Шәкәрім және мұсылмандық
Шәкәрім және мұсылмандық
10 жыл бұрын 6495
Құдайберген Сабыржанұлы

Араб, парсы, түрік тілдерін бірдей меңгере отырып ислам дінінен мол сусындаған Шәкәрім ақын ақиқатқа көзі ашылған сайын Жаратушыны жан-тәнімен сүйді. Құран аяттары мен хадистерді зерделеді. Меккеге мешіт салдырған Құнанбай қажының тәлімін көріп, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдай данаға шәкірт болды. «Мені мейірімді Мұхаммедтің үмбеті деп қабылдасаңыздар екен» деген Толстоймен хат алысып, рухани сырласты. Ақыл толыстыра келе бүкіл саналы ғұмырын адамдықты дәріптеуге арнады. Осы қасиетті жолдың бар қиындықтарымен арпалысып, қайғыдан қан құсқан дертті ақын - дінге көп еңбек сіңірген санаулы ғұламаларымыздың бірі.

Шәкәрімді негізі ақын ретінде ғана бағалау жеткіліксіз, ол адамгершілік әрі имандылық құндылықтарды халыққа жеткізуде ақындықты құрал ретінде ғана пайдаланған. Әйтпесе, қазыналы қарт түрік, қазақ шежіресін кеңінен шертіп, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттеріне үздіксіз мақала жазып, «Мұсылмандық шарты» атты қара сөзбен кітап та жазып шыққаны мәлім.

Бұл кітабын «Өлшеусіз, сансыз ғаламды басында жоқтан бар қылған құдіретінде өлшеу жоқ, теңдес, шерігі жоқ, мінсіз Алла тағалаға сансыз разылық шүкір! Мұнан соң Алла тағаланың абзал жаратқан пайғамбары Мұхаммед Мұстапа салла Аллаһу ғалайхи уә сәлләма хазіретіне салауат» деп үлкен мұсылмандық әдеппен бастаған ол бұндай еңбек жазудағы ниетін былай деп түсіндіреді: «Бұл кітап әрбір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап бола ма екен деп, Алла тағаланың рақымынан үміт еттім, аумин» (Шәкәрім, «Ел-шежіре», Алматы, 2008. Б.185).

Адамдық, адалдық, ізгілік пен имандылық жолындағы Шәкәрім бабамыздың көтерген ақ туы, түпкі ниеті – халыққа пайда тигізу. «Адамдардың ең жақсысы – басқаларға пайдасы тигені» деп Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан хадис бабамыздың еңбек жолындағы темірқазығы, күш-қуат алған қайнары іспетті. Күндіз-түні оның осы оймен өмір сүргенін өлеңдеріндегі мына сөздерден байқаймыз: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл!», «Серт бергем еңбек етем деп, алдағы атар таң үшін», «Тілім, сен барша жанға пайдалыны айт, ақынсып айта берме әлденені», «Құлақ қойсаң сөзіме, пайда айтамын өзіңе», «Аяп, ішің жылып айт, адамды бастыр ілгері»,  «Үйретуді жөн көріп, түзетпек едім адамды», «Адамшылық міндетім – айт дейді адам індетін», «Баршаға жаның ашысын, қышыған жерін қасысын», «Ел көрсін деп пайдасын», «Ашы сөзім - достығым», «Қанша жыртық жамадым» т.б.

Ғалымның тағы бір шақырғаны ғылым болды. «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» (Зүмәр сүресі, 9-аят), «Білімділер ғана Аллаһқа ерекше құрметпен қарап, қарсы келуге қорқады» (Фатыр сүресі, 28-аят) деген білуге, оқуға шақырған Құрандағы аяттар, «Ғылым іздену – мейлі әйел, мейлі еркек болсын әр мұсылманға парыз», «Ғылымның бір мысқалын үйрену – бүкіл әлем байлығынан артық», «Кімде кім ғылымды және ғұламаны сүйсе, ол менің Жәннатта көршім» деген хадистер мұсылман баласын ілім-білім ізденуге шақыратындықтан, Шәкәрім бабамыз да «ыждаһатсыз, мехнатсыз табылмайтын ғылым сарасын» (Абай) үйренуге жас кезінен ден қойды. Ұстазы Абай «Дүниені ғылымын білмей қалмақтық – бір үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген» (38-қарасөз, «Ел» баспасы, Алматы, 1993) деп жол көрсеткендіктен,  заман талабы ретінде шет тілдерін бір кісідей меңгерді. Мекке мен Мәдина, Стамбул кітапханасына дейін барып кітап іздеуі оның зиялылық өресін кеңейтіп, ойына ой қосып, ішкі рухани тереңдігін еселеді. Ғұлама ойшыл «Не қылсаң да ғылым біл», «Тоярлық толық ғылым таппадым деп, қабағың қайғы басқан салпия ма?», «Ғылымға қанағатсыз болу керек», «Бәрін ұмыт: балаларға тәлім үйрет» деп адамды оқуға, білуге, тәлім алуға шақырғанмен «Білгеніңнен не пайда, білгенді қылған сол пайда» деу арқылы осы тұста ішкі тереңдігін байқатып өзгеше ой қорытады. Біліп-түйген ізгі жайттарды адам істегенде ғана оның пайдасы тиетіндігін ұқтырады. Қанша оқыса да руханиятқа көзі ашылмаған адамдарды ол «оқыған ойсыздар» яки «жанды өлік» ретінде қабылдайды. 

Шәкәрім - адамзатты сүйген, халқын шын жақсы көрген ақын. «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иманға келе алмайсыңдар», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше иман еткен болмайсың», «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген мұсылман бізден емес» деп хадистерде айтылған бауырмашылдық пен өзара сүйіспеншілік қасиетті Шәкәрім бабамыз бойға керемет сіңіре білді деуге болады. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың ізін жалғаған ол бұндай сүюдің көлгір жасандылықтан алыс, риясыз, шынайы болғанын жақтады:

Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,

Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей.

Ол сүюің шын болсын жалған емес,

Бұлдыр болма өзіңе-өзің сенбей. 

   Түркі әлемінің көрнекті ақыны Жүніс Әміре тілге тиек еткен «Күллі жаратылыс атаулыны Жаратқанның құрметі үшін сүю» әрі «Мен сүйгенді сүйді де Иең сүйсін» деп дана Абай айтқан, тым тереңнен сыр берген ұлыларға тән үндестік Шәкәрім өлеңдерінен де өз өрнегін тапқан:

Шырақтар, ең құмарың осы болсын,

«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.

Құмарың - бір, ісің - көп болсын, жаным,

Көпке құмар еріншек болма мендей!

Бұл Шәкәрімнің жай ғана ақын емес, өте терең ойшыл болғандығын аңғартады. Өйткені ақиқаттың тұнығына бойлап, Хаққа ғашық болу, Жаратушыны жан-тәнімен жақсы көре отырып, адамзатқа деген өзгеше махаббат сезімінің оянуы, адам жанының нұрға бөленуі иманы терең жандарда ғана кездесетін қасиет. Шәкәрімде ол «Жарға ғашықтық» ретінде көрініс береді. Ол бұл жолда өлімнен де қорықпайды:

Өлім маған өмірден мың есе артық,

Жарға құрбан қылуға жан жараса!

...Жарға ғашық болғаныма,
Таңданатын түк те жоқ.
Шәкәрімнің ақиқатқа ынтықтығы, Аллаһ тағалаға ғашықтығы, осы жолда жаны құрбан болуға жараса тайсалмайтындығы дін жолында қуана шейіт болған сахабаларды еске түсіреді. Иә, олардың өлімге көз жұмып қарауы Аллаһ тағала мен пайғамбарына деген шексіз сүйіспеншілігі еді. Бірде хазіреті Омар Пайғамбарымызға келіп «Уа, Аллаһтың елшісі, өзімнен кейін сізді жақсы көрем»,- дегенде, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) оған: «Аллаһтан кейін мені барлық нәрседен артық жақсы көрмейінше иманың толық болмайды» деп ескертіп еді. Хазіреті Омар ағаттығын көп өтпей-ақ дереу түзеген. Хазіреті Біләл пайғамбарымыз дүниеден озғаннан кейін Мәдинада енді қайтара азан оқуға көңілі соқпады. Азандағы «Уә әшхаду әннә Мұхаммадун расулуллаһ» деген жеріндегі пайғамбарымыздың атын айтарда, оған деген жүрегіндегі ыстық махаббаты сонша, иегі кемсеңдеп, көзіне лықсып келіп қалған жасты ірке алмай екі иығы селкілдеп жылайтын. Ол үшін Мәдинаны Мұхаммедсіз, мұсылмандарды пайғамбарсыз көруден асқан қасірет жоқ еді. Өздері қатты жақсы көретін Пайғамбарын енді қайтара бұл дүниеде көре алмайтындарына сахабалары қатты налыса, әкесін қатты сағынған Фатима пайғамбарымыз дүниеден өткеніне небәрі алты-ақ ай шыдай алған еді. Артынша ол да аттанған. 

Кейінгі дәуірлерде де Аллаһ тағаланы шексіз сүйетін жандар шықты. Рабиға Адауия атты әйел кісі де осындай әулие құлдардың бірі еді. Түн қараңғылығы басып, ел шырт ұйқыға кеткен уақытта намазға тұратын ол қолын жайып «Уа, Жасаған ием! Дәл қазір әркім өз сүйіктісінің қасында, мен болсам саған келдім» деп, Хақ тағалаға деген жүрегіндегі асып-төгілген толайым махаббатын сездіретін. Өйткені олар дүниеде бір шындық болса, ол Аллаһ тағалаға және елшісіне деген махаббат екендігін білетін. Шәкәрім бабамыз да үнемі Пайғамбарымыз бен сахабаларға қарап үлгі алғандығын, олардың жалғанға алданбағандығын, дүниенің тұрлаусыздығын айтып былай дейді:

Тиянақ көрме жалғанды,

Қуа берме арманды.

Пайғамбар мен сахаба,

Сен түгіл содан қалған-ды.

Шәкәрім – қажырлы, өршіл, ұлтжанды, отты кісі болған. «Мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты» деп, алдына халықтың көзін ашам, санасына қозғау салам деген мақсат қоя отырып осы жолда көп ауыртпалықтарға ұшырады. Бірақ, бәрібір жаралы киікше жата алмады. Елдің ертеңін, халықтың иманын ойлап қатты қайғырған ол өлімнен тайсалмайтындай мықты сенім, жүректе жалын, бойда дерт болмайынша бұл істен нәтиже шықпасын білді. Өйткені «Менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылайтын едіңдер» деген Пайғамбарымыздың көңілі сынық, жүрегі дертті еді (Бұһари, Тәфсир, 5/12). Құран оқыса мұңға батып, намаз оқыса сәждеден бас алмай еріксіз жылай беретін. Жабырқаған сәттерінде ішкі қайғысын Аллаһ тағалаға ғана оңашада мұң ғып шағатын. Хазіреті Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилер де дін үшін күйініп, оттан, судан қаймықпай, шыбын жандарын құрбан еткендер еді. Ұстазы Абай да «Мен ішпеген у бар ма?!», «Жаралы менің жүрегім», «Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен», «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп торыққан замана зарлысы еді. Шәкәрім де шындықты танығанда, ұйқыдағыларды ұйқыда жүрген адамның оята алмасын, ал көзі ашық ояу адамның қимылсыз жата алмасын, «бұл өмірдің саналыға абақты екенін білді». Ел ішінде кең етек алып кеткен көрсоқырлық пен надандықты, партия, би-болыстық, пара деп бұл дүниелік қу тірлікке алданып ел-жұрттың сабылып жүргенін, ақыретіне қам жеген адам көре алмай қатты қамыққан ол шырылдап барып араша түсті. Елді жақсылыққа шақырған сайын олардың тыжырына қарауына, илікпеуіне күйінді, торықты, мұңайды, жылады, зар иледі. Оның қаншалықты зарлы болғанын өлеңдеріндегі мына сөздерінен де байқаймыз: «Қайғылы біздің көңілден, қайғырған сайын қан шықты», «Жүрегім дертті, сау емес, сол себепті сөзім – у» («Өлген көңіл, ындынсыз өмір» өлеңі), «Менің дертім, жігіттер, емес оңай», «Жаралы жүрек жыбырлап, жазылмай жалғыз сол қалды», «Сау жүрек тесіле ме оқ батпаса?!», «Қайғылы көңіл тырп етпей, қабағын ашпас салбырап», «Ел тіліме көнбеді, жыладым  да қамықтым» («Ашу мен ынсап» өлеңі), «Жүректегі дертімді білер едің, өсекке ермей, менімен болсаң сырлас», «Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем, көзімнен қанды жасым сорғаласа», «Сөз жазамын түнімен, бар ұйқымды қашырып» т.б.

Шәкәрім имандылықты жаю ісінде аянып қалмады. Түсінген сайын ашынды, ашынған сайын қайғырды, қайғырған сайын қайраттанды. Күндіз-түні байыз таппады. Қару ретінде қолына қаламын алып, газет-журналдарға мақала да жазды, шет тілдерінен мәнді ғазалдар мен мысалдар аударды, өлең де шығарды, қоғам зиялыларына сауал жолдау арқылы сырласып, оларды тереңірек ойлануға шақырды. Құдайбердіұлы өзінің осы бес сауалында басқа емес, мынадай өте маңызды имани жайттарды қозғады: 1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не? 2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? 3. Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? 4. Ең жақсы адам не қылған кісі? 5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? (Шәкәрім, «Ел-шежіре, Алматы, 2008»).

Байқасаңыз, бұлар жай емес адамның бұл өмірге не үшін келгендігіне, жаратылыс мақсатына, адамның өмірдегіне міндетіне, о дүниенің бар екендігіне сенуге, адамгершілік мәселелеріне, дінге назар аудартатын сұрақтар. Бұл Шәкәрім бабамыздың терең ойлы жан болғандығын аңғартады. «Бір сағаттық терең ой (тәфәккур) бір жыл нәпіл намаз оқығаннан артық» (әл-Хайсами, Мәжма-у-зауаид, 1:78) деген хадисті әрі Абайдың «Малда да бар жан мен тән, ақыл сезім болмаса; тіршіліктің несі сән, тереңге ден қоймаса?» немесе «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» деген сөздерін еске алсақ, жаратылыстың  сырын, Құдайдың құдіретін ұғу үшін Шәкәрім қажының ғаламға ғибрат көзімен қарап, үнемі терең ойда жүргендігінің мәнін ұға түсеміз.

Қорыта келгенде, Шәкәрім бабамыз көзі тірісінде ақиқатты танып, ғұмырын дінге, халыққа қызмет етуге арнаған, исламнан хабары мол, өз тереңдігімен ерекшеленетін тұлға.

1 пікір