Ислам ғұламаларының өсиеттері (3)
Ислам ғұламаларының өсиеттері (3)
2 жыл бұрын 2604

Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тоқтық, ақыреттің кілті – аштық.

Әбу Сүлеймен Дарани

 

Ғибадат дегеніміз жеке кәсіпке ұқсайды: қаржылық қоры – тақуалық, жұмысы – құлшылық, соңғы нәтижесі – жәннат.

 

***

Нағыз мүміндерден болуың үшін үш нәрсені үш нәрсемен қайтар: тәкаппарлықты – кішіпейілдікпен, сараңдықты – қанағатпен, қызғанышты – насихатпен.

Мәлік ибн Динар

 

Алланың тыйымдарынан тыйылмай – Алланы жақсы көрем деу өтірік. Жарлы-жақыбайларды ұнатпай тұрып – Пайғамбарды жақсы көрем деу өтірік. Садақа бермей тұрып – жәннатты жақсы көрем деу өтірік. Күнәлардан тыйылмай тұрып – тозақтан қорқамын деген өтірік.

 

***

Бес нәрсеге асығу керек: қонаққа ас беруге, мәйітті жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға, қарызды қайтаруға, күнәға тәуба жасауға.

Хатим әл-Асам

 

Өзіңе пайда бермейтін білім жинама және қандай жағдайда да мал-мүлкіңмен мақтанба!

Абдулла ибн әл-Мүбәрәк

 

Байлық - дүние жинауда деп ойлаушы едік, сөйтсек нағыз байлық қанағатта екен. Жанның тыныштығы – бай-қуатты өмір сүруде емес, мал-мүліктің аздығында екен. Дүние ләззатын – нығметтерден іздеп жүрсек, ол деннің саулығында екен. Ризықты біз жердің бетінен іздеп жүрсек, оның кілті аспанда екен.

Хамид әл-Ләффаф

 

Ауырған жүректің дауасы: салих адамдармен мәжіліс құру, Құран оқу, қарынның бос болуы, түнгі намаз, таңғы мінәжат.

Абдулла әл-Антаки

 

Қолдан келгенше Аллаға ғибадат етіңдер, дүниеден керектіні қанша өмір сүретіндеріңе қарап алдыңдар, азабына шыдай алсаңдар күнә істеңдер, қабірде қанша болатыныңа қарап дүниеде ізгі амалдарды сонша көп істеңдер, жәннаттан қандай дәрежесін қаласаңдар сондай лайықты амал етіңдер.

Шақиқ әл-Балхи

 

Алты нәрсе күллі дүниенің бақыты – халал тамақ, жақсы бала, адал жар, деннің саулығы, ақылдың кемелдігі және тілдің шын сөйлеуі.

 

***

Алладан қорықпаған адам - тілін тыймайды, жүрегі харам күдіктен құтылмайды, өзін риядан құтқармайды, өзіне-өзі тамсанумен болады.

Әбу Зу-Жимһир

 

Қызғаншақта рахат болмайды. Өтірікшіде тектілік болмайды. Сараңда ұят болмайды. Алланың тағдырынан құтылу болмайды.

 

***

Шынайы тәубе жасаған адамның белгісі: өзін күнәден тазамын деп ойламайды, жүрегінде мұң басым болады, жамандардан қашады, Алланы үнемі ойлаумен болады, тілін бос сөздерден сақтайды, күнәсі үшін опық жейді.

 

***

Пендеге берілген ең жақсы нәрсе – таза ақыл және көркем мінез. Егер бұлар болмаса - үндемей жүру. Тіпті бұның бірі де болмаса – онда өлім жақсы.

Ахнаф ибн Қайыс

 

Күн сайын Жер адамға: «Ей, адам сен менің үстімде сайрандап жүрсің, барар жерің менің қойным. Менің үстімде күнә жасайсың, менің ішіме келіп оның сазайын тартасың. Үстімде тұрып күлесің, ішіме енгенде жылайсың. Үстімде жүріп харам жейсің, ішіме енгенде сені құрт-құмырысқа жейді. Үстімде жарықта жүресің, ішіме енгенде қараңғыда қаласың. Үстімде көппен бірге жүресің, қойыма енгенде жалғыз қаласың» дейді екен.

Әнас ибн Мәлік

 

Құранның «Ғафыр» сүресіндегі: «Маған дұға етіңдер (тілектеріңе) жауап беремін» деген аят жайлы адамдар, «біз дұға етеміз қабыл болмайды» дегендерге ибн Әдһам былай депті: «Алланы біліп, оның бұйырғанын өтемеген. Алланың кітабын оқып оған амал етпеген. Ібілісті дұшпан тұттық деп қойып, іс жүзінде онымен сыбайлас болған. Пайғамбарды жақсы көремін деп қойып, оның сүннетін орындамаған. Жаннатты біле тұрып құлшынбаған. Тозақты біле тұрып, күнәдан тыйылмаған. Өлімді біле тұрып, оған дайындалмаған. Басқаның кемшілігін түзеп, өзінікіне мән бермеген. Алланың несібесін жеп отырып, шүкіршілік етпеген. Өлімнен ғибрат алмаған... адамның дұғасы қабыл болуы қиын» депті.

Ибрахим ибн Әдһам

1 пікір