Хазіреті Әлидің (р.а.) насихаттары
Хазіреті Әлидің (р.а.) насихаттары
7 жыл бұрын 5219

Әли ибн Хұсейіннің (р.а.) айтуы бойынша: «Әлидің (р.а.) халифа болып сайланғалы алғашқы құтбасы болатын. Ол Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік еткеннен кейін былай деді:

– Алла жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып, жол көрсететін бір кітап жіберді. Сондықтан көп жақсылық істеуге тырысып, жамандықтан аулақ болыңыздар.

Алла өздеріңді жәннатына кіргізсін десеңіздер, оның парыз қылғандарын орындаңыздар.

Алла ненің харам, ненің адал екенін кез келген адамның санасы жетерліктей дережеде түсіндіріп берді. Мұсылман адамның қанын төгуді харамдардың ең харамы қылды. Мұсылмандарды бір-біріне тәухид және ықыласпен берік байланыстырды. Мұсылман – ақиқат пен әділдікті орнату мақсатында болмаса, ешкімге тілі мен қолынан зиян тигізбейтін кісі.

Мұсылман кісіні жазасынан артық мөлшерде азаптауға болмайды. Барша мұсылмандардың игілігі үшін бел жазбай еңбектеніңіздер.

Өлімге әзір болыңыздар. Өлімнің ақиқат екенін күнде көріп жүрсіздер. Арттарыңыздан қиямет күні өкшелеп келеді. Ақыретте достарыңызбен қауышуды қаласаңыздар, фәни дүниенің етектен тартып, еңсені басқан жүгін азайтыңыздар. Бізден бұрын дүниеден озғандар соңдарынан келетіндерді күтіп жатады.

Бөгде адамдармен немесе жат елдіктермен қарым-қатынас орнатқанда, Аллаға қарсы шығудан сақтаныңыздар.

Өздеріңіз ауасын жұтып, суын ішіп жүрген өңірдің әрбір тасы үшін жауап бересіздер.

Аллаға мойынсұныңыздар. Қарсы келуші болмаңыздар. Қандай да бір игі бастамаға кез болсаңыздар, оны қорғап, қолдаңыздар. Жақсы бір нәрсе көретін болсаңыздар, оны қабылдаңыздар. Егер жаман нәрсе көрсеңіздер оны дереу тыйыңыздар. Мынаны естен шығармаңыздар: бір кездері жер бетінде сіздерден аз және сіздерден әлсіз ел жоқ болатын.

Алқама әңгімелейді: «Али (р.а.) бізге мынадай үгіт-насихат айтқан болатын:

– Естіп жатырмын, кейбіреулер мені Әбу Бәкір мен Омардан артық көреді екен. Егер бұл жөнінде бұдан бұрын ескерткенімде, оларды міндетті түрде жазаға тартар едім. Алайда қандай да бір мәселе бойынша, тыйым салғанымды жұртқа естіртпей тұрып, жаза қолданғым келмейді. Егер кімде-кім осыдан кейін әлгіндей әңгімелерге жол беретін болса, жала жапқан болып саналады. Жалақорға қандай жаза қолданылатын болса, олар да сол жаза бойынша, сазайын тартатын болады. Алла елшісінен (с.а.у.) кейін ең қайырлы адам – Әбу Бәкір, одан кейін Омар. Бұлардан кейінірек елдің санасын сансыратқан кейбір оқиғалардың болғаны рас. Алайда ол оқиғаларға үкім беру тек Аллаға ғана тән.

0 пікір