Құлшылық етпей алаңға шықпайтын Демба Ба
Құлшылық етпей алаңға шықпайтын Демба Ба
2 жыл бұрын 2022
Бек Төлеуов

Әуедегі допқа таласудың шебері

Демба Ба қара нәсілді шабуылшылардың арасында өте танымал. Техникалық арсеналы бай ол командалық ойынды жақсы түсінеді. Әуедегі допқа таласудың шебері. Дене бітімі мығым ойыншы.

Сенегалдық спортшы Францияның Севре қаласында дүниеге келген. Бұл Парижге жақын орналасқан қала. Дембаның футболға қызығушылығы өте ерте басталды. Алғашында өзінен үлкен балалармен бірге доп қуалады. Ал 1992 жылы жеті жасында жергілікті «Мон-Гайар» клубына қабылданады. Кейіннен оқуға барған соң Сен-Валери-ан-Ко қаласындағы оқу-спорттық орталығында тәлім алады. Сол арқылы Гавра қаласының «Порт Отон»  (1999-2000), «Фрилёз» (2000-2001) командаларында өнер көрсетеді. 2001 жылы Шатийон қаласына ауысып, 2004 жылға дейін «Монруж» клубында болады. Бір қызығы, осы уақытқа дейін біз білетіндей шабуылшы емес, қорғанысқа тірек болатын артқы жартылай қорғаушының қызметін атқарған.  

«Монруждан» кеткеннен кейін көптеген белді клубтарда сынақтан өтті. Олардың қатарында «Лион», «Осер» секілді Францияның атақты командалары да бар еді. Алайда бұлардың көпшілігі футболшының әлі жас екенін, ысыла түсуін, тәжірибесінің аздығын сылтауратады. Франциядан бөлек, Англияға да бірнеше рет сапар шегіп, онда еш командалармен ортақ мәмілеге келе алмайды.Тек 2005 жылы ғана «Руан» командасымен келісімшартқа отырады. Бұл Францияның төртінші дивизоны болса да, футболшының үлкен өмірге қадам басуына жол ашады. Өйткені Демба бір маусымда 26 ойын өткізіп, 22 гол соғады да атағы маңайына тез тарайды. «Нант», «Лилль», «Ланс» клубтары қызығушылық танытады. Бірақ оған ең тиімді ұсыныс жасаған Бельгияның «Мускрон» командасы болды. Бұдан кейін «Хоффенхайм», «Вест Хэм Юнайтед», «Ныюкасл» командаларында өнер көрсетті. Бүгінгі күні атағы жер жарған «Челси» командасының шабуылшысы.

 

Аллаға құлшылық етуімді жалғастыра беремін

Ислам діні діндердің ішіндегі таза, хақ екені мойындалғалы қашан! Ислам діні адамзатты қайырымдылыққа, имандылыққа, шапағаттыққа, тазалыққа, ғылым мен мәдениеттілікке үйретететінін Демба да біледі.  Қазір әлемде 1 миллиард 300 миллион халық Ислам дінін ұстанатын болса, соның ішінде біздің кейіпкер де бар.

Ол 2011 жылы «Ныюкаслге» ауысқанда алғашқы матчы дәл Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Жаңа футболшыдан жанкүйерлер жақсы ойын күтеді, ал шабуылшының міндеті – гол соғу. Бірақ 26 жастағы футболшы басында не бапкер, не жанкүйер сенімін ақтай алмайды. Бас бапкер Алан Пардью «Демба Англия біріншілігіне толық үйренісіп кете қойған жоқ. Ол  алаңға тек екінші таймда шығып жүр. Оның себебі, футболшының ораза ұстауы» деп мәлімдейді. Ал Баның бұған деген көзқарасы мүлде басқаша:

«Бапкерлердің барлығы дінді дұрыс түсіне бермейді. Мен бәрібір Аллаға құлшылық етуімді жалғастыра беремін. Егер жақсы ойнасам, алаңға шығамын. Ал нәтиже көңіл көншітерліктей болмаса, қосалқы құрамда отыруға әзірмін. «Ныюкаслге» ауысқаннан кейін гол соға алмауымды көпшілігі Рамазан айымен байланыстырды. Негізі олай емес. Командаға жаңадан келгеннен кейін  бой үйретуім үшін біраз уақыт қажет болды. Кей кездері өзімді шаршаулы сезінсем, енді бірде бабым жақсарып қалады. Сонда да 30 күн ораза ұстауымды тоқтатқан емеспін. Рамазан айы аяқталғаннан кейін мен гол соғуды бастадым,– дейді футболшының өзі.

 

Демба Ба Қағбаны тәуап етіп, Мәдинадағы өзге де қасиетті жерлерде зиярат етіп қайтты

2012 жылы «Ныюкасл» командасы «Wonga» несие кеңсесімен коммерциялық келісімшарт жасайды. Келісімшарт бойынша «Wonga» келесі жылдан бастап клубтың бас демеушісі болатын болып шешіледі. Бұл жанкүйерлердің наразылығын тудырды. «Wonga» аз уақытқа пайызы жоғары несие беріп, оны жалақыдан өндіріп алумен айналысатындықтан, қалтасы жұқа қарапайым халық бұл ұйымды жақтыра қоймайды. Мәселе тек жанкүйерлермен шектеліп қана қалмайды. Клубтағы ислам дінін ұстанатын футболшылар «Wonga» жарнамасы бар майканы киюден бас тарта бастайды. Олардың ішінде Демба Ба, Паписс Сиссе, Шейх Тиоте және Хатем Бен-Арфа болатын. Қазіргі кезде осы ойыншылардың көпшілігі өзге командаларда ойнайды. Жалпы, шариғат бойынша өсіммен ақша беру де, алу да – күнә екені белгілі. Тарихта осыған ұқсас жағдайлар да жоқ емес. Кезінде Испанияның «Севилья» клубының атынан алаңға шыққан мұсылман Фредерик Канут та, «888.com букмекерлік кеңсесінің жарнамасын кимеймін» деп, ойынға жарнамасы жоқ  жейде киіп шыққан еді.

Осы ретте басшылардың бір жақсылығын айтпай кетпесе тағы болмайды. Сол кездері «Ныюкасл» ағылшын премьер-лигасындағы мұсылман футболшылары көп команда болды. Аталмыш ұжымның жеті бірдей футболшысы қасиетті дінімізді ұстанатын. Әр ойынның алдында намаз оқуды әдетке айналдырған олар арнайы орынның жоқтығынан киім ауыстыратын бөлмеде оқып жүрді. Осы жағдайға куә болған клуб басшылары стадионның ішінен арнайы намазхана ашып береді. Мұндай игілікті іс, әрине, сауапты болады.

 

Бұдан кейін Демба «Челси» клубының ұсынысын қабыл алады. Лондонға келген соң туған жері Дундуда жаңадан мешіт салдырды. Мешіттің аты  «Насраллах» деп аталады. Ол сондай-ақ маусым аяқталысымен, еңбек демалысын ғибадатпен өткізу үшін бірқатар достарымен Мекке-Мәдинәға барып, Ұмра қажылығын да өтеп келді. Сол жақта Демба Ба Қағбаны тәуап етіп, Пайғамбарымыздың мешітін, «Құба» мешітін, Мәдинадағы өзге де қасиетті жерлерде зиярат етіп қайтты. Ол өзінің «Туиттердегі» парақшасына Қасиетті Қағбаның фотосуреттерін жариялап, «Барлығы бастау алған жерді зиярат еткеннен артық дүние жоқ-ау, сірә» деп жазыпты.

Сенегалдық ойыншы бұл қасиетті мекенге тағы да оралатынына үмітті екенін айтып, жақын арада әйгілі Зинедин Зиданға ат басын бұратынын да жеткізді. Ол сол жолы итальяндық «La Gazzetta dello Sport» газетіне берген бір сұхбатында бес уақыт намазын қаза қылмайтынын айтыпты.

 

Ендігі арманы – Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінде намаз оқу

Үнемі қажылыққа барғысы келетінін айтып жүретін. Ендігі арманы үшінші қасиетті жер – Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінде намаз оқу.

Сол жолы Италия басылымы: сізді көпшілік жұрт «Милан» клубының шабуылшысы Марио Балотеллимен неге салыстырады деп сұрайды. Бұл сауалға Ба «мен Мариомен салыстырғанды ұнатпаймын. Екеуіміз екі түрлі адамбыз. Мен арақ ішпеймін, темекі тартпаймын. Күніне бес уақыт намазымды қаза етпеймін» деген еді.

Сенегалдық шабуылшы намазын мешітте оқығанды қалайды. Қасиетті Құран кәрімді өміріндегі ең асыл кітап деп біледі. Құранды толық түсіну үшін қолы қалт етсе, араб тілін үйренуге тырысады. Екі баласына да араб тілін үйретуді құп көріп отыр. Қазіргі кезде үлкен баласы 9 жаста, екіншісі алтыдан енді асты. Достарымен бірге ұжым болып намаз оқығысы келеді. Жамағатпен бірге оқылған намаз исламда өте жоғары бағаланған. Ханафи мазһабында ер кісілердің бес уақыт намазды  жамағатпен оқулары – бекітілген сүннет. Тіпті, басқа мәзһабтардағы кейбір ғалымдар парыз деп үкім берген. Екі кісі болса да намазды жамағатпен оқу керек. Жамағатпен намаз оқу арқылы мұсылмандар бір-бірімен танысып, араларында жылы қарым-қатынас пайда болады. Періштелер сияқты Алланың құзырына сап құрып, жамағайын оқылған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жамағатпен намаз оқудың сауаптылығын көптеген хадистерінде білдірген. Міне, Баның айтқысы келгені де осы. «Ныюкаслде» бірге өнер көрсеткен әріптесі Хатем Бен-Арфа, тіпті, жаттығу кезінде де намазын қаза қылмайды деп мақтанады.

Англия клубтарының арасында құлшылық етуге арналған мешітті алғаш 4 жыл бұрын «Блэкберн» салды. Одан кейін МС мен «Болтон» командалары да тұрғызды. Тұманды Альбионда Дембадан бөлек ағайынды   Турелер, Эдин Джеко, Самир Насри, Маруан Шамах, Мамади Сидибе бастаған бірнеше мұсылман футболшылар өнер көрсетеді.

Әлемде Ислам дінін ұстанатын футболшылардың саны күннен-күнге артып келеді. Зинедин Зидан, Франк Рибери, Карим Бензема, Месут Озил, Самри Насри секілді атақты ойыншылардың қатары бірнеше есеге көбейді. Енді намазын қаза етпейтіндердің тізімінен қазақ футболшыларын көріп жатсақ, ол да бір тамаша болған болар еді.

1 пікір