Әйел кісілердің намазында өзгешелік бар ма?
Әйел кісілердің намазында өзгешелік бар ма?
9 жыл бұрын 6090
Қайрат Жолдыбайұлы

Әйел баласы мен ер кісілердің намаздарының арасында бірнеше өзгешеліктер бар. Атап айтсақ, әйелдер ер кісілер сияқты азан мен қамат айтпайды, беті және білезікке дейін қолынан тыс жерлері жабық болады. Намазын үйде оқуының мешітте оқуына қарағанда сауабы молырақ. Әйелдердің намаздағы өзге қимылдары да оның табиғатына сай атқарылады. Ендеше, ардақты Алла елшісінің (с.а.у.) яғни еркектердің намаз оқығанындай әйелдер де еш өзгеріссіз дәл солай жасауы керек деген нәтиже шықпайды.

Исламдағы төрт мәзһаб ғалымдарының басым көпшілігінің берген пәтуасы бойынша, әйел баласының намаздағы қимылының бәрі, еркектер сияқты еркін емес, жинақы болуы маңызды. Мәселен, Мәлики мәзһабында әйелдің намаздағы қимылдарының бәрі жинақы болуға тиіс[1]. Әйелдердің киімі ашылып қалмауы әрі дене мүшелерінің бедерленбеуі үшін олардың намаздарындағы іс-әрекеттердің барлығы барынша жинақы болуы басты назарға алынған. Мысалы, тәкбір алғанда қолды құлақ тұсына дейін көтерген жағдайда жеңдері сырғып төмен түсетіндіктен білектерінің ашылып қалу қаупі бар. Сондықтан олар тәкбірде қолдарын көкіректеріне дейін ғана көтереді. Сондай-ақ қолдарын көкірек тұсына байлау арқылы омырауларын қосымша көлегейлеген болады. Ханбали мәзһабында да дәл солай. Ибн Құдама «әл-Муғни» атты еңбегінде әйелдің намазындағы ерекшелігі жайында былай дейді: «Намаздағы ер кісілерге қатысты үкімдер негізінде әйелдерге де қатысты. Бірақ әйел баласы рукуғта, сәждеде өзін жинақы ұстайды. Ал отырыста молдас құрып (мүтәраббиға) немесе екі аяғын оң жағына шығарып бүгіп отырады»[2].

Шафиғи мәзһабында әйелдің намаз қимылдарында төрт жерде өзгешелігі бар:

1. Рукуғта бір тізесін екінші тізесіне, бір аяғын екінші аяғына тигізіп тұрады. Сәждеде де екі тізесі мен екі аяғының арасын қосып, ішін санына тигізеді. Осылай жасаса жинақы болады.

2. Еркектер жария оқитын намазды жария, іштен оқитын намаздарды іштен оқиды. Әйелдер бөтен еркектердің жанында намаз оқитын болса, дауыстары естілмейтіндей етіп бәсең оқиды.

3. Намаздарына кедергі тудырар бір әрекет туындай қалғанда ер кісілер «Субханналла» десе, әйел кісілер оң қолының алақанын сол қолының үстіне шапалақтайды.

4. Намазда еркектердің әурет жері кіндік пен тізе аралығы жабылуы керек. Ал әйелдерде қолы мен бетінен басқа жерлері жабық тұруы тиіс[3]. «Әссунәнуль Кубра» атты хадис жинағының авторы хадисші әл-Байһақи әйелдің қимылы жайында: «Әйелдің намаздағы қимылдарындағы өзгешелік жинақылыққа негізделген. Әйел кісі намазда жинақылыққа ең лайық қимылды орындауға бұйырылды», – деген[4]. Ендеше, Ханафи мәзһабымен қоса, өзге үш мәзһабтың үшеуінде де әйел кісінің намаздағы қимылдары жинақылыққа негізделгендігі бір ауыздан мақұлданған.

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдердің намаз қимылдарындағы ерекшеліктер төмендегідей:

Ифтитах тәкбірін әйелдер екі алақанын құбылаға қаратып, саусақ ұштарын иық деңгейіне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» деп жасайды.

Имам Бұхари өзінің «құрратуль айнайн» атты еңбегінде Сүләймән ибн Умайрдың мына сөзін риуаят етеді.

عن عبد ربه بن سليمان بن عمير قال: رَأَيْتُ أُمّ الدّرْدَاءِ تَرْفَعُ يَدَيْهَا فِي الصّلاةِ حَذْوَ مَنْكِبَيْهَا

Ол: «Мен (сахаба Әбу Дарданың зайыбы) Умму Дарданың намазда екі қолын иық тұсына көтергенін көрдім», – дейді[5]. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) Уәйл ибн Хужр есімді сахабасына былай деген: «Уа, Хужрұлы! Намаз бастағанда екі қолыңды құлаққа дейін көтер. Ал, әйелдер кеуде тұсына көтерсін»[6]. Бұл хадис жоғарыдағы Ұмму Дарданың хадисіне қайшы емес. Себебі, әйел кісі қолын кеуде тұсына көтергенде қолдың саусақ ұштары иық деңгейіне көтеріледі. Сондай-ақ, осы екі хадистің астарына үңілсек, әйел баласының намаздағы басқа да әрекеттері (рүкуғта, сәжде, соңғы отырыста т.б.) әйелдің нәзіктігіне, жаратылыс ерекшелігіне сай әрі жинақы күйде орындалуы керек екендігін аңғарамыз. Әйел кісі көкірек тұсына, оң алақанын сол қолының үстіне қояды. Білезіктерін қапсыра ұстамайды. Бұл олар үшін жинақылық тұрғысынан абзал[7].

Табиғин Ата ибн Әби Рабах[8]: «Әйел кісі қиямда тұрғанда қолдан келгенше екі қолын жинақы ұстайды», – деген[9].

Әйелдер рукуғқа барғанда саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қояды, арқасы мен тізесін сәл бүгеді. Ал сәждеге барғанда білектерін жерге қойып, шынтақтарын қабырғасына жақын ұстайды, ішін санына тигізеді[10]. Бұл жайында Әбу Шәйба өзінің «Мұсаннаф» атты еңбегінде хазіреті Әлидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді:

 عَنِ الْحَارِثِ ، عَنْ عَلِيٍّ ، قَالَ : « إِذَا سَجَدَتِ الْمَرْأَةُ فَلْتَحْتَفِزْ وَلْتَضُمّ فَخِذَيْهَا  رواه ابن أبي شيبة

«Әйел баласы сәждеге барғанда, (екі сәжде арасында отырғанда) екі жамбасына отырсын және (сәждеге барғанда) екі санын бір-біріне жабыстырсын».

Табиғин Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәъидің[11] былай дегенін риуаят етеді:

 عن إبراهيم قال إذا سَجَدَت المَرأَةُ فَلتَزِق بَطنَها بِفَخِذَيها وَ لا تَرفَعُ عَجيزَتَها وَلا تُجَافي كما يُجَافي الرَجُلُ». رواه ابن شيبة

«Әйел кісі сәжде жасайтын болса, екі санына ішін жабыстырсын, бөксесін көтермесін және ер кісілер сияқты (екі шынтағын) ашпасын»[12].

Тағы бір сөзінде Ибраһим:

 عن إبراهيم قال إذا سجدت المرأة فلتضم فخذيها و لتضع بطنها عليهما.رواه ابن شيبة

«Әйел кісі сәжде жасағанда, екі санын бір-біріне жабыстырсын және ішін екі санына қойсын»[13] деген.

Байхақидың «әс-Сүнәнүл-кубра» атты хадис жинағындағы риуаятта Ибраһим ән-Нәхаъи былай дейді:

 كانت المرأةُ تُؤمُرُ إذا سَجَدَت أن تُلزِقَ بَطنَها بِفَخِذَيها كَيلا تَرتَفِعَ عُجْزَتها ولا تُجَافي كَمَا يُجَافي الرُجُلُ. رواه البيهقي

«Әйелдерге сәжде жасағанда ішін екі санына жабыстырсын деп әмір етілді. Бұл сәжде жасағанда оның бөксесі көтерілмесін деген мақсатта айтылған. Ер кісілер сияқты екі шынтағын сәждеде ашпасын (деп те бұйырылды)»[14].

Тәшәһһуд отырысында әйел кісі екі аяғын бүгіп, оң жағына қисайтады. Яғни, сол жақ аяғын оң жақ санының астына өткізіп, бір жақ жамбасына отырады[15]. Мұндай отырыс әйел табиғатына сай әрі жинақы көрінеді. Мұны «тәуәррүк отырысы» дейміз. Бұған төмендегі хадис дәлел:

Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):

 عن عبد الله بن عمر قال: قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): «إذا جلست المرأة في الصلاة وضعت فخذها على فخذها الأخرى و إذا

سجدت ألصقت بطنها في فخذيها كأستر ما يكون لها و ان الله تعالى ينظر إليها و يقول: يا ملائكتي أشهدكم اني قد غفرت لها». رواه البيهاقي

«Әйел баласы намазда сол жақ аяғын оң жақ санының астына жіберіп отырады. Ал сәждеде ішін санына тигізсін. Әйел үшін осылай жасағаны жинақы болады. Алла (осылай отырып оқыған әйелге) қарап періштелеріне: «Уа, періштелерім! Куә болыңдар, мен бұл әйелдің күнәсін кешірдім», – дейді»,[16] - деген[17].

1 У.Зухайли, Маусуғатуль фиқһиль Исләми – 1/769-бет.
2 Ибн Құдама, әл-Муғни: әл-фарқ бәйнар ражули уәль мар’әти фис сала, 1/599 бет.
3 У.Зухайли, Маусуғатуль фиқһиль Исләми – 1/777-779 бет.
4 Мустафа әл-Ғадуи, Жамиғуль Ахқамун Ниса – 1/376 бет.
5 Имам Бұхари «Құрратуль айнайн» №23 хадис.
6 Хайсәми, Мажмағуз-зауаид -2\222 бет, №2594 хадис.
7 Тәхәнәуи, Илә’әссүннә – 2/199 бет.; әл-Айни, Биная.; әлШарнабәләли, Нуруль изах
8 Бұл кісі хазірет Айша, Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Аббас сынды көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен кісі. Меккенің ғалымы.
9 Ибн Әби Шәйбә, Мұсаннаф.
10 Бадайғ – 1/62 бет.; Бадруддин Айни, әль-Биная – 2/249 бет.
11 Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәғи, Ирак өңірінің ғұламасы, фиқһшысы әрі хадисте «сиқа/сенімді», оның риуаят еткен хадистерін Нәсәи, Әбу Дәуіт, Дарақутни сыңды ғұламалар өз хадис жинақтарына алған, кішкене күнінде Айша анамызға келіп, оны көрген кісі.
12 Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242 бет, 2782
13 Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242 бет, 2779
14 Байхақи әс-Сүнәнүл-күбра – 2/314 бет.
15 А.М.Таһмаз: әль фиқһуль ханафи фи саубиһиль жәдид, 1- том, 226 бет.
16 Бәйһақи, әс-сүнәнуль кубра, 2/315 бет, №3199 хадис.
17 "Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". Авторы: А. Қасымов, 87 - 92 беттер. «Дәуір» баспасы, Алматы, 2013 ж.

1 пікір