Тұрмағамбет Ізтілеуұлы: "Өмір өткелдері"
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы: "Өмір өткелдері"
3 ай бұрын 808
Тұрмағамбет ІЗТІЛЕУҰЛЫ

Атаның, әуелінде, белінде еттің,

Екінші, ана қарны теңінде еттің.

Тоғыз ай, тоғыз сағат, тоғыз күндей,

Қадірлеп, құдіретіңмен, шегінде еттің.

Бұрыннан қамқоршылық қылып бізге,

Ананы ақ сүт беріп, желінді еттің.

Тудырып, сау-саламат талпындырып,

Емшекті, іңгәлатып тебінді еттің.

Алты айда от басына отырғызып,

Жан-жаққа күл шаштырып, төгінді еттің.

Жүргізіп жыл толған соң апыл-тапыл,

Бойымды бұрынғыдан жеңілдеттің.

Сөйлетіп, екі жаста, оны-мұны,

Тірліктің, тілім, түрлі кебінде еттің.

Жеткенше жеті жасқа, жазы-қысы

Қойны мен ата-ананың жеңінде еттің.

Секіртіп, сегіз жасқа келгеннен соң,

Айтақыр, ойнамақтың жерінде еттің.

Асқан соң оннан бері, ақыл беріп,

Дүниенің айласы мен ебінде еттің.

…Затыңды бір білдіріп, досыңды – шын,

Өзімді әһлі Исламның елінде еттің.

Отызда, өз алдыма от жақтырып,

Кейпімді жұрт көруге келімді еттің.

Ұл-қызға көп ұзатпай ата қылып,

Қой, түйе, сиыр, жылқы, желімде еттің.

Бойыма ақындықты үйір қылып,

Атымды алты алашқа мәлімді еттің.

Тоқталмай топ ішінде жыр толғауға

Ой көзін өз теңімнен өнімді еттің.

Мың шүкір, осы еткен мәртебеңе,

Енді бер, ойнақшыған емін дерттің!

Байқайтын болса бектер сөздің парқын,

Демеймін: “Құр далаға терім кеттің!”

 

2 пікір
  • МашАллаһ!!! Неткен шебер едің ЕТУШІ АЛЛАМ!!!
    3 ай бұрын
  • Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім
    Аралап жердің жүзін жүрер сөзім
    Көре алмай кейінгіні кеттім ау деп
    Арманда болмайөақ қой екі көзім.

    Т.Ізтілеуов
    3 ай бұрын