26.04.2014 3909 Ойтамшы
Діни роман

Осыдан шамамен екі жарым жыл бұрын Астана әуежайында белгілі жазушы Смағұл Елубай ағамызбен ұшырастым. Жазушы ағамыздың қазақ елі душар болған ашаршылық жайлы жазған "Ақбоз үй" романын оқығаным бар еді. Әңгімеміз жарасып кетті. Мен кітаптан алған әсерімді айттым. Ағамыз әңгіме барысында: "Мен басымды сәждеге қойып, намазға жығылдым" демесі бар ма?! Көкірегімді әлдебір қуаныш сезімі кернеп кетті. Аға! - дедім де, қуанышымды жасыра алмай, құшақтап, қолын қыстым. Ағамыз ұлы Жаратушы жайлы көп ойланғанын, жаратылыстың мәні турасында терең толғана айта келіп, ақырында бәрінің жауабын Исламнан тапқанын жеткізді. Смағұл ағамыз секілді кеңес кезеңінің тәрбиесін көрген, атағынан ат үркетін жазушылардың дінге толықтай бет бұруы тосын әрі сирек құбылыс. Әрине намаз оқып, шариғатты толық орындамаса да,  дінге оң көзбен қарайтындары да жетерлік. Дегенмен көпшілігі өзінің іштегі "Мені" мен жиып-терген атақ-мансабын "құдай" жасап, соған табынып жүр. Ал бұл кісі басын сәждеге қойғанын мақтанышпен айтып тұр. Қалай қуанбайсың?! Аға! - дедім, мен роман жазатындай қабілетті жазушы емеспін. Бірақ сіз секілді сөз зергерінің Жаратушы һәм жаратылыс жайлы роман жазғанын қатты қаладым. Жазылса қандай керемет әрі сауапты іс болар еді. Ислам әлемінде мұндай роман жоқтың қасы. Бас кейіпкер ретінде "Кеңес өкіметінде өмір сүріп, оның құдайсыздық саясатының қысыр екенін кеш түсінген бір ойлы адамның Жаратушы жайлы ішкі ізденісін, жаратылыс һәм адам өмірінің мәні туралы сан түрлі пәлсапалық сауалдарына жауап іздегенін алсаңыз. Сонда қым-қиғаш оқиғалардың желісінде әлгі кейіпкермен бірге оқып отырған адам да сұрағына жауап тауып, дінге бет бұрар еді" дедім. Смағұл ағамыз айтылған ойды құптады. Ұшақтың әуеге көтерілер уақыты келді. Тәтті сұқбатымыз аяқсыз қалды.

Порталымыздың ашылуына Смағұл ағамыздың сұхбатын шашу ретінде беріп отырмыз. Ойлы һәм мағыналы сөздер. Үзінді келтірейін, толық сұқбатты міндетті түрде оқығайсыздар.

"Адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа тіреледі десек қателесеміз. Өйткені, адамға Жаратушы берген потенциал, яғни мүмкіндік тым зор, тым орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық  емес -  рухани субстанциясында. Адамның материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Бір күні молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған адам түптің-түбінде  шын Жаратушысын сөзсіз іздейді. Өйткені, адамның жаны әуелден Хаққа құмар. Абай атамыз айтқандай: «Ойымда күндіз-түні бірақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі». 

10 пікір
  • Шындығында біздің әдебиеттің ең бос қалған тұсы "Діни шығарма" кім осыны жазады сол нағыз жазушы.
    3 жыл бұрын
  • Ассаламугалейкум! Кайрат ага рухани-ағарту порталы оң болсын қазіргі заманың дамып жатқан озгнріп, дамып жатқан ақпараттар бар осы сайтта Hi-Tech News НОВОСТИ
    ВЫСОКИХ ТЕХНОЛОГИЙ керегін алып осы сайтка қойса деп ойлаймын жай менім пікірім.
    3 жыл бұрын
  • Уағалайкумассалам Руслан. Ұсынысыңызға рахмет!
    3 жыл бұрын
  • Ассәләмуалейкум, Қайрат аға! Ой-пікірлеріңізбен толықтай қосыламын. Өзіңізбен тікелей тілдесу мүмкіндігін қарастырғандарыңыз, ашып отырған мына ұлттық порталдарыңызбен қатар, біздерге жасалған жақсы мүмкіндіктің бірі. Сол үшін де Аллаға шүкір және сіздерге рақмет. Айтайын дегенім, "Ислам және отбасы" бөліміндегі бала тәрбиесіне арналған мақалаңыздан түсінерім көп болды. Сол сияқты Исламдағы ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы мен олардың міндеттері жайында жазсаңыз екен. Басқа да көптеген әдебиеттерден қарым-қатынас, міндеттері жайлы оқығанымыз болса да, сіздің жазғаныңыз артық етпес еді... Әсіресе, қазіргі қоғамдағы отбасылар мысалға алынса нұр үстіне нұр еді. Жазарларыңыз көп болсын! Жаратушымыз жар болсын!
    3 жыл бұрын
  • Смағұл ЕЛУБАЕВ
    Ассалаумағалейкум! Қайрат бауырым! Еске алғаныңа рахмет!
    Әзіреті Сұлтан мешітіне Бас имам болды деп есіткем. Құтты болсын!
    Мына жаңадан ашылған порталдың оқырманы көп болуына тілектеспін! Шіркін күллі қазақ жастары оқыса керемет болар еді-ау! Иманды қоғам құру идеясына сонда жақындай түсер едік. Өзің айтқан діни роман идеясын әлі де ойлап жүрмін. Алладан бұйрық келсе жазармын. Бекен ініме сәлем!
    Құрметпен Смағұл
    3 жыл бұрын
    • "Ақбоз үй" – жылап отырып оқитын роман. Халқымыздың бір кездердегі аянышты халіне жыламау мүмкін емес. Тек Хансұлудың тағдыры сорақы болып аяқталғаны қынжылтты. Әп-әйбәт қыз құдайшыл болып, тағдыр тауқыметіне сабыр етіп (арақ ішпей), бетін Аллаға қаратқанында қандай жақсы болар еді. Әттең, бірақ бұл роман ғой. Қайрат аға айтқандай, бас аман болса, Смағұл ағалар ондай да шығармаларды жазар ...
      8 ай бұрын
  • Уағалайкумассалам Смағұл аға! Тілек пен ниетіңізге рақмет. Оқырмандарымыз өзіңізден құнды мақалаларыңызды, қысқа әңгіме, ой-толғамдарыңызды күтеді.
    3 жыл бұрын
  • қадірлі Қайрат бауырым Алла ісіңізге берекет берсін. Қазір зиялы азаматтар арасында "Абай діні" дейтін түсінік бар. Бұл сөздің мәні "Ислам дінін Абайша түсіну немесе Абай танымы" дегенге келетін сияқты. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз қалай?
    3 жыл бұрын
  • Ассаламугалейкум, Қайрат аға! Сайтты жетілдіруге байланысты ұсыныстарды қай мекен-жайға жазуға болады?
    3 жыл бұрын