Абай ақын мен Бегеш шешен
Абай ақын мен Бегеш шешен
9 жыл бұрын 12196
Дастан Ақаш

Сәлем беріп, киіз үйге кіріп келе жатқан Бегешке Абай: «Аяғың сиырдың жапасы ғой, сүртіп кірмейсің бе»,- деп, аттан түскенде асығыс, абайламай аяғын былғап алғандығын бетіне басып, Бегешті сөзден сүріндірмекші болады. Сонда Бегеш шешен босағадағы киізге аяғын сүртіп-сүртіп жіберіп, тосылмастан: «Абайжан, дүние деген боқ емес пе?! Боқты боқпен сүртіп жатырмын» депті де, «Боқты боқпен таптау керек», - деп аяғын шешпестен, қалы кілем төселген төрге озыпты. Абай Бегештің бұл жауабына сүйсініп, бағасын беріп, қонақ қылып, шапан жауып шығарып салыпты. Абайдың замандасы болған Бегеш шешен туралы Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында тоқталып өтеді. Әрдайым Абайдың қасынан табылатын досы ретінде елге белгілі тұлға. Сөзден ұстатпайтын Бегеш шешенді Абай ақын «Қызыл желім, Бегешім» деп атаған екен.

Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі — ол баяғы.


Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа. 
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!

Осы бір «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген Абай ақынның өлеңі осындай шешен досының сөзінен кейін ой салып, өлең жазуына себеп болуы мүмкін. Немесе Абай ақынның бүкіл өлеңдерін жатқа білетін Бегеш, Абайға өз сөзімен жауап беруі де ғажап емес. Әйтеуір исі қазаққа танымал екі адамның жауаптасуы бүгінгі өмірде кәсіп қылып жүрген адамдарға өмірлік бағыт-бағдар болатын өнегелі сөз. Бабаларымыз «Қу дүние-ай» деп емес, «Боқ дүние-ай» деп көп налыса керек. Қазіргі таңда бизнес деп жүрген азаматтар көп. Бизнестің екі жағы бар. Бірінші жағы – сауапты іс пен береке болса, екінші жағы – боқ дүние қуушылық. Сондықтан қандай кәсіп қылсаңыз да берекелі бизнестің шекарасынан, берекесіз боқ дүниенің шекарасына өтіп кетпеңіз. Өйткені адам баласы о дүниеге өзімен бірге ештеңе арқалап әкетпейді. Абай мен Бегеш шешеннің сөздері «береке» мен «боқ дүниенің» ортасында тұрған сәтте, ойыңызға ой қоссын.

1 пікір
  • Ассаламу алейкум, islam.kz сайтының ұжымына Алла разы болсын! Еңбектерініз өте тиянақты, сапасы жоғары, окырманға берерлеріңіз өлшеусіз! Аллахым сіздерді жаннатқа кіргизіп шығармай қойса екен деп шын журегмімен дұғадамын, ин шәә Алла!
    9 жыл бұрын