Тарихта қажылық рәсімін тоқтатуға итермелеген бес жағдай
Тарихта қажылық рәсімін тоқтатуға итермелеген бес жағдай
4 жыл бұрын 4903

Сауд Арабиясының билігі наурыздың басында коронавирустық пандемияға байланысты «Кіші қажылық» деп аталатын «Умра» қажылығына шектеу қойған еді. Енді жақында жергілікті билік, бәлкім, биыл шілде айында өткізілуі керек болған үлкен қажылықтың да тоқтатылуы мүмкін екендігін хабарлады. Бұндай шектеулер біз ойлағандай бұрын-соңды болмаған жағдай емес. Тарих бойы қажылық рәсімі – індеттің таралуы, қақтығыстар, Меккеге жасалған шабуылдар т.б. сол сияқты түрлі себептердің салдарынан бірнеше рет тоқтатылған-тұғын. Сауд Арабиясының королі Абдулазиз атындағы зерттеу және мұрағат қорының мәлімдеуіне қарағанда, тарихта ең кем дегенде 40 рет қажылық рәсімі өз жұмысын уақытша тоқтатқан екен. Сол қажылықты уақытша тоқтатуға итермелеген жағдайлардың бірсыпырасы төмендегідей, деп жазады Muslim Vibe.


1). 865 жылғы қырғын.

865 жылы Аббаси халифатына қарсы көтерілісті басқарған Ас-Саффак лақап атымен белгілі Исмаил ибн Юсуф деген адам, Арафат тауына жиналған қажыларға аяусыз шабуыл жасап, көптеген бейкүнә адамдардың жанын қияды. Бұл қантөгіс – қажылық рәсімін бір жылға тоқтатты.

 

2). 930 жыл. Карматтардың Меккені жаулап алуы 

Қажылықтың уақытша тоқтатылуына алып келген ең қайғылы оқиға Х ғасырда орын алған еді. «Кармат» сектасының жетекшісі Әбу Тахир Жаннаби есімді адам қажылықты пұтқа табынушылық деп жариялап, 930 жылы оның жендеттері мен ізбасарлары Меккеге шабуыл жасайды. Сол шабуылда ондаған мың адамды қылыштан өткізеді. Тарихи жазбаларда сол қырғында 30 мыңнан астам бейкүнә қажылардың шейіт болғандығы туралы айтылған. Қажылардың өлі денелері Зам-зам суының қасиетті құдығына тасталынған екен. Мекке қаласы мен «Харам» мешіті тоналып, Кағбадағы қара тас бөлініп Бахрейнге әкетілді. Соның нәтижесінде Қажылық он жылға тоқтатылады. Қажылық қара тас Каабаға түпкілікті қайтарылғаннан кейін ғана қайта жанданды.

A brief history of the holy Kaaba - The Muslim Vibe
Фото: themuslimvibe.com

 

3). 983 жылғы саяси кикілжін 

Қазіргі Ирак пен Сирияның территориясын иемденген Аббасит халифаты мен Мысырда билік құрған Фатимит халифаты арасында орын алған саяси қақтығыс нәтижесінде 983 жылы қажылар үшін Меккеге баратын жол жабылады. Билікке таласқан қарама-қарсы екі мұсылман патшалығының теке-тіресінің кесірінен қажылық рәсімін орындау сегіз жылға тоқтатылған еді. Тек 991 жылы ғана Меккеге қарай жол ашылып, әлемнің төрт бұрышынан келген қажылық жасаушылардың төбесі көріне бастайды.   

 

4). 1831 жылы обаның тарауы

1831 жылы Меккеде оба індеті пайда болып, қажылық рәсімі уақытша тоқтатылады. Ол індетті Үндістаннан келген қажылар алып келген деседі. Сол обадан Меккедегі қажылардың 75% -ы қайтыс болған екен. Аурудың одан әрі таралуын тоқтату үшін қажылық уақытша тоқтатылған. 

Haremi Şerif ve Mescidi Nebevi'de bulunmak ve namaz kılmak yasaklandı
Фото: gzt.com 

 

5). 1846 және 1858 жылдардағы тырысқақ ауруының таралуы

Оба індетінің тоқтауынан он жылдан астам уақыт өткен соң, тырысқақ ауруы туындап, қажылық рәсімі ең аз екі рет тоқтатылады. 1846 жылы Мекке қаласында тараған тырысқақ ауруы 15 мыңнан  астам мұсылманды жалмайды. Індетті тек 1850 жылы ғана құрықтай алды. Осы жылдары аурудың таралуын алдын алу үшін және өлгендерді жерлеу үшін Қажылық рәсімі уақытша тоқтатылады. Алайда, 1858 жылы тырысқақ ауруының екінші толқыны басталып, бұрынғы жағдай қайта қайталанады. Бұл жолы көптеген қажылар Мысырдағы Қызыл теңіз жағалауындағы уақытша карантиндік лагерьге баруға мәжбүр болады. 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! 

Аударған: islam.kz 
Дереккөз: islamosfera.ru/

0 пікір