Үш рет сотталған дін қайраткері Сағидолла Ізтілеуов
Үш рет сотталған дін қайраткері Сағидолла Ізтілеуов
5 жыл бұрын 3143
Индира ІЗБАСҚАН

«...бүгін мен бір жағымсыз түс көрдім, бәрібір сіздер мені атасыздар. Сондықтан, қалай жауап берсем де, маған бәрібір. Мен және менің жанұям жетімдік көрсін. Басқа жазықсыз адамдарды жетім еткім келмейді».

Қарапайым халық үшін өзін ғана емес, сүйікті жары мен жанұясын, бауыр еті баласын да құрбан етіп, тергеуде берген бір жауабында осылай деген қайсар рухты азамат Сағидолла Ізтілеуовтің аты Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан сынды арыстармен қатар аталуы тиіс еді. Алайда, «дін – апиын» делінген заманда «халық жауы» атанған оның өнегелі өмірі жайлы деректер әлі де бұлыңғыр. Тіпті мұрағатта да оның бірде-бір суреті сақталмаған. Сақталса да, ондағы сұлбасы сызылып, мұқият жасырылған. Көзі ашық, білімді болғаны үшін ғана кеңестік билікке жақпай, жер аударылған азамат жылдар бойына жазықсыз темір торға қамалды. Ол аз болса, оны "Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырмақшы болды" деп қаралай айыптады. Қазақ қаны бір өзге қандастарының қысым көрмеуін қалаған ол осалдығынан да, опасыздығынан да емес, керісінше ұлтжандылығынан тергеуде берген бір жауабында өзін амалсыз кінәлі деп мойындауға мәжбүр болады. Дәрігерлік актіде «... жасының ұлғаюына және жүрек соғысының тоқтауына байланысты қайтыс болды» деп көрсетілсе де, ойылдық Сағидолла Ізтілеуовтің есімі Қазақ автономиясын құру жолында шейіт болғандардың бірі ретінде еске түседі.

Діни білімді Мәдинада алған Сағидолла

Ойыл өңірінің тумасы Сағидолла 1871 жылы ауқатты да зиялы молда отбасында дүниеге келген. Бірнеше рет қажылыққа барып, ұлы құлшылықты атқарып келген атасы мен әкесі Ізтілеу де орта арнаулы діни оқу орнын бітірген, дініне берік жандар болған. Сәйкесінше ұлы Сағидолланы да мешіт жанындағы мектепте оқытып, мұсылманшылық тәрбие берген.

1902 жылы қос қасиетті шаһардың бірі Мәдинадағы діни оқу орнына түскен Сағидолла оны төрт жылда тәмамдап шығады. Жоғары діни білім алып, туған жеріне оралған соң білімінің зекетін беруге кіріседі. Ойыл ауданының 17-ауылындағы мешітте молда болып, көп ұзатпай сол жерден сауаттандыру мектебін ашады. Бірі медресе, енді бірі мектеп-мешіттер деп атаған бұл білім ордаларындағы ағарту жұмыстары әсіресе жәрмеңкелерге жақын орналасқан аймақтарда жедел дамыған көрінеді. Соның ішінде, Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесін, одан бөлек Қаратөбе, Қараөткел, Теке, Астрахан, Қиғаш бойындағы жәрмеңкелерді айтуға болады. Алайда, солақай саясаттың салдарынан, бұл кезде жоғары діни білімі бар сауатты адамдар зиялылар қатарына жатқызылмады. Ал 1920 жылғы санақта қазақ халқының бар болғаны 2 пайызы сауатты деп көрсетілген еді. 

Дінге қысым көрсетілген осынау алмағайып заманда да ата сенімінен ажырамай, мұсылманшылық мектеп құрған Сағидолла жан-жақты білімдар кісі болған. Студент кезінен Орынбор, Қазан, Уфа қалаларында шығатын басылымдармен тығыз байланыста болып, оқуын аяқтаған жылы Орынбордағы татар тілінде шығатын «Увакит» газетінде тілші болып жұмыс та жасаған. Мұнда Патшалық Ресейдің ішкі-сыртқы саясаты, ондағы ұлттар арасындағы қарым-қатынастары жайлы материалдар жазып, мұсылмандық тағлым-тәрбиенің насихатталуына қатты көңіл бөлген. 

 Азаттықты аңсаған Алаш ұлдарымен кездесуі

1917 жылы дәл осы «Увакит» газетінде алаштықтар Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхандармен кездесудің орайлы сәті түсіп, бұл кездесу одан әрі берік бауырластыққа ұласқан көрінеді. Ортақ бас қосуларында Алаш баласының болашағы, елдің азаттығы турасында пікірлерін білдіріп, сұхбаттасқан олар кейіннен Күнбатыс Алашорда ұйымының жұмысында бірге бас көтеріп, осы мақсатта арнайы съездер ұйымдастырылған. Сағидолла сол жылы сәуірде Орал қаласында, маусымда Көкжарда, 1918 жылдың қаңтар айында Қаратөбеде өткен съездердің барлығына да қатысып, онда талқыланған Қазақ автономиясын құру мәселесі туралы өз пікірін білдіреді. Съездерге қатысқан әр қандасымыздың, әр зиялы азаматымыздың көкейінде дәл сол кезде елдің жарқын болашағын құру, елдікке қол жеткізу сынды асқақ армандар жатқан еді. Алайда бұны Кеңес үкіметін құлатуға қарсы қадам деп түсінген биліктегілер ұйымның барлық мүшелерін тұтқындайды. Билікке қарсы әрекет еткен бүлікшілердің бірі ойылдық Сағидолла да темір торға қамалып, 1921 жылдың 25 тамызы мен 1922 жылдың 5 сәуірі аралығында Орал қаласындағы түрмеде жазасын өтейді. 

 Жазықсыз жала

Кейін кешірім беріліп, бостандыққа босап шыққан соң тағы да мешіт-мектептердің жұмысына ден қойған жерлесіміз мешіттің хазреті болып, рухани-ағартушылық бағытта жұмыс жасай бастайды. 1926-1930 жылдар аралығында бір ғана Ойыл ауданында 11 діни мектеп, 20 мешіттің жұмысын қалпына келтіріп, оларды діни мамандармен қамтамасыз етуге күш салған. Уфадағы Орталық діни басқармамен тығыз байланыста жұмыс жасап, басқарманың мүшесі ретінде съездеріне қатысып тұрған. 

Отызыншы жылдары байлардың мүлкін тәркілеп, діни қайраткерлерді жаппай қудалаған солақай саясат тағы да күшіне мініп, өзге зиялылар секілді Сағидолла да сот үкімімен қамауға алынады. 1930 жылдың 8-наурызында Ойылдың халық соты РСФСР кодексінің 79-бабының 1-тармағына сәйкес жеке меншігіндегі малын талан-таражға салғаны және діни бағытта жұмыс жасағаны үшін оған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын береді. Оған қоса 5 жылға жер аударылып, 2 жылға сайлауға қатысу құқынан айырылады.  Мал-мүлкі де тәркіленіп, тастан салынған үйі клуб орнына пайдалануға беріледі.

Алғашқыда жазасын Ойыл, Ақтөбе түрмелерінде өтеген Сағидолла Ізтілеуов 1931 жылдың аяғында Мұғалжардағы тас өндіру кәсіпшілігіне, одан кейін Алматыдағы лагерьге ауыстырылады. 

  Анкарадағы мұсылман съезі                      

Соттың берген жазасын өтеп, бостандыққа шыққан арыстай азамат бәрібір дінге қызмет етуін тоқтатпайды. 1935 жылы Анкарда өтетін мұсылмандар съезіне шақырту алып, оған Орталық діни басқармадан жол шығындарына деп 150 сом көлемінде қаражат та жіберіледі. Аталмыш съезге қатысу үшін әуелі Ойылдан Гурьевке, кейін Жылыой-Рөкеш арқылы кемемен Кетік деген жерге жетіп, одан Ашхабадтан Қарабұғазға, 4 күн бойы түйемен жолаушылатып Тегеранға барған Сағидолла ақыры межелі жерге де жетеді. Күллі мұсылман елдерінен 600 делегат қатысқан съезде талқыланған тақырып турасында өз пікірін білдіріп қана қоймай, парсы, араб тілдерінде сөйлегендердің сөзін түрік тіліне тәржімалайды. Осында студенттік жылдардағы таныстарын, «Увакит» газетіндегі бұрынғы ұжымдастарын жолықтырып, олармен де біраз пікір алмасады. 

Діни білімдарлығымен ғана емес, саяси оқиғаларды сараптап, талдау жүргізе білетін жан-жақтылығымен танылған Сағидолла шетелдік басылымдармен байланыс орнатып, оларға әлем елдері арасындағы шиеленістер, соғыс дүмпуі жайында хабар беріп отырған

 Елу жылдан кейін ақталған есім

Небір дін қайраткерлерімен сұхбаттас болған Сағидолла соның ішінде Хасан хазірет, Мұстафа Кемал пашамен жүздесіп, жүрген жерінде мұсылманшылықты насихаттаумен болады. Алайда, исламның жақтаушысы ретінде үкіметке жақпаған оның үстінен 1937 жылы тағы да іс жасақталып, "Кеңес үкіметін құлатуға әрекет етті" деген айып тағылады. Бұдан бөлек, панисламдық ұйым құрып, Герман, Жапон империалистерімен ауыз жаласты, соларға жұмыс жасады деген де небір негізсіз жалалар жабылады. Үйіне тінту жүргізіліп, өзі тергеуге алынады. Екі айдан астам уақыт жалғасқан тергеудің нәтижесінде адал атын ақтап ала алмайтындығынан әбден қажып, шарасыз күйге түскен Сағидолла 1937 жылдың 16 тамызында берген жауабында былай деген екен: «...бүгін мен бір жағымсыз түс көрдім, бәрібір сіздер мені атасыздар. Сондықтан, қалай жауап берсем де, маған бәрібір. Мен және менің жанұям жетімдік көрсін. Басқа жазықсыз адамдарды жетім еткім келмейді».

Ортада Сағидолла Ізтілеуовтің немересі Шарипа әжей, қасында жолдасы Найзабай ата және жиен немересі Дәурен. Тұрып тұрғандар: қыздары Гүлнар мен Эльмира

Қазақтың өзге қарагөздерін жетім еткісі келмеген Алаш азаматының артында жесір болып жұбайы Айбарша, жетім болып балалары Қажығали, Сағадат және Дильшат қалды. Тағдырларына «халық жауының баласы» деген таңба басылған асылдың сынықтарының әкелеріне тағылған айыппен көндікпеске шаралары болмады. Арада жарты ғасыр өткеннен кейін ғана, нақтырақ айтқанда 1990 жылы Сағидолла Ізтілеуовтің жүз бет болып жасақталған ісі қайта қаралып, құрамында қылмыстық әрекет жоқ деп табылып, ардақты есімі ақталып шығады. 

 

0 пікір