Соңғы Аудиолар
1 пікір
  • ХИКМЕТУЛЛА

    Әні: Жәкен Омаров
    Сөзі: Жәкен Омаров, Мұхиддин Иса

    Махаббатымен күллі ғаламды жаратқан,
    «Өзің» деп, Алла, күніміз батып, таң атқан.
    Маһшарды ойлап, мазамыз кетер, я, Рахман,
    «Алсақ», деп «орын» момындар тұрған санаттан.

    Я, Алла, «Сен!» деп, сыңғырлайтындай бұлақтар,
    Сыбдырлайтындай жасыл жапырақ, құрақтар.
    Буырқанғанда мұхиттың жалды толқыны,
    «Сабыр» деуменен сабаға түсіп тұрақтар.

    «Хай-Хай» деуменен көктем де көктеп жайқалар,
    Ескен желдің де «Һу-Һу» дегені байқалар.
    Барша зат «Сен!» деп, зікір салғанда,
    Мендегі жүрек «Сен!» демей, қайдан жай табар.

    Жеті қат жер-көк біріне бірі байланар,
    Зәредей нәрсе назардан қалмас, жайланар.
    Қажыларыңдай Қағбатулланы тәу еткен,
    Ай менен жұлдыз айнымай күнді айналар.

    Рахметіңді салады еске таң самал,
    Азан айтқандай ән салып құстар жар салар.
    «Ғазиз» нұрыңның сәулесі түссе жүрекке,
    Салих құлдарың тамсанып оны қарсы алар.

    Қаһардың беріп хабарын күн де күркірер,
    Жер бетіндегі тіршілік біткен дүркірер.
    Ғапыл құлдарыңның күнәсін кешші дегендей,
    Ақ жауын жауып, көктің көз жасы сіркірер.

    Сәжде етіп құлап, жылайды саған ғаріптер,
    Сұрайды иман, ұлықтап сені дәріптер.
    Бұл ғалам - кітап, жанды мен жансыз бәрі де,
    Әр сифатыңды ашықтай түскен әріптер.

    Құранға сенген адамзат арып арымас,
    Есірке «Ғаффар», есіміңді айтсақ, кәрі-жас.
    Құлшылығымыз құбылып тұрған құлмыз ғой,
    Өзіңді Алла өзіңдей ешкім танымас.
    2 жыл бұрын