Шығармашылық шыңынан ғана емес, адамгершілік биігінен де көрінген Ғабит Мүсірепов
Шығармашылық шыңынан ғана емес, адамгершілік биігінен де көрінген Ғабит Мүсірепов
7 жыл бұрын 8005
Марфуға ШАПИЯН

          Белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, драматург Ғабит Мүсіреповті білмейтін, оны танымайтын, жазғандарынан бір әңгіме болса да оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегінің есімі халқымызға жақсы таныс. Бірақ шығармашылығын сүйіп оқитын Ғабеңнің болмысын қаншалықты танимыз? Жеке тұлғалық қасиеттерін қаншалықты білеміз? Міне, осындай ойдың жетегінде Алматыдағы көзі тірісінде өзі тұрған Ғабит Мүсіреповтің музей-үйіне барып қайтқан едік.  

Мүсіреповтің азан шақырылып қойылған аты - Ғабдел Ғабит

Үй қабырғасында осындай тақтайша тұр 

Ғабеңнің пәтерінің музейге айналғаны болмаса, бұл үйде күні бүгінге дейін тұрғындар тұрып жатыр. Олар да кезінде аты аңызға айналған жазушы тұрған үйді мекен еткендерімен мақтанатын болар?! Музейге келе жатып, жазушы туралы білетіндерімді еске түсіру үстінде болдым.

Қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсіреповтің есімі Әуезовтен кейін бірден аталады. Ол туралы белгілі сөз зергері, сыншы Зейнолла Қабдолов: “Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден  «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы əлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!” деген болатын. Расымен де, Ғабеңмен қалай мақтансақ та жарасады.

Ол 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ғабеңнің діни сауаты бар шаңырақта тәрбиеленгенін өз естелігінде Сәбит Мұқанов былай деп жазады: “Кәжімбайдан: Мақмет (Махмұт), Ақан, Мақан, Самырат туады. Мақметті (Ғабиттің әкесі) Мүсіреп бауырына салады да, Кәжімбайға енші бергенде алып қалады. Мақмет сол үйде өсіп, сол үйде үйленіп, сол үйден енші алып шығады. Мақметтің әйелі – Дина, Обаған бойын жайлаған Шекті руында (Арғынның бір бұтағы) Оңғарбай деген кісінің қызы екен. Мақмет мұсылманша сауаты бар, кітап, газеттерді қарап отыратын, ақылды, парасатты кісі еді. Оның бір сайлауда ауылдық старшын болғаны да бар. Дина –үлкенге келін боп, кішіге жеңге боп, жастарға шеше боп жаққан, мінезі биязы, пейілі кең, асы дәмді, абысын-ажын арасында ұйымшыл, ақылды болған кісі. Ол – менің кіндік шешем”. Жазушының азан шақырып қойған атының “Ғабде-әл Ғабит” екенін де осы Сәбең жазады. Міне, балаларына діни есім берген Махмұт ақсақалдың діни сауатының әжептәуір болғанын осыдан байқаймыз. Өйткені, Ғабеңнің де білім жолы діни сауат ашудан басталып, өзінің қолжазбаларын өмірбақи төтеше жазғанынан хабардармыз. 

Музейге кірерден бұрын ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбековпен әңгімелестік. 

– Әділғазы Жақсылықұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған Ғ.Мүсіреповтің мұражай-үйі қашан ашылған еді?

– Қазақ әдебиетінің классигі, Еңбек Ері, академик-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің Алматыдағы 1968-1985 жылдарда тұрған үйінде (қазіргі Қарасай батыр көшесі, 49-үй, 25-пәтер) мұражай ашу ісі 1986-1987 жылдары қолға алынып, 1991 жылдан бастап көп қабатты  тұрғын үйдегі мұражай-пәтер Қазақстан Орталық мұражайының бөлімі ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған. Мұражайдың алғашқы ұйымдастырушылары қатарында Нәзира Қожахметқызы Дәулетова мен Энгелина Ғабитқызы Мүсіреповалар болды. Ал 1999 жылы Алматыдағы Сәбит Мұқановтың мұражай-үйі мен Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйі әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп, мұражай кешені аталды. Бірақ тұрған үйлері сол қалпында екі бөлек тұр.

Ғ.Мүсіреповтің мұражай-үйінде үлкен бір әдеби зал және екі мемориалдық бөлме бар. Сол бөлмелердің бірі – жазушының жұмыс кабинеті, екіншісі – демалатын бөлмесі. Мұндағы экспонаттар – жиһаздар мен мүліктер, кітаптар мен қолжазбалар, сыйлықтар мен әртүрлі құжаттар – барлығы да Ғабеңнің қолы тиген, күнделікті өмірде тұтынған, пайдаланған заттары. Бәрі бұрынғы, Ғабең бардағы қалпында. 

Бұл үйде Ғабең ұзақ жылдар бойы, өмірінің соңына дейін тұрды. Мұражайда төрт мыңнан астам жәдігер бар. Салыстырмалы түрде қарағанда, Сәбеңнің мұражайында сегіз мыңнан астам жәдігер бар. Оның себебі, Ғабең мұрағат сақтау, өзінің жазған-сызғандарын жинап-теруге үнемі көңіл бөліп отырмаған. Ғабеңнің шығармаларын қайта бастыру, оның текстологиясын жасау, жылдар бойынша реттеу, өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап газет-журналдарда басылып жатқан мақалаларын жинастыру мәселесінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеген профессор Әбділхамит Нарымбетов  көп еңбек сіңірген. Сол кісінің арқасында Ғабеңнің әр жылдарда жарық көрген еңбектері сақталып, жиналып қалды.

Ал мұражайдағы әдеби бөлім жазушының өмірбаяндық және шығармашылық жолын қатар қамтиды. Ғабеңнің анасы Динаның (1877-1957), ағасы Хамиттің (1896-1970), інілері Баязит (1904-1976) пен Әшімнің (1914-1992), қарындасы Гүлсімнің (1910-1970) фотосуреттері біреуге таныс, біреуге беймәлім. Ғабеңнің әкесі Махмұт Кәжімбайұлының (1871-1941) фотосуреті сақталмаған. Ағасы Хамиттың ұлы Екпін Махмұтов ол туралы: «Атам шағын денелі, көп сөйлемейтін, арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мәсі тігетін, қамшы өретін, аз уақыт ауыл старшині ретінде атқамінер болған кісі еді. Кескін жағынан оған ұқсайтыны – менің әкем, ал Ғабит шешесіне көбірек ұқсайды, әсіресе, ашу қысқанда, бірдеңеге ренжігенде кескіні ақ сұрланып кететін қасиеті», – деп жазады.

Ғабеңнің алғашқы туындылары – «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» – екеуі де 1928 жылы жеке-жеке кітап болып жарық көрген. Экспозициядан орын алған кітаптардың көнерген мұқабаларында уақыт ізі жатыр.

 

Ғ.Мүсіреповтің үш ерлігі 

Музейдегі мына бір суреттің жанына келгенде, халық жиі айтатын, кез келгеннің қолынан келе бермейтін Ғабит Мүсіреповтің үш ерлігі есіме түсті. Ғабең - қазақ басына қара бұлт төнген сонау ашаршылық жылдары қырылып жатқан халқына араша сұрап, Сталинге хат жазған бесеудің біреуі. Бұл туралы ақын Мұхтар Шаханов: "30-жылдардың басында Голощекин қазақ жерінде қолдан ашаршылық ұйымдастырды. Қазақстанды ол басқарған сегіз жылға тарта уақытта және оның алдындағы қанды кезеңді қоса есептегенде, 4 миллион 100 мыңға жуық қазақ аштан қырылған екен. Голощекин «Қазақстанда кеңес үкіметі әлі орнаған жоқ, сондықтан кіші қазан төңкерісі қажет» деген сылтаумен өз күнін әзер көріп отырған қарапайым шаруаға арнап 16 түрлі салық ойлап шығарады. Талшық етіп отырған тамағын, малын тартып алғаннан кейін қазақ қырылмағанда кім қырылсын?! Қазақ халқының басына төнген бұл қасірет туралы ұлтымыздың оқыған зиялы қауымы айтудан, жазудан ат-тонын ала қашып, аузына су толтырып алғандай үндемеді. Тек үш-ақ адам жанкештілікке барып, даралана бой көрсетті. Оның бірі осы жойқын әділетсіздікке қарсы күреске өзінен басқа тағы төрт адамды тартып, «Бесеудің хаты» деген атпен жоғарғы билікке батыл наразылық білдірген Ғабит Мүсірепов болса, екіншісі Сталинге өз тарапынан еркектік мінез көрсеткен Тұрар Рысқұлов, үшіншісі Ораз Жандосов еді. Әбден қаһарына мінген Голощекин Мүсіреповке: «Өзің көрген қателікті өзің түзетуге жәрдем бер», – деп Қостанайға алты айға іссапарға жібереді. Осы мерзім ішінде Сталин Голощекинді орнынан тайдырмағанда, Мүсіреповтің Алматыға аман-сау қайтуы неғайбыл еді", - деп еске алады. 

Енді міне, музейдегі мына бір стэнд арқылы кейінгі ұрпақ Мүсірепов ерлігінің сырына үңілуде. 

Шахановтың айтуынша Ғабеңнің ерлігі жазушы Бейімбет Майлинмен байланысты: "Мүсіреповтің екінші ерлігі – сол тұстағы бірде-бір әдебиет, өнер қайраткерінің қолынан келмеген ерлік. Ол – Қауіпсіздік комитеті ұстап әкеткен Бейімбетті жақтап, «Ол жау болса, мен де жаумын» деуі. Ғабең осы сөзді айтқаннан кейін тұстас жазушылардың бірі үйіне телефон соғып: «Ғабит, сен енді кетіп барасың ғой. Егер үйіңді өз қолыңмен бізге қалдырсаң, аруағыңа жиі-жиі құран оқытып тұрар едік», – депті. Өйткені Мүсірепов «халық жауы» боп кетсе, әйелі міндетті түрде «Алжирден» орын тебеді. Ал балаларын жетімдер үйіне жібере салады". 

Бейімбетке араша түсіп, өз басын қатерге тіккен Ғабеңнің осы әрекеті туралы баспасөз бетінде де аз жазылмады. Енді міне, кейінгіге үлгі ретінде сондай мақалалардың бірі музейдің бұрышынан орын теуіпті. 

Ал абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай бұл ерліктеріне қоса, Ғабеңнің тағы бірнеше қырын айтады: "1943 жылы Әуезовтің «Абай жолы» романы талқыға түскенде Ғабең романға оң баға беріп, Әуезовке қамқорлық жасаған. Сондағы Ғабеңнің «Абай жолы» туралы пікірі бүгін де, ертең де, 100 жылдан кейін де Мұхаңның  осы туындысына берілген шешуші баға болмақ. Егер «Абай жолын» Ғабең ақтамағанда, қазақ әдебиеті Мұхаңның осы ұлы шығармасынсыз қалар ма еді?! Келесі азаматтығы –  өмірден өтерінде қазақ тілінің қорғалуы жайлы бастама көтеріп, сол үшін пленум мүшелерін арнайы шақыртқаны ол кісінің ұрпаққа қалдырған ұлағаты дер едім. Бұдан бөлек Ғабеңнің жеке отырыстарда, кездесулерде сөйлеген сөздері де – шешуші пікірлер. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовты ақтау туралы мәселемен Д.Қонаевтың қабылдауына екі рет кірген екен".

Осындай әрекеттеріне қарап-ақ Ғабит Мүсірепов тұлғасына жоғары баға беруге болады. Шығармашылық шыңына шығып қана қоймай, адамгершілік үдесінде де, халық мүддесінде де биіктен көрінген Ғабең секілді жазушылар бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамына жетіңкіремей-ақ жүр. 

Көз көрген жолдастары жазушының аңшылықты, билярд ойнағанды жақсы көргенін жиі айтады. Жазушы Мыңбай Рәш бір естелігінде Ғабеңнің аңшылық қызық оқиғасын жазып: "Ғабеңнің бойына сіңген әдеттің және бірі – аңшылық. Сегіз қырлы серіліктің бір түрі ғой. «Хұсни, менің малопулькамды ұмытпа, кузовқа сала сал», – деген. Жан жары Хұсни жеңгей Ғабеңді балаша күтетін әдеті. «Жарайды, ұмытпаймын» деген. Ғабеңнің үш мылтығы болатын. Бірі – кәдімгі көне бесатар, бірі – жапон мылтығы, үшіншісі – жаңағы айтқан малопулькасы. Көбіне соны алады. Бірде аң аулауға кеткен Ғабең алтыншы күні шаршап-шалдығып үйіне оралған. Неге екені белгісіз, көңілсіздеу, өңі де қуаң тартқан. Бәлкім, жасының ұлғайғандығынан болар. «Мына құстардың жүнін жұлып тағам дайындарсың. Түстен кейін Шәкен бастатқан үш қонақ келеді», – деген Хұсниге. Үш шұбар тауықтың жүнін жұла бастаған Хұсни: «Ғабе, бәрін де өзің аттың ба?» – дейді. «Немене, менің атқаныма сенбей тұрғаннан саумысың?» «Жоға, бәрі де тамағынан бауыздалыпты ғой». «Әдейі тамақтарынан тигізіп атылған кекіліктер емес пе?» «Бәсе, бәсе, көрініп тұр, мынаумен аттыңыз ғой, ә», – деп Хұсни кабурадан малопулька емес, сексеуілді суырып алады. Сонда ғана Ғабең жымиып күліп: «Әй, бәтшағар, сенің де білмейтінің жоқ әйтеуір», – деп отыра кетіпті. Қаскелең базарынан сатып алдырған тауықтар сырттай қарағанда кекілік құстардан аумай қалса керек", - деп еске алады.  

Жазушының таяқ жасайтын да хоббиі болған екен. Ол туралы музей директоры Әділғазы аға "Музейде тарихы қызық қандай жәдігерлер бар?" деген сұрағымызға жауап барысында айтып берді:

– Ғабеңнің жазудан қолы қалт еткен кезде айналысатын ермегі (хоббиі) де болған. Ол – таяқ жону. Ғабең өзінің барған жерінде әдемі ағаштың бұтағын көрсе, соны кестіріп алып келіп, одан таяқ жонып, біраз таяқтар жинаған. Солардың бірнешеуі экспозицияда тұр. Кейбірін Жаңажолдағы мұражайға жібердік. Негізі, Ғабең әртүрлі сыйлық заттарды көп жинаған. Оның ішінде оттық, портсигар, автоқалам, қарындаш сияқты заттар да кездеседі. Оларды біраз уақыт қызықтағаннан кейін жақсы көретін інілеріне сыйға таратып жіберіп отырған. Таяқтарын да кей адамдарға сыйлаған. Жұрт көңілін аударатын тағы бір жәдігер – Ғабеңнің 70 жылдығына өзінің құрдасы, досы, жазушы Ғабиден Мұстафин сыйлаған орындық-таяқ. Ол таяқтың екі құлақшасы бар, құлақшаларын жазған кезде орындық ретінде отыруға болады. Құлақшаларын біріктіргенде қолға ұстайтын таяқ болады. Таяқтың тағы бір ерекшелігі, онда құрдасының жазған әзіл сөзі де бар.

– Таяқта не жазылған?

– Онда «Іші кепкен, тоқалы тепкен, жетпістегі сылаң шалға сыйладым. Таяқ – үшінші аяқ. Ғабиден» деп жазылған. Құрдастардың қалжыңы ғой. Музейге келген адамдар таяққа аса үлкен қызығушылықпен қарап, жазуын оқып күлісіп жатады. Әрі мен ондай таяқты басқа жерден көрген емеспін. Мұстафиннің арнайы жасатқаны екен. Мұражайға келген адамдардың көбі Ғабеңнің қолжазбаларын сұрайды. Ертеде жазылған шығармаларының қолжазбалары мүлде сақталмаған. Тағы бір ерекшелігі, Ғабең туындыларының барлығын төте жазумен жазған. Соңғы жазған «Жат қолында» деген романының қолжазбасы қолымызда. Ғабеңнің жазудан тыс кезде үйірсек болған тағы бір ісі бильярд ойнау болатын. Қазіргі күні, өздеріңізге де белгілі, жыл сайын бильярдтан Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық байқау өтіп тұрады. Ғабеңнің бильярд ойнаған кезінен қалған бір белгі – кийі (бильярд таяқшасы) мұражайымызда тұр.

 Ал жазушы Мыңбай Рәш Ғабеңнің таяққа қызығушылығы жөнінде мынандай естелік жазыпты: "Серуенге шыққанда оң қолында қысқалау, әрі жуантықтау таяғы болады. Бір де тастамайды. Әлсін-әлі әлгі таяқты әрлі-берлі изеңдетіп қояды. Бәлкім, жазумен ұзақ машықтанған қолын ширатқысы келгені шығар. Осы әдетті Ғабиден Мұстафиннен де көрдім. Ерте жылдары Ғабең мен Ғабиден ағалар «Алматы» шипажайында демалды, шипажайдың ауласы кең. Айнала алма, алмұрт ағаштары самсап тұр. Қыркүйек кезі болатын. Екеуі серуендеп келе жатты. Жазушы Нығмет Ғабдуллин сәлем бере бірге әңгімелесіп келе жатқан. Бір сәтте Ғабең тоқтай қалды. «Шіркін-ай, ана бір бұтақты қарашы, Ғабиден», – деді. «Қайсыны айтасың?» Ғабең: «Анау» деп қолындағы тұқыл таяқпен нұсқай көрсетті. «Ә... анау ма, өзі де қурайын деген екен». «Күні ертең бәрібір кесіп тастайды. Сол бұтақты ретін тауып алар ма еді», – деді Ғабең. Ертеңіне Нығмет Ғабдуллин Ғабең қызыққан бұтақты әкеп берді. Ғабең балаша қуанып: «Өй, азамат, рақмет!» – деп әлгі бұтаққа жармаса кетті. Кешкі астың алдындағы серуенге шыққанда қабығы аршылып, әдемі қалыпқа келген тұқыл таяқ Ғабеңнің қолында еді".

Ғабең жазуды қарындашпен жазған

Ал мына қарындаштарды Ғабит Мүсірепов негізінен жазуға пайдаланған. Өйткені,  оның тазалыққа жаны құмар болғаны сондай, қарындашпен жазып, қате кетсе өшіріп, бірден тазалап жазып отырған. Нәтижесінде, ол қолжазбаларын бір-ақ рет жазған. 

 Жазушының жазу үстелінен де тап-тұйнақы жинақылық байқалады. Оның негізінен қай уақыттарда жазғаны туралы Ғабеңнің немере қарындасы, өмірінің соңғы жылдарында бірге тұрған Жанат Махмұтова "Аңыз адам" журналына берген сұхбатында былай әңгімелейді: "Атам жазуын негізінен түнде жазатын. Кейде кешкі астан кейін серуенге шығатын немесе отырып жазуын жазып, тіпті болмаса кітаптардың суреттерін қарайтын. Атамның басы жастыққа тисе болды, қор ете түсетін әдеті бар еді. Сөйтіп, ол кісі күніне үш-төрт рет ұйықтап алатын. Кейде таңертеңгі шайын ішіп бола сала: «Мен бір жатып тұрайын», – дейтін. Ондайда мен: «Ата-ау, тұрғаның жаңа ғана емес пе еді?» – деймін. Бастапқы кезде «мұнысы несі, шаршап жүр ме екен» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол атамның жас кезінен бергі әдеті екен.

Ол кісі жұмыс істегенде ойын бұзып, ананы-мынаны айтып мазаламаушы едік. Ал мазалап қойған жағдайда, сор тілеп алғаның. Атам тыныштығын бұзған адаммен бірнеше күн сөйлеспей қояды. Үлкен кісінің тарапынан мұндай «жаза» көруден қиыны жоқ. Қашан жақсы қабағын бергенше пұшайман болып жүргенің. Кейде ерте тұрып жазу үстеліне отырады. Ондай сәтте шайға шақыра алмай есім шығады. Кабинетінің жанына келіп, «ұрсып жібере ме» деп қипақтап біраз тұрамын. Кейін атамның мұндай қиын мінезіне үйреніп кеттім. Қимыл-әрекетін бақылап жүріп шайға шақырудың да әдісін таптым. Атам жазу жазып жатқанда кабинетінің есігінен сығалап, сыртынан бақылап біраз тұрамын. Ол кісі басын көтермей жазып жатады. Бір кесек ойын қағазға түгел түсіріп болған кезде басы да көтеріле бастайды. «Сөйлеміне нүкте қойылды-ау» деген сәтте кіріп барып, шайға шақырамын. Атам да: «Шай ішетін уақыт болыпты ғой», – деп орнынан тұрады. Өз ісіме масаттанған мен солай атамды қолтықтап үстел басына алып келуші едім". 

 Ғабит Мүсіреповтің жеке кітапханасы өзге жазушыларға қарағанда, шағын көрінуі мүмкін. Ақиқатында, олай емес. Ғабеңнің де мыңдаған кітаптары болған. Бірақ ол кісі көзінің тірісінде кітаптарының көп бөлігін туған ауылының мектебіне сыйлапты. Ал қалған кітаптар арасынан қазақ жазушыларының  еңбектерімен қатар, Шекспир, Марк Твен, Оноре де Бальзак, Гете, Ромен Роллан сияқты көптеген шетел классиктерінің де туындыларын көруге болады. 

 Жазу кабинетіндегі мына домбыра да Ғабеңнің айнымас серіктерінің бірі. 

 Ал менің назарымды ерекше аударған мына биік үстелдің өз тарихы бар. Ол туралы да музей директоры Әділғазы Қайырбеков баяндап берді:

– Ол үстелді Ғабең өмірінің соңына қарай тапсырыспен жасатқан. Үнемі отырғаннан шаршайтын болуы керек, бір уақыт түрегеп тұрып та жазған. Кітап оқығанда да жаңағы үстелге сүйеніп тұрып оқыған. Сондай мақсатпен жасатқан, тұрған адамның кеудесінен келетін биік үстел.

 – Ғабит Мүсіреповтің киімдеріне қатысты түрлі аңыз көп. Әсіресе кейінгі жазушылар ол туралы «Біз аптаның қай күні екенін Ғабеңнің киіп келген костюміне қарап ажыратушы ек» дегенді айтады. Мұражайда жазушының қандай киімдері сақталған?

– Сырт киімдері, костюмдері, жейделері мен галстуктері бар. Бас киімдерінен бастап туфлиіне дейін сақталған. Мұражай қорындағы киімдерге қарап-ақ Ғабеңнің өте сәнді киінгенін байқауға болады. Тазалыққа жаны құмар болған. Оның бір себебі өзінің талғампаздығы болса, екінші бір себебі, Ғабеңнің таза, ұқыпты киініп жүруіне әйелі Хұсни үлкен мән берген. Сәбеңнің бәйбішесі Мәриям апайдың: «Мен өмірімде Хұсни сияқты күйеуінің шалбарын әтірмен үтіктеген адамды көрмедім» дегені бар. Шалбардың қырын шығару үшін көп адам су сеуіп үтіктесе, Хұсни апамыз әтірмен үтіктейді екен.

 

Бұл бөлмеге асүй жиһаздары мен киімдері қойылған. 

Мына сағатты жазушы ерекше жақсы көріпті. Әрі талай қолқа салып сұрағандарға бермеген екен. Музей қызметкерлерінің айтуынша, сағат тілі дәл Ғабеңнің жүрегі соғуды тоқтатқан уақытта тоқтаған. Қазір де солай тұр.

 

Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсан күні дүниеден озды. Өмірден өтерінің алдында жанында ақын Мұхтар Шаханов пен жазушы Әлжаппар Әбішев болды. Олар әл-дәрмені таусылған жазушының "Туған елге соңғы сөзін" өз аузынан жазып алды:

Кешегi өткен Ғабиден досқа: «Ендi екi жыл жүрсек жетпей ме?!» дегенiм бар едi. Сол мөлшерiм мөлшер болды. Қойны суық қасиеттi қара жер құшағына, мiне, мен де кеткелi жатырмын.

Үмiтпен, күреспен, сенiммен өткiзген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуанышым да, ренiшiм де мол екен. Жас қазақ мемлекетiнiң биiк туы менiң көз алдымда көтерiлдi. Бүгiнде күллi әлем назары ауған iргелi елге айналдық. Бiрақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтiнiн ұмытпайықшы. Жан сүйсiнтер бiрлiк жоқ жерде саналы тiрлiк те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телiнiп жататыны – осының кесiрi. Үлкен өнердiң үлкен, таза мiнезi болуы керек. Өзiм iргетасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетiнiң атынан өтiнемiн: менi соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тiлегiмдi еске алыңдаршы.

Қалам ұстауға халiм болмағандықтан, хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым.

Ал, қасиеттi елiм, жерiм, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелi жас ұрпақ, қош, қош болыңдар!

Музей экспозициясы да Ғабеңнің осы қоштасу хатымен аяқталады. Бүгінде бұл - С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені Халықаралық әлем музейлерінің каталогінде.

0 пікір