріңізді, бойыңыздағы жағымсыз мінезді табыңыз. Рамазан бойы солардан арылуға ерекше қайрат көрсетіңіз. Ең болмаса, біреуінен құтылыңыз. Шын мәнінде мінсіз кісі болмайды! 
  • Темекі тартатын кісілерге бұл ай таптырмайтын мүмкіншілік. Онсыз да күндіз темекі тартпайды. Ендеше, осы айдың шарапатын пайдаланып, темекісін тастауға әбден болады.
  • Ұзаққа созылатын бос әңгіме, арзан қалжыңға себеп болатын жиын, отырыстардан қашыңыз! 
  • Телеканалдардағы пайдасыз бағдарламалар, бітпейтін телесериалдармен уақытыңызды өлтіріп алмаңыз! Ғаламторда, әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт отырмаңыз!
  • Нәпіл құлшылықтың қайсысын, ізгіліктің нендейін жасасаңыз да, ең бастысы аз болса да, шамаңыз жететіндейін тұрақты түрде жасаңыз! Алғашқы күндері үйіп-төгіп жасап, кейіннен ауырсынып түгелдей тастауға мәжбүр болып жүрмеңіз!
  • Былтыр бізбе бірге ораза ұстаған кейбір жандарға биылғы ораза нәсіп болмады. Ендеше, биылғы рамазан айының да кез келгеніміз үшін соңғы рамазан болуы ықтимал екенін әсте естен шығармайық! 
13 пікір