Соңғы Аудиолар
2 пікір
  • Ұлытау - ұлттың ұясы

    Орындаушы: Армат Исламғалиев
    Сөзі: Мұнайдар Балмолда

    Сиынып Жасағанға сөз бастайын,
    Өткенге өгейсітпей көз тастайын.
    Төбемнен төнеді кеп уақыт дүлей,
    Тамырыңды білмесең санаспайтын.

    Айтайын ақтарылып Алаш жайын,
    Қырандай қанат қағып, құлаштайын.
    Ұлтыма ұйтқы болған Ұлытауым,
    Жайында қалайша мен жақ ашпайын?!

    Қойнауы құтты қоныс кемерінде,
    Ғұн менен Сақтан белгі бедерінде.
    Көк Түрік, Алтын Орда, хандық дәуір,
    Бәрі де ата тарих дерегімде.

    Аталған ұлыс біткен арғы тегім,
    Ұлытау ұлтым үшін алғы шебім.
    Алтай мен Атырауым ұлан-ғайыр,
    Алладан тілеп алған заңды жерім.

    Сол жердің темірқазық кіндігі деп,
    Көтерген керегесі, түндігі деп.
    Айтады Ұлытауды, бұл сөзіме,
    Жұмылған жұдырықтай бірлігім сеп.

    Есте жоқ ескі заман сүрлеуінде,
    Қазақтың қазақ болып гүлдеуінде.
    Ұлытау Тұран болды, ұран болды,
    Бермеді елді жаттың жүндеуіне.

    Асан бабам сүйсінген Ұлытауым,
    Біле жүр, рухы таза, жаны сауым.
    Ұшары ұлар құсқа ұя болған,
    Құшағы ерлер жатқан ұлы қауым.

    ***
    Едігемді хан сайлаған - Ұлытау!
    Тоқтамысты хан қылған да - Ұлытау!
    Абылайды хан көтерген - Ұлытау!
    Ақназар Һәм Әбілқайыр, хан Кенем,
    Ізі қалған, ұлан-ғайыр ұлыс-ау!

    Табиғаттың көз тоймайтын қорығы,
    Алаша мен Жошының ат көлігі.
    Тоқтаған жер, Керей менен Жәнібек,
    Қыздырған жер ел болудың көрігін.

    Осы арада атқа қонған талай ер,
    Әр тасына сіңген қан мен маңдай тер.
    Ұлытауды ұмытпаңдар ұрпағым,
    Ұлықтаңдар, жатсаңдағы шалғай жер.

    Бұзып шыққан басқыншының құрсауын,
    Ұлытауым - ұлы ойдың құрсағы!
    Әулиеата, Әулиебұлақ киелім,
    Ордабазар көзге елестер бір сағым.

    Алаш - Алаш, Қазақ - Қазақ болғалы,
    Ұлытауын қалың жаудан қорғады.
    Ұлттық рух пен ар-намыстың ордасын,
    Тіл жеткенше шайыр біткен толғады.

    Бес мың жылдық тарих деген ұғым бар,
    Иісі қазақ үш арысым, ұғыңдар.
    Ұлытауда ұран болған тілімді,
    Кесіп отқа қақтап көрді қызылдар...

    Арғы-бергі тарихымда шынында,
    Патша болсын, басқа болсын, бұрында.
    Бізді тілден айырмаққа күш салды,
    Келе жатқан "Қырық батыр Қырымнан",
    Төле, Әйтеке, Қазбек би, Сырымнан.

    ***
    Алаң да алаң, алаңдап,
    От тіліндей жалаңдап.
    Жоңғарға, жатқа болмаған,
    Көрді ме тілім қараң қап?!

    Қазтуған - қайтпас қайрағым,
    Доспамбет - азу айбарым!
    Шалкиіз - шалқар шабытым,
    Махамбет - Рухым, байрағым!
    Алаш та алаш жұрт үшін,
    Алдаспанымды сайладым!
    Ақтамберді, Жиембет,
    Бұқар боп талай қайнадым!
    Бұқара үшін бас бұқпай,
    Шыбын жанды аямай,
    Тіл ұшына байладым!
    Ана тілім - ардағым,
    Ел болам деп мәңгілік,
    Нелер сыннан таймадым!
    Мың сан мәрте жайрадым,
    Мың сан мәрте жайнадым!
    Абайдың тілі - ар тілі,
    Ұлтымның ұяты, жан тілі,
    Өзіңмен ғана түлейді,
    Астана байтақ аймағым!
    Ұлт уызы тұнған нұр,
    Қазақ тілі - қаймағым!
    Ееееһей, қандасым,
    Қазынаң да осы қайратың,
    Топшысы тілдің таймасын!
    Мен қазақша сөйлеймін,
    Атымды Қазақ қойғасын!
    Сен қазақша сөйле дос,
    Ол қазақша сөйлесін.
    Біз қазақша сөйлейік,
    Асырмайды сонда тек,
    Дұшпандар бізден айласын.
    Десе де керек үш тілі,
    Ел болудың ұстыны.
    Аяулы ана тіліңде,
    Анаңды сүйе алмасаң,
    Бітпейді аяз, қыс күнің...
    Кірмейді ұлттың ұсқыны.
    Ұлытау - ұлттың ұясы,
    Ана тіл – Хақтың миясы.
    Жүрек дейтін параққа,
    Тамызып берген сиясы.
    Осы екеуін жан қазақ,
    Жатқа қалай қиясың?
    Осы екеуін сақтасаң,
    Етек-жеңді жиясың.
    Досқа таба, дұшпанға
    күлкі болмай жаһанға
    Қазақ болып,
    Азат болып,
    Ғажап болып сиясың!
    9 жыл бұрын