Адамгершілік имандылықпен келеді
Адамгершілік имандылықпен келеді
3 жыл бұрын 1189
Әкім Тарази, халық жазушысы

Бір мешіттің беретін тәрбиесі 100 мектептің беретін тәрбиесінен әлдеқайда артық. Ешбір дін тәртіпсіздікке үйретпейді. Мешіт те, шіркеу де, синагога да… тәртіпсіздікке үйретпейді. Тәртіпсіздікке бастайтын діннен алыс жүретін, жаман пиғылдағы адамдар. Солардың арасынан әлдебіреулер саясатқа кіріп кетсе, міне, солар қоғамды бұзады. Ал мешіт көп салынып кетті дегенге келіспеймін. Шындығында мешіттер әлі жетіспейді.

Тәуелсіздік жылдарындағы рухани салада жеткен жетістіктеріміздің бірі – дін бостандығы. Қудалауда болған ислам дінін халықтың өзіне қайтарып берді. Мен Астанадағы мешіттерге барып жүремін. Сонда көретінім: мешіттегі халықтың 97 пайызы – жастар. Оларға «Мешітке келіңдер» деп үгіт жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Өздері барады.

Адамзаттың тарихында ислам діні ешқашан тәртіпті бұзған емес. Керісінше, ислам діні басқа діндерден жоғары тұр. Бұл сөзімді бұрын да айттым, қазір де айтамын. Мысалы, басқа діндер жеке адамға табынудан шыққан. «Олар қайта оралады, адамзатты жарылқайды» дейді… Будданың негізінде – Будда, синтоның негізінде – Синто, христианның негізінде – Иса, еврейлердің дінінің негізінде – Мұса тұр.

Пайғамбарлар қауымды адамгершілікке ғана тәрбиелеген. Ал солардың ізін басып, ісін жалғастырып жүрміз деген адамдар қателесіп жүр. Өйткені, олар өз дінін адамдарды бөлуге, біреулерді басып-жаншуға пайдаланып жүр. Мен мұнымен келіспеймін. Адамгершілік деген имандылықпен келеді. Иманды адам өз дінін ұстанады. Бұл мұсылмандар ғана жақсы деген ұғым емес. Діндердің бәрі ізгілікке, жақсылыққа, имандылыққа үндейді.

Әкім ТАРАЗИ,

Халық жазушысы

0 пікір