Үш рудың ұлан-асыр дауына Толыбай бидің айтқан төрелігі
Үш рудың ұлан-асыр дауына Толыбай бидің айтқан төрелігі
4 жыл бұрын 3718

Ертерек кез болар, Тәлекеңнің жас кезі білем, бір жиынға кездесіпті. Ел екі жарыла отырып айтысып жатыпты. Сырттан келіп тыңдаса, үш рудың үш таған болып сайысқан ұлан-асыр дауы екен. Даудың өзегі – Қыпшақ руының ұрылары Бағаналы елінен барып жылқы алады. Ұрылар жылқы алған елден қашықтап келіп бір бүйрек тауға бекінеді. Тазымен аң қуып жүрген Жаппас руының бір топ адамдары ұрылардың үстінен түсіп, екі жақ соғысып, бір ат, бір биені Жаппас аңшылары айырып қалады.

Бағаналының қуғыншылары ұрылардың өкше-ізіне түсіп, шолғыншы сала отырып, Жаппас аңшыларына кездесіп, ат пен биені таниды. «"Тапқан қуанады, таныған алады". Ағайын, алдырған малдық көзін көріп тұрмыз, айырғандарыңа рақмет, малдың көзін өзімізге бер», - дейді. Оған Жаппастың аңшылары: «Қан төгіп, жаудан түсірген қанды ат. Бізге малыңды бақтырып қойып па едің?» - деп бермейді. Сонан екі жақ жанжалдасып, Жаппастың бір аңшысының көзіне найза тиеді.

Бағаналы елінің адамдары, Қыпшақ ұрыларын қуып барып, малын шығарады. Бірақ жолда болған жанжалды айтпайды.

Сонан біраз өткенде Жаппас елінің адамдары, Бағаналыға барып, ерінің көзіне құн сұрайды. Осыдан үлкен дау қозғалып, үш ру ел бітімге келе алмай, кереғар даумен керілдесіп отыр екен.

Топ үстіне кездесіп, ортасына келген Төлекеңе үш рудың сөз ұстаған билері:

-Шырығым, ара ағайынсың. «Бітер істің басына, білімді келер қасына» деген еді. Атасы билік айтқан Атығайдың баласы екенсің, осы даудың төрелігін айтшы, - дейді.

-Айтқызып аяқсыз қалдыратын төрелікке ие болмаймын. «Бұқа қарап жүріп, жасауылға тұрыпты» дегендей, жолаушы жүріп билік айтып, атақ байланып ажуа болармын. Ал шын берсеңіздер, тәңірі атын куә етіңдер. Жығылғаның ауырламайтын, жыққаның мақтанбайтын болсаңдар ғана, төрелігімді айтап депті. Сонда билер:

-Шырағым, өзіңде нәр бар екен. Әділдік алаңы жоқ ауыздан шығады деген еді. Бұл ортаға бөгде ағайын көрінесің, именбей-ақ айта бер, - десіпті.

-Онда басынан байыпты ауыздан дау жобасын тыңдалық, - деп билерге дауларын айтқызыпты. Алдымен сөзді Жаппас даугері бастапты:

-Ағайын, жау алған малыңа шаптым. Қан төгіп, қанды ат айырдым. Келе қол күш қылып, айырған малымды қолмен алмақ болдың. Ара түскен азаматымның көзін шығардың.  Қол қолды табады. Мен ерімнің көзін Бағаналы – сенен сұраймын, - депті.

-Ағайын-ау, аттанып ауылыңа келдім де, қосыңа кіріп комдыңа құрық салдым ба? Алдырған малымды астыңнан таныдым. Ағайынсың, алдырған елміз, айғақ болар малымның көзін бер, деп сауға сұрадық, бермедің. Адал малымыз үшін найза сермеп, қол көтергенім рас. Қастықпен емес, қатеден найза тиді. Көз жазып болды. Қыпшақ ұрысы қосымды қопарып, жылқымды алмаса, сенің аңшыңда менің нем бар. Найзам үйіме сүйеулі, атым кермеде байлаулы, азаматым ауылымда жатар емес пе еді? – дейді Бағаналы даугері.

-Сонда сенің қосыңа мен кірдім бе, аулыңа барып асыр салдым ба? Тиген найза сенікі, мен қанды қол сені білем, көзімнің құнын, Бағаналы, сенен сұраймын, - дейді өзін толықтырып Жаппас даугері.

-Кеден болды, кеден неден болды. Қыпшақ ұзыннан өксігің жоқ, қысқадан қарымжың жоқ, қосыма кіріп, қорамды шаптың, мал ашуы – жан ашуы, арадағы ағайынмен арандатқан сенің қанды жорығың. Құнды, Қыпшақ, сен тартасың. Бұзық жосығыңа сен жауапкерсің, - депті Бағаналы даугері.

-Апыр-ау, алсам, ертеден қол жетпей жүрген есем үшін Бағаналыдан жылқы алдым. Өз қорасы, қосы аман, көлденеңнен килігіп, олжа іздеп шауып, қан төгіп жылқы айыратын Жаппастың қай қанының қызғаны? Ал ұры десін, менен жылқы айырсын. Малын таныған саған өз малыңды бермей жанжал шығанғаы қай бұзақылығы? Көзі шықса, көкіректегеннен тартқан сазайы емес пе. Қол қолды тапса, мен Бағаналының малына жауаптымын. Жаппастың көзіне менің қатынасым жоқ. Тиген найза Бағаналынікі, шыққан көз Жаппастікі, екі арада мен неге жығынды болам, бір тойда екі жар жоқ, - деп, Қыпшақ даугері көз құнын маңына дарытпайды.

Билердің сөзін тыңдап болып Төлекең:

-Иә, би ағалар, дау жобасы сіздер айтқан болса, билік жобасын да өздеріңіз айтып отырсыздар ғой, - деп бастапты. – Бағаналы даугері дұрыс айтып отыр ғой, жорықты кім бастаса жосыққа сол жауапты  ғой. Қыпшақ ұрысы Бағаналыдан жылқы алмаса, Жаппастың аңшысы кімнен жылқы айырды? Бағаналы жылқысын алдырмаса, жай жатқан Жаппаспен жанжалдасар ма еді. Пәлені кім бастаса, барлық ауыртпалыққа сол жауапты. Ердің құны жүз түйе, көздің құны елі тайлақ. Қастандық емес, қатеден тиген найза, жартысы жазып тигені үшін кешіледі. Жаппастың көзінің құны жиырма бет тайлақ. Тірідей көзіне құн алуы арына ауыр болар, құдалықпен құдай атын айтысып, сүйек болсын. Қыпшақ қыз беріп күнде бау сүйек болсын, - депті.

«Айтқаным, айтқан, билік бірлікті меңзейді, шырағым, бұрын ағайын едік енді сүйек болатын болды» деп бәрі алғыс айтыпты. 

Сонда отырған Жаппастың биі ақ сақалды адам екен:

-Шырағым, елім Кіші жүз еді, аға баласы болсаң да батамды берейін. Атыңа ат қосайын, бұдан былай атың би Толыбай болсын, - депті. Содан Төлекені ел би Толыбай атап кетіпті.

«Әділ айтылған билік, ағайынды ашындырмай, қандай есебін тапқан», - десті естіген жұрт.

Сапарғали Бегалин, «Бала шоқан» (повесттен үзінді).  

0 пікір