Әке өсиеті!
Әке өсиеті!
9 жыл бұрын 7736
Ерлан Әшірбаев

Асылдар ұмытылмас  ел ішінен!

Жұрт бағалар жақсыны жемісімен,

Бір байдың өсиетін көзім шалып,

Жыр бастадым сол оқиға желісімен!

 

Бай бопты құлшылығын ұмытпаған!

Иманды екен нәпсісін құрықтаған!

Әр тапқан несібесін Алладан деп,

Шүкір етіп, Жаратқанды ұлықтаған!

 

Жалғыз ұлы болыпты әлгі адамның,

Уайымдапты иманының болмағанын!

Сол ұлын шақырып ап сөз бастапты:

«Сөзімді тыңдағаның қолдағаның»

 

Өміріңді хақ жолына арнағаның,

Сенің жаман қасиетсіз болмағаның!

Кейінге қалдырсаң маңызды істі,

Өзіңді – өзің әуре боп алдағаның!

 

Құлақ салып жақсылап тыңда, балам,

Бір өсиет қалдырамын мұнда саған!

Мал-мүлкім, жиған байлық бәрі саған,

Мен өлген соң қалады бұл да саған!

 

Әке-бала ұзағынан сұқбат құрды,

Әрбір сөзді мұқият ұл тыңдап тұрды.

Сөз соңында әкесі: « Балам, ал» деп,

Бір жапырақ қағазбенен хат қалдырды!

 

Бұл жазбаны «аманат» деп  сақта, бала!

Жар болсын қолдап жүрсін Хақ Тағала!

Ашып бәлкім оқырсың мен өлген соң,

Мәселеңнің шешімін таппағанда»

 

Содан ажал келетінін сезіп жүрді!

Өлетінін жұрттан бұрын өзі білді!

«Мен өлсем шұлықпен жерлеңдер» деп,

Соңғы сөзді ұлға айтып көзін жұмды!

 

Әкесі өлді соңғы сөзді аманат қып!

Орындауға бұл сөзді ұлы, алды құп

Жаназада әке сөзін паш еткенде,

Түсінбеді ұға алмады жамағат түк!

 

Молда айтты: Жұртты айырар өлім ғана!

Әкең неткен ғажап еді сенің дана,

Бірақ бұл өсиеті қабыл болмас,

Қабірге бірге кірер кебін ғана!

 

Аманатпен айтылған сөз ұмыт болмас!

Мұның сырын ойлансам да біліп болмас,

Ақ кебінмен жерлейміз тек әкеңді,

Сен  айтқандай жерлеуге шұлық болмас!

 

Жұрт тартысып тұрғанда таң да кірді!

Ақыр былай болмасын ұл да білді

Шұлықсыз жерлейміз деп шешімге кеп,

Әке сөзі аяқсыз боп, дау басылды!

 

Берген уәде болмады ақыр әкесіне

Әлде бұл әкемнің бір қатесі ме ?

Аманат қып әкеден алып қалған,

Оралды бір жапырақ хаты есіне!

 

Үйге келіп хатты әрең ашты ақыры!

Деп бастапты «Бір кебін патша құны!

Бір шұлықта ала алмай өзім кеттім,

Жиған байлық дүние ақша түгіл!

 

Дүниеге ешқашан құнықпағын,

Сөндірме жүректегі үміт бағын

Әкеңнің өсиеті осы ұлым,

Адам болу аманат ұмытпағын!»

1 пікір
  • Дүниеге ешқашан құнықпағын,

    Сөндірме жүректегі үміт бағын

    Әкеңнің өсиеті осы ұлым,

    Адам болу аманат ұмытпағын!

    9 жыл бұрын