12.06.2014 3951 Ойтамшы
Жауапкершіліктен қашу....

Терроризмнің түрлі себептері бар. Мен соның біреуіне тоқталамын. Шала, жаңсақ діни білім радикализмді тудырады. Ал радикализм өз кезегінде террорға жүкті. Дін жайлы шала һәм қате түсініктегі кісі көп нәрсені білемін деп ойлайды. Айналасындағы өзі секілді ойламайтындарды адасып жүр деп пайымдайды. Дінді қалай жеткізу керектігін, жалпы насихат тәсілін білмегендіктен кесіп әрі қатал һәм жөнсіз айтады. Нәтижесін бүгін күтеді. Ал ондай уағыздың пайдасынан көрі зияны басым. Айналасындағылар оны көргенде анадайдан қашатынды шығарады. Қашпағанда ше? Кездессе болды, әйшәйіңе қарамай көпшіліктің көзінше бас салып, әзірейілдей шүйлігіп өзінің жаттанды, үрейге толы уағызын айтып зәрелерін алып, ығырларын шығарады. "Адасып жүрсіңдер, шатасып болдыңдар, тозаққа барасыңдар дейді. Анау харам, мынау бидғат, тіпті ширк" -  деп дүниені төндіріп, кең әлемді тар қапасқа айналдырады да тастайды. Не керек, жұрт бұдан азар да безер болады. Тыңдағандардың арасында өзіне қарсы шауып, "уаһабисің, сәлафисің, анаусың, мынаусың" - деп айтып-айтып тастайтын мінезділер де табыла кетеді. Талайды ренжітеді, талайдан көңілі қалады. Көпшіліктің ортасына бара қалса, өзі жайлы бірдеңкелерді күбірлесіп жақтырмай отырғандарын байқайды. Қоғамның қысымы. Қай жерге барса,  қорқыттың көрі.  Ендігі жерде адамдар бұдан, бұл адамдардан аулақ жүреді. Осылай қоғаммен түсінісе алмаған жан, өзін үнемі бөтен сезінеді. Айнала біткеннің бәрін дұшпан санайды. Әуелі дос-жаран, таныстарынан, кейіннен туыстарынан  айрылады. Бара-бара кең дүние тарылып, қара түнекке айналады. Өмір сүру қиындай береді. Ел қатарлы жұмысқа тұрып, онда тұрақтап жұмыс істей алмайды.  Себебі кеңес өкіметінің ғасырға созылған дінсіздік саясатының әсері әлі толық кете қоймаған қоғамда қайсыбір араб елдеріндегі қағидаларды қатаң ұстанғысы келеді. Онысы бола қоймайды. Не керек, аяғында жасаған жұмысы, тапқан ақшасы жоқ, қоғамнан оқшауланып қала береді. Болашағы жоқ. Енді не істейді? Бұдан шығар жол не? Тезірек кету. Қайда? Жұмаққа. Оңайы осы деп ойлайды. Жоқ, солай ойлауға мәжбүр. Басқасы қолынан келмейді. Сіресіп қалған қисық сенімі оған жібермейді. Ғұмыр бойы бес уақыт намаз оқып, ораза ұстау, "Мұсылман болу әсте-әсте" деп аса төзімділікпен елге дінді сүйдіріп, сүйіншілеп жеткізу. Нәпсісімен күресіп, көркем мінезді болуға ұмтылу. Айналасындағы әрбір адаммен қандай жан болса да тіл табысып, бірге өмір сүру. Кешірімді, мейірімді болу. Отбасын өзінің маңдай терімен тапқан нәпақасымен бағу. Ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу. Елге пайдалы болу. Мұны жасағысы келмейді. Осының бәрінен тезірек құтылып, жұмаққа бірден кіре салғысы келеді. Ақырында онсыз да өз өмірін өз қолымен тозаққа айналдырған мұндай психологиядағы адамды қайсыбір саяси ұйымдар өз мүдделеріне пайдаланады да кетеді.

Шейіт болу Алла жүктеген жауапкершіліктен қашудың жолы емес. Ол қастерлі ұғым. Отанды, елді, жерді қорғау жолында мемлекет басшысының жарлығымен болған соғысқа қатысып, жан тәсілім етсең шейітсің. Өз жанын қию үшін емес, өзгеге өмір сыйлау үшін.

3 пікір
  • Өте жеңіл түсінікті, мағыналы жазылған, алла жар болсын! Тілек дұғаларыңыз қабыл болсын.
    2 жыл бұрын
  • Осы біздің ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз Кеңес дәуірінде намаз оқыды. Шешем өкіметтің қызметін атқарып жүріп, әкем ауыр еңбекке жегіліп жүріп-ақ оқыған. Ол кезде біз әлі баламыз. "Бұл - Ленин бабамыз" деп ән саламыз. Әке-шешем күлетін де қоятын. Сөйтіп жүріп барлық ауыртпалықтарды көрді, бала өсірді, үй салды, мал ұстады. Жұмысын да істеді. Туыстарымен де қатынасты. Бала оқытып, үйлендіріп, тұрмысқа берді. Немере де бақты. Зейнеткерлікке шықты. Әкемнің ауылдың шалдарымен әңгімелесеп отырғанда, "сақабалар, Омар" деген сөздерін естіп қалатымын. Себебі мені атамның аты да -Омар болатын. Ол кезде тіптен баламын. Теріскейдің ызғарлы қысын елеместен, дәрет алып, бет-аузынан су тамшылап, сырттан үйге кіріп, төргі бөлмеге өтіп, намаз оқитын. Таң атпастан тұрып, азан шақыратын. Шешем де өле-өлгенше, тіпті өмірінің соңына дейін төсекте жатып, күбірлеп намаз оқып жататын. Бірақ ешқайсының "сен - салафисің, сен - анаусың, мынаусың" дегендерін естімеппіз. Олардың білгені де, көргені де, істегені де бір-ақ нәрсе - намаз. Оны менің молда көрген нағашы атамнан үйренсе керек. Әйтеуір, "ханафимыз" дейтіні еміс-еміс есімде. Сөйтіп жүріп, әкем 1997-ші жылы, шешем 2012 -ші жылы дүние салды. Ал қазіргі мұсылмандар топ-топқа, жік-жікке бөлініп кетіпті. Неге? Бұл не, атадан қалған мұра ма еді? Ойланайық, бауырлар!
    2 жыл бұрын
  • Мен Атырау облысы Кулсары каласында дуниеге келдiм, уй-жайым, кызмет бабымда осы калада.. жумыс орным орталык базар манында Сауда уйiнде орналаскан.. Базар болган сон бул жерде кызметтiн, сауда-саттыктын турi бар, осы бiр уакытша дуниенiн iшiнде кумалакшы апамызда бар.. коптен берi корiп журген орталык базардагы кумалакшы апай бiзге беймалiм адамдардын тагдырын болашагын калай бiлiп шешедi екен, деген ойда журушi едiм, акылды, козi ашык адамдарга калай тусiндiрсем болады екен деумен келiп едiм?
    Жауабым табылды)) бiр кордiм, уакыт оте екi кордiм, сойте-сойте ушiншi рет байкадым.. сол апайымыз казакша сканвордты шеше алмай жан-жагынан шешiмiн жорамалдап сурап отырса калайша бiреудiн бiзге гайып болган, купия болашагын жори алады екен?..
    Мурат Кулсары
    2 жыл бұрын