«Адамдар бұзылды, оларды тек таяқ қана жөнге сала алады» дегендерге Халифаның айтқаны
«Адамдар бұзылды, оларды тек таяқ қана жөнге сала алады» дегендерге Халифаның айтқаны
4 жыл бұрын 4511

Бесінші рашид халифа атанған Омар ибн Абдульазиз - Умейят халифатының 8 халифасы. Миләди 717 жылы немере ағасы Халифа Сүлейман ибн Абдульмәлик қатты сырқаттанып, өзінің орнына ағасының баласы Омар ибн Абдульазизді таққа отырғызады. Оның бұл мақамнан бас тартатынын алдын-ала білген ол, оған айтпай сыртынан халифа қылып сайлап тастайды. Халифа екендігінен хабардар болған сәтте қарсылық білдіргенімен, кеш еді. Бәрі бірауыздан оның халифалығын мойындап қойған.

Омар ибн Абдульазиз таққа келісімен-ақ патшада болуы керек сән-салтанаттылықтың бәрінен бас тартып, өте қарапайым өмір салтын таңдайды. Өзінен алдыңғы халифалар тарапынан заңсыз иеленген жерлердің бәрін және өзіне қалған дүние-байлықтарды да түгелдей қазынаға өткізеді.

Өзінің аса әділдігімен, тақуалығымен, әрі білгірлігімен танымал болған Омар ибн Абдульазиз ұлаңғайыр империяны өте әділ түрде басқарады. Қысқа мезгіл ішінде әділдігі, іскерлігі, білгірлігі шартарапқа жайылып, бүкіл халықтың ризашылығына бөленеді. Халық оны төрт шадияр - Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлилермен қатар көріп, "бесінші рашид халифа" деп атап кетеді.

Өкінішке орай әділдікке жау кісілер қашанда табылары анық. Әділ Халифа да сондай қаскөйлердің қастандығына ұшырап, халифалығының 2 жыл, 5 айлығында, 38 жасында қастандықпен шейіт етіледі.  Оның қаза болғанын естіген Рим патшасы: "Мұсылман арабтардың патшасы, салиқалы адам қайтыс болды, өкінішті" деп көзіне жас алған екен. Алла рахымына бөлесін!

Халифа Омар ибн Абдульазиздің әділдігі жөнінде көптеген оқиғалар тарих кітаптарында айтылады. Сондай оқиғалардың бірінде мынадай жағдай баян етілген: 

Халифаның жер-жердегі өкілдері халифаға келіп, қарамағындағы халықтардың билікке деген наразылығын, олардың теке-тіресін шағымданып: 

- Уа, мүміндердің әміршісі! Адамдар шектен шығып барады және әдеп нормалары бүлінді, оларды тек таяқ қана жөнге сала алады, - деп айтады.

Сонда Халифа Омар ибн Абудульазиз оған қарап:

- Жалған айтасыңдар. Оларды әділдік пен шындық жөнге сала алады, - деген екен, әділдікпен билік жүргізулерін талап етіп. 

 islam.kz 

0 пікір