23.05.2014 3791 Ойтамшы
ҚОНАҚ

Қонақ болудың өзіндік этикасы мен мәдениеті бар. Қонақ үй иесінің нұсқауымен ғана әрекет етеді. Рұқсат шеңберінде ғана қимыл жасайды. Ал қандай да бір нәрсеге абай болуы керек екені ескертілсе, онда  ол нәрседен барынша аулақ жүреді. Алда-жалда байқамастықпен бір нәрсені бүлдіріп алса, иесінен иіліп кешірім сұрайды. Бергенін ішеді, қай бөлмеге төсек салынса, сол жерге жата кетеді.  Ұсынылған тағамды ұнатпай, мінез көрсету әбестік.  Қазақтың: "Қонақ қойдан жуас" деуінің мәнісі осы. Бәрімізге белгілі осы нәрселер жер бетіне Құдайдың қонағы ретінде жіберілген адамға да тікелей қатысты екенін көбіміз біле бермейміз. "Адам бұл дүниеге қонақ" деп жатамыз. Ендеше, бізді қонақ етіп отырған ұлы Иеміздің рұқсат шеңберінде, риза болатын істерінде ғана әрекет жасауға тиіспіз. Тыйым салып, ескерткен дүниелерінен барынша аулақ жүруіміз ләзім. Ұлы иеміздің тарту еткен ырыс-нәсібесін кесірленіп, азырқанбай, қанағат етуіміз керек. Жаратқанның сыйлап шақырған "дүние" атты сарайындағы әрбір нәрсенің қадірін біліп, ұқыппен қарауымыз қажет. Алайда қонаққа қатысты осынау қарапайым қағидалар мен этиканы ескермей  жер бетінде қаншама қонақтың қадірі кетіп жүр. Ойланса талай дүние шыға береді. Тарқатуды өздеріңізге қалдырдық...

2 пікір
  • Ой салардай жазылыпты. Ой болғанда да ұшан теңіз ой. Қанша адам бар әрқайсысының қонақ күтуі, біреуге қонақ болуы да әр түрлі. Жақсы, сыпайы, сүйкімді қонақ болады. Мазасыз, дөрекі, құтылғаныңша асығатын қонақ болады. Қонақ болу да, қонақ күту де адамның ішкі мәдениеті, тәрбиесіне байланысты. Сол сияқты өмірде де өзін ұстау әртүрлі. Қонақ емес, қожайын іспетті жүретін жандар бар. Ешнәрсемен маңыздалмаған жалған көкірек, болмашы дүние мен маңсапты алға тартқан менмендік аясынан шыға ламай жүргендер бар. Соңғы кезде осындай адамдар өзіме өкінішке орай жиі кездеседі. "Менен басқа неме жоқ, жер бетінде кеме жоқ" деген ұстаныммен өмір сүру өзінше бір сәнге айналды. Сол менмендікті жүректеріне әлдилеп, мәпелеп, күш беріп өсіретін өздері. ортасы. Алдамшы өмірге қонақ екенмін деген ой қаперіне де кірмеген адам жалпы өмірде бәріміз бір бірімізге қонақпыз дегенді әлбетте ойламайды. Жөнімен, ақылмен, материалдық дүниемен қоса рухани азығын байытып отыратын да адамдар бар. Олармен арласу да, дос болу да тамаша, жеңіл, өмірінен алар үлгісі болады.
    Дос, жолдас, көрші, тіпті бауырың мен ата ана барлық кісі бір біріне қонақ. Ал есігіңе келген қонақты күтесің, барыңды алдына тосасың, көңілінен шығуға тырысып бағасың. Неге солай деп сұрасаң, ол кісі ғой, аз отырып көп сынайды, жақсы ойда кетсін дейді. Ал өмірде де солай сыйластық құрып, жақсыңды аямай жүруге неге болмайды?
    Менің түйген ойым қарапайым қонақ этикасын білмейтін, білсе де сақтамайтын адам өмірде де солай, ыңғайсыздық тудыруға, біреуге масыл болуға, ақысын жеуге оңай барады. Бұл менің жеке ойым.
    3 жыл бұрын
  • Адам конак екенін мүлдем ұмытпай "өз үйіне" кайтатындығын әруақытта есте сақтауы керек.
    3 жыл бұрын