Айналадағы керемет (өлеңдер жинағы)
Айналадағы керемет (өлеңдер жинағы)
10 жыл бұрын 5726
Данияр Жігітбек

Әуез бен әсемдікке толы мына

Дүние Хақ нұрына шомылуда.

Өзендер сай-саладан ағылуда,

Толқыған көк теңіздер толығуда.

Шөлдердің қарашы бір сағымына,

Көлдердің балдыры мен балығына.

Жан-жануар жылынған шуағына

Алып күн де біз үшін жағылуда.

Түнгі аспан еркесі ғып алтын айды,

Күн түнді көрпесі ғып жамылуда.

Шындыққа көкірегің ашылады

Керемет жаратылыс заңын ұға.

Сәл ойлансаң көз жетер анығына:

Барлық әлем Аллаға бағынуда.

Енді не кедергі оны тануыңа?

Не кедергі Раббыңды табуыңа?

Шынайы махаббатпен табынуға.

 

Қадір түніндегі дұға

Сауаптан қол үзіп қалмайық,

Бұл түнде қайырлы мың айдан.

Бар менің тілегім қол жайып,

Сұрайтын Жаратқан Құдайдан:

 

Мәңгілік күн күліп көгімде,

Зұлымдық, соғысты қашық ет!

Тәуелсіз кең-байтақ жерімде

Болмасын қайғы мен қасірет!

 

Әдемі дағуат қылу үшін

Жолымды, АллАһым, ашық ет!

Ата-анам, жақыным, туысым

Тура жол табуын нәсіп ет!

 

Тек алға сеніммен қарайын,

Ұлы боп өмірлік мақсатым!

Өмірден орнымды табайын,

Өтсе екен мәнді боп әр сәтім!

 

Биікке ұмтылар тегінде,

Мүминнің мұратын асыл ет!

Миллион адамға өмірде

Пайдалы болуды нәсіп ет!

 

Сұраймын иманның кәмілін,

Тақуа құлдарды досым ет!

Мүминнің бәріне, Тәңірім,

Фирдаус Жаннатын нәсіп ет!

1 пікір