Рамазан қайырлы мың айдан!
Рамазан қайырлы мың айдан!
9 жыл бұрын 3659
Меруерт Бақдәулетқызы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Күпірлік ойлардың кескіні,

Санада сызылған сурет боп.

Баянсыз жалғанның бес күні,

Көңілді күнәмен күйретпек.

Нәпсіге жем болған лас тәндер,

Харамға біртіндеп үйретпек...

 

Жалғанның бес кірі, бес түні,

Құлшылық қайнардан тосады.

Бес азан шақырар естіні,

Қалғаны тірліктің бос әні...

Орамал оранса әдеппен,

"Көштен көп қалғанға" қосады.

 

Хақ Нұры төгіліп ғаршыдан,

Тазарып пәс рухтар тыңайған.

Жыл бойғы күнәдан аршыған,

Рамазан қайырлы мың айдан!

Мейірі оянып, кешкісін,

Сезетін ерекше шырай дәм,

Рамазан мархабат мың айдан!

 

Ағзадан алынған шлактар,

Ғылымның зерттеуі айқындап.

Қорықпа, қасиет, қуат бар,

Жүректен жоғалар жойқын дақ...

Құранды парақтар пейіл бер,

Жүргенше жымысқы ой тыңдап...

 

Рухани кемелдік аңсаған,

Пендеңе бір Аллам қуат бер!

Шілдеде шөліркеп шаршаған,

Пендеңе бір Аллам жұмақ бер!

Сәреде қол жайған құлдарға,

Жаратқан нұрыңнан шуақ бер,

Риясыз, пәк пейіл, мұрат бер!

Жайқалған жәннаттан тұрақ бер!

0 пікір