Ораза айы – мүбәрак Рамазанда, Бойда әлсіздік болмасын, жара жанда...
Ораза айы – мүбәрак Рамазанда, Бойда әлсіздік болмасын, жара жанда...
7 жыл бұрын 3913
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ, ақын

Қос сауал


Мейлің илан, мейлің нанба, қыл күмән,
Жалған дүние – Ақылдыға сынақ-ты.
...Бір күні кеп, ақылы кем жындыдан,
«Ақыл деген не?» – деп, Ғалым сұрапты.

Жынды дағы көрсеткендей тәлімін...
Жынды дағы ұғынғандай Хақ сырын...
«Өз жаратқан таныса егер Тәңірін,
«Ақыл» деген сол болады, Тақсырым!!!» – 

Деп ұтымды жауап беріп жынды әлгі,
«Ақыл» жайлы Ғалым қойған сауалға.
Ғалым тағы сауал қойды тым мәнді:
«Ақыл тапқан қандай өзі, ол Алла?».

Ғалым тағы жаға ұстады жауапқа,
Жындымыздың сандырағы емес бұл:
«Ақылыма сыймайды ұлы Жаратқан,
Һәм Аллаға бола алмайды тең ешкім!..»

Астана, 03.06.2015

 

Құрбандық хақындағы қос тәмсіл

 

І

Иләһ тұтып иесін ұлы күштің,

Бай – Аллаға басыңды и құлы – міскін.

Біл, мәңгілік бақытсыз бейбақ сол-дүр,

Кебін киген кім болса ібілістің.

 

Ол озбырға жаралған оты – мақтан,

Болғандықтан болды ойы осы баққан:

«Мен Адамнан (а.с.) абзалмын, басымды имен,

Жаратылған, өйткені, ол – топырақтан».

 

Шайтан солай өзін тым санады артық,

Қалмай құны бойында бағалар түк.

Алла үкімін екі етіп, арқасына

Азап жүгін алды өзі қалап артып...

 

Бұл тәмсілден аңғар, дос, бір мәнді ұлы,

Мұнда тарих, тағылым тұр барлығы.

Алыстаған Алладан шайтан малғұн,

Менмендіктің болған соң құрбандығы.

 

 

ІІ

 

Екінші тәмсіл енді «Абыл-Қабыл»,

Жайында болады деп дабыл қағыл!

Екеуі – Адам ата (а.с.) балалары,

Қарындас – егіздері жанында жүр.

 

Қабылдың қарындасы көрікті еді,

Кетердей егізі үшін өліп тегі.

Деді оған Адам ата (а.с.) бір күні кеп:

«Сен оның бола алмайсың бөрікті ері».

 

Заң солай шариғаттың бұйырғаны,

Ал, бірақ, іс одан да қиындады.

Абылдың қарындасын жаратпай тек,

Қалауы Қабылыңның құйындады.

 

Деді Адам (а.с.) теңдей көріп баласын бар:

«Демеймін сүйекке иттей таласыңдар.

Төреші Тәңірімнің өзі болсын,

Сондықтан бір құрбандық шаласыңдар!».

 

Көрікті кетпесе де егізге ойы,

Аллаға атады Абыл семіз қойын.

Ал, Қабыл астығының ең нашарын,

Шығарды билеп дүние-қоңыз бойын...

 

Белгілі кімнің жеңіп, жеңілгені,

Әрине, ізгі ниет жеңілмеді.

Насырға шауып бірақ істің арты,

Болмаған қылмыс болды өмірдегі.

 

P.S.

 

Иә, адам, Рахмани нұрға бетте,

Тоқтау сал, қан жүктеген бұл ғадетке.

Иә, Алла, бізді бейбақ Қабыл менен

Шайтандай қызғаныштың құрбаны етпе.

 

Мұса (ғ.с.), көгершін һәм бүркіт

 

Бүркіт қуған көгершіннің Мұса (ғ.с.) пайғамбарға барып әділет сұрағаны туралы

 

Бір риуаят келтірейін Мұсадан (ғ.с.),
Адамдар аз сол жандарға ұсаған.
Шәуіл бүркіт тепкісіне шыдамай,
Бір көгершін қан жұтыпты құсадан.

 

Заман еді – күшті езер әлсізді,
Заман солай болмаса да мәнсіз-ді.
Мұсаға (ғ.с.) кеп назын айтты көгершін:
«Мұса (ғ.с.), құтқар, пана көрем дәл сізді.

 

Жасыр мені етегіңнің астына,
Қалсын өксік, жанырымнан жас тына.
Мұса (ғ.с.) құтқар, зорлығынан бүркіттің,
Жауға жалғыз тастап қойма, қас қыла».

 

Мұса (ғ.с.) ашты көгершінге құшағын,
Соң бүркіт кеп жалаңдатып пышағын,
Деді: «Мұса (ғ.с.), бүгін ашпын өлердей,
Көгершінді келіп еді тұсағым.

 

Жемтігімнің тұмсықтадым жетегін,
Көгершінге пана болды етегің,
Қызғанбағын өз асымды өзімнен,
Мұса (ғ.с.), бұл құс нәпақам ба, не дедің?».

 

Деді Мұса (ғ.с.): «Не қалайсың?.. Тамақ па?
Не көгершін әлде басты талап па?».
Жұтқыншақтап деді бүркіт: «Жоқ, маған,
Тамақ болса қалар еді жарап та».

 

...Сонда, Мұса (ғ.с.) таразыға жүгінді,

Хикметіне істің таң боп бүгінгі.

Көгершіннің таразылап өлшемін,

Бермек сондай өз етінің бөлшегін...

 

Бір Аллаға Мұса (ғ.с.) бұрған жүрегін,
Ұстады да бүркіт Мұса (ғ.с.) білегін:
«Бұл көгершін – Жәбірейіл (ғ.с.) болатын,
Ал мен болсам періштенің бірі едім».

 

...Сынамақшы болған едік біз сені.

 

 

 

                    Тышқан мен Түйенің махаббаты

 

Шертуде хақты жан сырым менің,

Құлшылық – рахат, бал, шырын кені.

Махаббатты айтсам мазам қашады-ау,

«Тышқан мен Түйе» тәмсіліндегі.

 

Құлықсыз – ойдан қашырды Үгітті,

Құлықты – қатқан тасын жібітті.

Тәмсілде: Түйе – ару еді асыл,

Ал, Тышқан болса – ақын жігіт-ті.

 

Ғашықтар қашан жасамақ той бір,

Тұғырға, қос қу, батаны ап қонғыр!

«Сұлуды сүймек – сүннет» дегендей,

Сұлуға шайыр махаббат қойды.

 

Тышқанда еш ес қалмады бүгін,

Түйеге сөз сап, арнады жырын.

Тағдыр тастары соқтығып қалып,

Жүректерінің жалғады жібін.

 

Жүрсе де алып сүйене талды,

Тышқанды бір іс жүйеге салды.

Дархан жүректі Тышқан отауы,

Өкінішке орай Түйеге тар-ды.

 

Өтсе де күндер тойланып талай,

Дей кетті, Түйе, толғанып сала:

«Үйіңнің түрін бағамдап білмей,

Бізге махаббат қойғаның қалай?!

 

Мені енді кімдер атамақ сатқын?

Келсе егер сенен жата қап қашқым.

...Махаббатыңа жараса үй соқ,

Болмаса сай бір махаббат тапқын!».

 

P.S.

 

Аллаһтың ұлықтығына сай қыл,

Жасап жатқан сол құлшылығыңды.

Амалың қабыл құбылған қай бір,

...Басқа «түйеге» айт, жыршылығыңды.

Құдай сақтасын!

 

 

Қадір түні

 

Ораза айы – мүбәрак Рамазанда,
Бойда әлсіздік болмасын, жара жанда.
Жақсылықтар жайында жырлашы ақын,
Қолға қалам, алдыңа қағаз ал да.

 

Ораза айы – қадірлі Рамазанда,
Құрметсіздер өтер біл, сала зарға.
Кеңшілігін Алланың ұғынайық,
Уа, Інілер, ардақты Ағажандар!

 

Дүниеден дүрбелең босай ма діл?!
Иқтикафта бәрімен «қош айлағын»!
Уа, сүйінші, «әл-Құран» нәзіл болған,
Қадірлі түн бар екен осы айда бір.

 

«Қадір түнінің не екенін білесің бе?»,
Деп айтылар «әл-Қадыр» сүресінде.
«Қадір түні – ардақты мың айдан да»,
Күнә ада бол, сауаптар түгесілме!

 

«Түн» туралы сұрасам білгіштерден,
«Толы бұл Түн, өзіндік үрдістерге…»
«Жерге түсер Жәбірейіл (ғ.с.), періштелер,
Бұйрығымен Алланың күллі істерге».

 

Біздер жаққа бұршы, Алла, бақ арнасын,
Қосылып ақ жаңбырдай жауар жасым.
Құдай деген мүміндік жүректерде,
Ізгіліктің ақ таңы рауандасын.

 

Уа, Інілер, ардақты Ағажандар!
Өртеніп өт өмірден, шала жанба!
Қадіріңе, Қадірлім, жете алсақшы,
Ораза айы – киелі Рамазанда!

 

 

 

Алатау бөктеріндегі ой

 

Біз Жерді (барлық жандызаттар мекен тұтып жасаулары үшін) бір төсеніш      (етіп), тауларды болса, (сол Жерді ұстап тұрушы, тепе-теңдіктен шығармай ұстап тұрушы) қазықтар етіп қоймадық па?! Нәбә сүресі, 6-7 аяттар.

 

Құдайдың қадаған қазығы,

Көтеріп әрең тұр жер сені,

Талыққан жанардың азығы,

Алатау, биіксің еңселі.

 

Тұғырың тұралап көк белін,

Күнді алыс жиектен асырдың.

Сыр тұнған құлпытас бөктерің,

Жасырып жатқандай асыл мың.

 

Жалықтым жасанды көріктен,

Алдыңа келгем жоқ қаңғырып.

Сенің не айырмаң өліктен,

Сұраққа жауабың – жаңғырық!

 

Биікке құмармын жасымнан,

Абырой мен үшін – пенделік...

Күнәм да көп шығар тасыңнан,

Кетпесем болды енді сенделіп!!!

 

 

Ақындар жайлы

 

Ақындарға азғындар ереді. Рас, олардың ойпаттарда қаңғып жүргенін көрмедің бе? Рас, олар істемеген істерін айтады. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін кек алғандар басқа. Ол зұлымдық қылғандар, жақында қалай айналдырылатындарын біледі.

 

Шұғара сүресі, 224-227 аяттар.

 

Ақындар жайлы айтыс көп,

Тағылар сынның салты аян.

Пікірлер құрды әртіс топ:

Бейне «аққу, шортан һәм шаян».

 

Ақындар жайлы аңыз көп,

Талайдың аузын құрғатқан.

Ақиқаттарын тап іздеп,

Жан болсаң шамын жыр жаққан.

 

Ақындар жайлы аяттар,

Айтылған сүре – «Шұғара».

Жақсы ақын – түнгі саяққа,

Жарығын сыйлар шырақ, ә!

 

Ақындар жайлы әрине,

Пайғамбар (с.ғ.с.) да айтқан нақылдар:

«Ең соңғы Расул, Нәби – мен,

Менен соң келер ақындар», –

 

Дегендей, келді қанша ақын,

Өмірге мынау өтпелі.

Биіктесе де баршасы,

Ұшпаққа бәрі жетпеді.

 

Бағы бар бәйіт – бойтұмар,

Жадында елдің тоза алғыр!

Асылдан асыл ой туар,

«Арлының ғана-ақ сөзі арлы»*.

 

...Оқысаң шаиыр ғазалын,

Салғандай құлақ бар әлем.

Ұға алмай кетсем – азабым,

Қасиетіңді қара өлең.

 

...Әй, ақын, жоқ-ау саған ем?!

 

* Бұл жолдағы ойдың авторы – Құл Керім Елемес.

 

 

Жерге ода

 

                                              Мен саған қарап тұрмын мың ойменен

                                                                  Көзім күліп, тіл байланып.

                                                                         Төлеген Айбергенов

 

Жер!..

Сенің алақаның – дархан далам,

Тауларым – жұдырығың тас түйілген.

Білегін иығыңа арта алмаған,

Базарын тарқатар бұлт басқа ырыммен.

 

Жер!..

Сенің мөлдіреген көл – жанарың,

Тулаған бойыңдағы қан – өзендер.

Көбейіп әжіміңдей жол барады,

Өзгеріс бәрімізге тән ежелден.

 

Жер!..

Сенің күрсінісің – жаз аптабы,

Қысқы аяз – ашуыңның асқынғаны,

Маусымдар – мінезіңнің ғажаптары...

Деміңді-ай!

...Көзімдегі жас құрғады.

 

Жер!..

Сенің нұр емдірген Күн – биең-ді,

Жаулауың – көк аспаным көмкерілген.

Үр жүзің ұсайтындай гүл-гүл өңді,

Арқама айырылған жон терімнен.

 

Жер!..

Сенің құпияңды жар салды ақын:

«...Өзіңді тану үшін Хақты ұғын», – дер.

Бейнеттің таттыр маған бал шәрбатын,

Денеңнің дәнді өсірген дәстүрін бер.

 

Жер!..

Сенің үстіңдегі ер ісінің,

Асылдан ішіңдегі зор бағасы.

Жер!..

Сенің бұтағыңның жемісімін,

Жатсынбас тістеріңді алма – басы...

 

 

Жер!..

Сенің жан-діліңді жоқ десе де ел,

...Өтермін осы өмірдің отын ұстап.

Маңдайым ерініңді өппесе егер,

Жағдайым Махшардағы өкінішті-ақ!

 

Жер!..

Сенің таусылған күн бар несібең,

Кетпегін ат қағынан жеріген боп.

Ұстап ап Айдың қолы – сәулесінен,

Жүре бер жұлдыздардай серуендеп!

 

Павлодар, 2015

 

 

0 пікір