Ақырет аралы (баллада)
Ақырет аралы (баллада)
2 жыл бұрын 1231
Алма Түсіпбекова

Жерді тарпып жез жүгенді құламыз,

Өткен күннен өнеге алып тұрамыз.

Шапағаты шуақ болып төгілген,

Бүгін сізге баяндайын бір аңыз.

 

Болмас бәлкім, жылауға да, күлерге,

Сәл қаталдау салт бар екен бір елде.

...Бақыт деген осындай ма едіңіз,

Күліп келіп, ал соңынан түнерген.

 

Қалай жанды билемесін қапалық?

Осыны ойлап, терең ойға баталық.

Он жыл билік құрғаннан соң патшасын,

Тастайды екен бір аралға апарып.

 

Он жыл бойы ұлы адамға теңеген,

Патшаларын сол аралға кемемен,

Тастайды екен алып барып мәңгіге,

Жан табылмай жалғыздығын елеген.

        

Адам – ғұмыр!

Тағдырыңа тәуелді ең,

Ол аралда ел тұрмайды әуелден.

Патшасына, билеушіге әлемді,

Осылайша шығады екен жау елден.

 

Тәртіп осы.

Жүрме одан ауытқып,

Ел патшасы осы жайды қауіп қып.

Он жылдан соң не көрерін көп ойлап,

Қашқан екен сарайынан сауық-құт.

 

Сарқылтатын шаттығыңды, бұлақты,

Қайтпек керек мына қатал сынақты?

Он ойланып, мың толғанып бір күні,

Уәзірінен ақыл-кеңес сұрапты.

 

– Патша болдым, тасып-толдым десем де,

Қарғыс атқыр қайғым барда өсем бе?!

Жолын құшып патшалардың алдыңғы,

Мен де солай өшем бе?..

 

Қасірет боп осы күні азығым,

Ауыр ойдан жүдеп-жадап, қажыдым.

Он жылдан соң жалғыз қалам аралда,

Жазығым не, жазығым?

 

Жүрегімнің жанарларын жас қамар,

Елсіз арал – менің үшін тас қамал.

Құтылатын осы түнек қайғыдан,

Бар ма, айтсаңшы, басқа амал?

 

Тосыпты да бұл сауалға құлағын,

Тыңдап алып патшасының сұрағын.

Терең ойға батыпты да тұңғиық,

Былай депті уәзір:

 

– Күйе жағып дәстүрің мен салтыңа,

Ұнамайсыз халқыңа.

Жалғыздыққа тұнып тұрған ол арал,

Ұмыттырар тірлігіңді шалқыған.

 

Торламасын десең жанды нала-мұң,

Ішкің келсе, сансыз сезім шарабын.

Ертеңгі күн өзің барып тұратын,

Сол аралды гүлдендірсең, жарадың!

 

Ғұмырың мен байлығыңды аяма,

Жалқаулықтың жүгін онда таяма.

Өзің түбі баратұғын сол арал,

Сонда саған айналады саяға!

 

Ақылдан ол емес еді мақұрым,

Ойлап көрсе уәзірінің ақылын.

Жөн секілді айтқан сөзі әзірде,

Ақиқатқа таяп қапты ақырын.

 

P.S:

Адал досым, әділдікті ұнатқан,

Өмір осы – тұратұғын сынақтан.

Аңыздардың астарында өмір бар,

Шындық іздеп қажеті не жырақтан?

 

Бұрынғының қарттарының сөзі шын,

Әрбір адам өзі патша өзі үшін.

Жаман болсаң – жалаң өмір кешкенің,

Жақсы болсаң – даналардың көзісің.

 

Уәзірің – ақылың мен иманың,

Жолында оның құрбан болсын жиғаның.

Ақиқаттың, ар-иманның жолында,

Жөн болады жаныңды да қиғаның!

 

Бағындырған күштіні де, алыпты,

Алла ісіне көңіліміз қанықты.

Тіршілікті ізгілікке толтырсақ,

Жәннат баққа барарымыз анық-ты!..

 

Құлаш ұрып ұлы арманның өріне,

Келесің-ау, қадам басып төріңе.

Апарарын шығармағай есіңнен,

Кеме-табыт елсіз арал-көріңе!..

0 пікір