Қонаевтың намаз оқығаны рас па?
Қонаевтың намаз оқығаны рас па?
1 жыл бұрын 12624
Марфуға Шапиян

Бүгін 12-қаңтар қазақтың біртуар ұлы, қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Ол – көзі тірісінде-ақ аңызға айналып, өмірден өткеннен кейін атағы тіпті аспандап кеткен тұлға. Димаш ақсақал дегенде қазақтың шығарға жаны бөлек. Өйткені, оның шарапатын көрмеген өнер адамдары да, ақын-жазушылар, тіпті қарапайым шаруа адамдары да кемде-кем. Ал оның 50 жыл ел басқара тұрып, жұмыстан кеткенінде төрт бөлмелі пәтерінен басқа бір артық дүниесі болмағанын ел бүгінде жыр ғып айтады. Мүмкіндігі бола тұра байлықтың соңынан кетпей, мансаптың буына мастанбай, адамдық биіктен түспеу үшін кісіге терең иман керек шығар. Ендеше Қонаевты Құдайдан қорыққан, қазағы алдындағы міндетін адал атқарған иманды жан десек, артық айтқандығымыз емес болар. Осы орайда есімізге “Қонаев намаз оқыған екен”, “Жұма намазын қалдырмапты”, “Мешітке жиі барған көрінеді” деген халық ішінде жиі айтылатын сөздер есімізге түсті. Бұл әңгіменің қаншалықты негізді, негізсіз екенін біліп, зерттеп көрмек ниетпен Д.Қонаев музейін бетке алдық.

 

Атасы Жұмабай қажылыққа екі рет жаяу барған

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың музейі Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінде орналасқан. Кезінде бұл үйде белгілі композитор Латиф Хамиди тұрыпты. Музей Қонаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2002 жылы ашылған.

Музей екі залдан тұрады екен. Біз алдымен Қонаевтың жастық шағы, қызметтік өмірі бейнеленген суреттер, оған тарту етілген түрлі сыйлықтар орын алған қызыл залды араладық. Аралай жүріп, музейдің ғылыми қызметкері, бізге экскурсовод болған Нүрилә Жүсіпбаеваны сөзге тарттық. Ол дара басшының өмірінен сыр шерте жөнелді:

– Дінмұхамед Ахметұлы Алматы қаласындағы №19, №14 мектептерде білім алды. Ол уақытта қалада қазақ мектебі болмағаннан кейін орыс сыныбында оқыды. Мектеп бітірген соң бір жыл жұмыс істеп, 1931 жылы жолдамамен Мәскеу қаласындағы Алтын және Түсті металлдар институтына оқуға жіберіледі. Оны тау-кен мамандығы бойынша 1936 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолы Балхаш қаласындағы мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бұрғылау станогының машинисі ретінде басталып, сол рудниктің директорлығына дейін көтерілген. 1939 жылы жұбайы Зухра Шәріпқызымен танысып, шаңырақ көтереді. Сол жылдан Ұлы соғысы басталғанға дейін Ридер қаласындағы кен басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Кешіріңіз, осы жерде сұрай кеткім келіп отыр. Қонаев Мәскеуде оқығанда немесе оқудан келіп қызмет атқарып жүргенде Алаш зиялыларымен кездеспеді ме екен? Ондай деректер жоқ па?

– Жоқ, қолымызда ондай мәліметтер жоқ. Тек кейінірек М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов секілді заңғар жазушылармен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі.

Осы ретте Димаш ақсақалдың отбасы туралы да айтып беріңізші. Дінді жақсы ұстанатын, иманды отбасында тәрбиеленген секілді ғой?

– Дұрыс айтасыз, Қонаев текті әулеттен. Бұл отбасынан үш академик шыққан. Олар – Дінмұхамед, інісі Асқар Қонаев және үлкен әпкесі Әминаның баласы Едіге Түркебаев. Түрлі саланы меңгерген 15-ке жуық ғылым кандидаттары тағы бар. Ал әкесі Меңліахметтің арнайы білімі болмаған. Жас кезінде медреседе оқып, араб-парсы тілдерін жетік меңгерген екен. Кейін өз бетімен қазақ, орыс тілдерінде сауатты жазуды үйренген адам. Солай өзінің еңбекқорлығы, білімге деген құштарлығымен біраз жерге жетіп, балаларына жоғары білім әперіп, биікке ынталандырған жан.

Өзінің де, әкесі Ахметтің де діни есімге ие екенін байқап отырмыз. Бұл кісілердің есімдерін кім қойды екен? 

– Әкесі Ахметтің есімін Жұмабай ақсақал қойса керек. Кей деректерде Ахмет, енді бірінде Меңліахмет аталуының да өзіндік сыры бар. Азан шақырып қойған аты – Ахмет. Туыстарының айтуынша, бірде Ахмет ақсақал қатты ауырып, өлім аузынан қалған екен. Ондай жағдайда қазақтың ырымы бойынша аты ауыстырылуы тиіс. Солай бетіндегі меңін ескеріп, Меңліахмет атап кетіпті. Ал Дінмұхамед деген есімге келетін болсақ, оны қажылыққа екі рет жаяу барып қайтқан атасы Жұмабай қойыпты. Ол кісі немересі дүниеге келер алдында түсінде мылтық көріп, жақсылыққа жорыған. Сезгеніндей дүниеге атұстар немере келіп, есімін азан шақырып өзі қояды. Бірақ немересі өмір есігін ашқан соң арада үш ай өткенде 90-ға келген қария дүние салыпты.

Әкесі Меңліахмет те, Қонаевтың өзі де ұзақ жасаған адамдар ғой?

– Дұрыс байқағансыз, бұл кісінің әулетінде ұзақ жасаған адамдар көп. Әкесі Ахмет те 90-ға келіп қайтыс болған. Дінмұхамедтің өзі 81-жасында дүниеден өткен. Қазір екі қарындасының көзі тірі, жастары 90-ның үстінде.

 

Қонаевтың тұсында Қазақстанда 44 қала салынған

Бұл сұрақты қойғым келмей тұр. Дегенмен Қонаевтың ғұмырбаянымен таныс емес адамдар да баршылық. Солар үшін сұрайын. Ол кісінің суретін көрген адамдардың көпшілігі қазаққа ұқсатпай жатады. Таза қазақ па?

– Таза қазақ, бұл тұрғыда күмәніңіз болмасын. Рас, Жұмабай атасының жұбайы, яғни әжесінің ұлты – татар. Әжесіне қарап, Қонаевты татар деп айтпаймыз ғой. Әке жағынан нағыз қазақ. Рулары Ұлы жүзге жатады. Ысты.

Ата тегі туралы

– Экскурсиямды жалғастыра берейін. Дінмұхамед Қонаев Ұлы Отан соғысы жылдарында небәрі 30 жаста болған. 1942 жылдан 1952 жылға дейін  10 жыл Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Зауыт-фабрикалардың барлығы Қазақстанға көшіріліп жатқан ең қиын эвакуация кезінде басшы болды. Таза ғылыммен де айналысты, жердің астындағы қазба байлықты жердің үстіне шығарды. Бір кездері ғалымдар оны бірауыздан Ғылым Академиясының президенті сайлап, үш жыл сол қызметті атқарады. Кейін 1955 жылы Министрлер кеңесінің төрағасы болып, бес жылдан кейін 1960-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Ол басшылық еткен жылдарда елге еткен қызметі ұлан-ғайыр еді. Сол қызметтерінің нәтижесінде ол уақыттағы ең жоғарғы награда үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған.

Наградалары

Әдетте біреу қандай да бір медальдың иегері атанса “Қандай еңбегі үшін марапатталды екен?” деп сұрап жатамыз. Қонаев осы үш жұлдызын нақты қандай еңбектері үшін алғанын санамалап айтып бере аласыз ба?

 – Бірінші жұлдызын 1972 жылы, екіншісін 1976 жылы, үшінісін 1982 жылы алған. Қонаев – 25 жыл ел басқарған адам. Осы уақыттары Қазақстан үлкен жетістіктерге жеткен. Ол басшы болған уақытта 9 млрд астық қамбаға құйылған. Оның тұсында елімізде 44 қала салынып, соның ішінде Алматы қаласындағы қазір өздеріңіз демалып жүрген барлық мәдени ошақтар бой көтерген. Бұл – екінші ерен еңбегі. Үшінші, Қонаев басқарған уақытта бұрын аты белгісіз боп келген небір металдар жердің бетіне шықты. Ауыл шаруашылығы да дамыды, мал басы да өтті. Қой басы 50 миллионға жеткен. Қазіргі тілмен айтқанда, экономикамыз кеңестік 15 елдің ішінде ең алдыңғы қатарда тұрған. Осы еңбектері үшін марапатталды. Өз еліміздің ғана емес, шетелдің де небір марапаттарын алды.       

Жеке бұйымдары

          

Алматы мешіттеріне қамқорлық жасаған

Қонаевтың дінге жақын болғаны қаншалықты рас? Намаз оқыған ба?

 –Дінмұхамед Ахметұлы Алматының мешіттерінің барлығын білген, тіпті барып тұрған екен. Әр мешіттегі имамдардың аты-жөндеріне дейін жатқа біліпті. Жұма намазға барған деседі. Бірақ ол уақыттағы идеологияны білесіз. “Намаз оқыды” десек, өтірік айтқанымыз болар. Дегенмен дінге көзқарасы өте дұрыс болған. Алматының мешіттерін сақтап қалуда зор еңбек сіңірген. Біраз сүрелерді жатқа білген екен. Жұбайы Зухра Шәріпқызы да діннен хабары бар, Құран оқи алатын адам болған. Көңілі, жүрегі таза болғаннан кейін де халыққа барын салып қызмет еткен ғой. Дүние жинамаған. Мұндай адамдар бірнеше ғасырда бір туады. Кейінгі жастарға үлгі етіп көрсететін адам осы – Дінмұхамед Қонаев.  

Қызыл залдан кейін екінші қабаттағы көк залды араладық. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлының қолданған жеке заттары, киген киімдері сақталған. Өмірінің соңғы сәттеріндегі суреттер ілінген. Және бір бөлмеге жұмыс үстелі орналастырылыпты. Мұны музейге Заманбек Нұрқаділов қала әкімі болып тұрғанда өткізген көрінеді.

Музейді аралап біткеннен кейін Дінмұхамед Қонаевтың өзі өмір сүрген үйіне келдік. 50 жыл отасқан Димаш ақсақал мен Зухра Шәріпқызының балалары болмағаны белгілі. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін Димекеңнің қолына інісі Асқардың Диар атты ұлы отбасымен көшіп келіпті. Дінмұхамед Қонаев қайтыс болған 1993 жылдан 2012 жылға дейін бұл үйде сол Диар тұрған. Жиырма жыл бойы үйді сол қалпында сақтаған ол ағасының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында үйді мұражайға тапсырған.

 Д.А. Қонаевтың қызметтік көлігі

Дінмұхамед Ахметұлының пәтері өзі тұрған қалпында, еденіне төселген кілемдеріне дейін өзгертілмеген күйде сақталыпты. Пәтерді аралауды ақсақалдың кабинетінен бастадық.

Кірген беттен аузымыз ашылды да қалды. Еденнен төбеге дейін иін тіреген кітап. Сирек кездесетін кітаптардың бәрі осында екен. Қоры бес мыңға жуық. Бір бұрышта жұмыс үстелі орналсқан. Кітаптардың арасынан Құран кітаптары көзімізге оттай басылды. Осының өзі Димекеңнің діннен алыс болмағанын үнсіз дәлелдеп тұрғандай.

Димекеңнің кабинетінен нәзіктік, жылылықтың лебі еседі. Көзкөргендердің айтуынша, бойы екі метрге жуық, алып адам болса да, мінезі өте жұмсақ болыпты.

Қонаевтың оттық жинауды жақсы көргені белгілі. Кітаптардың жанынан хоббиі баланатын оттықтар да орын теуіпті. Оның темекі тартпаса да (1974 жылдан тастаған) оттық жинауды жақсы көретінін білетін өзге елдің басшылары небір сувенирлерді сыйлағаны белгілі.

Келесі қонақ күтетін бөлмеге ендік. Бұл бөлмеден Зухра жеңгеміздің әдемі жиһаздар мен небір талғаммен жиналған ыдыстарын көруге болады. Дінмұхамед Ахметұлы жұбайын қатты жақсы көрген, құрметтеген. Бірге “50 жыл, 6 ай, 2 күн өмір сүрдім” деп, бірге тұрған уақытының күніне дейін айтып отырады екен. Екеуінің арасында баланың болмауы қатты қайғыртты. Бірақ ажырасуды бұл жұп бір сәт те ойына алмаған деседі. Димекең туралы көзі тірісінде кітап жазған жазушы Серік Әбдірайымұлы мынандай бір естелік айтқан еді: “Кітап бір жарым айдың ішінде дайын болып, 75000 тиражбен шықты да, 7 күнге жетпей тарап кетті. Димекең әйелінің аманатымен кітаптан алған қаламақысын, жинаған 3000 теңгесін және екі кілемі мен пианиносын №204 балабақшаға берді. Димекең – арын дүниеден биік қойған кісі. Біреудің сабақты жібіне қиянат жасаған емес. Академиктік стипендиясын, газет-журналдар, кітаптардан алған қаламақысын жетім балалар үйіне аударып отырған. Жұбайы Зухра Шәріпқызы қандай азық алса да жеміс-жидек алса да, сүт-айран, қатық алса да, ет алып, соғым сойса да, соның барлығын алып келген адамға ақшасын төлеп, қолын қойдырып, күнін, айын, жылын жаздырып, квитанциясын тігіп отырған. Өте ұқыпты, тиянақты кісі болған. Бірақ папка жиналған, соны ашып көргенде бір нәрсеге төленбей қалған ақша жоқ, сүт алса да тиынына дейін төленген. Осыдан кейін Димекеңе тағатын еш айып қалмайды. Димекең қызметтен кетіп, күнделікті газеттер жерден алып, жерге салып жатқан кезде Зуһра «Бір Алланың бары хақ, Димаш. Саған елу жыл серік болдым. Сенің кім екеніңді менен артық білетін ешкім жоқ. Сенің адалдығыңа, тазалығыңа елдің көзі ертең жетеді. Керуен көшеді, ит үреді» депті Димекеңе. «Мен Зуһраның терең ойлайтынын осыдан білемін» деді Димекең. Өлерінде күйеуіне екі нәрсені аманаттапты. Бірі жақсы кісілердің басына Құран оқыту, зиярат ету еді. Оны орындағанда Димекеңнің жанында жүрдім. Екінші аманаты «Тірлігіңде қиған өзіңді, өлмейтін пенде жоқ, о дүниеде де жанымнан табылсаң» деді. Димекең өзінің аманатымен Зуһра жеңгеміздің жанына жайғасты”.

Демалатын бөлмеде шағын диван мен теледидар тұр. Теледидарды Димекең сонау Жапонияға барған бір сапарында алып келіпті. Дәл осы бөлмеде Зуһра жеңгеміз тіккен кестелі жастықтар да бөлменің көркін кіргізіп тұр. Керегеде екеуінің суреттері ілінген.

Жатын бөлме шағын ғана. Қостөсектің жанында киім шкаф орналасқан. Төсек жанына Димекеңнің спорттық киімі мен костюм-шалбары қойылыпты.

Менің назарымды Димаш ақсақалдың кебісі аударды. Әдемі кебіс оюмен өрнектелген. Қазір ел ішінде оюлы киім киіп, өзінің патриоттығын паш ету белең алды ғой. Сөйтсек, ұлтының патриот ақсақалы өзінің ұлтына деген махаббатын үнсіз ғана көрсетіп жүріпті ғой.

Ал мынау шағын ғана ас үй. Соңғы техника жабдықтарының бәрі бар. Дастарханнан қазы үзілмеген көрінеді. Зуһра жеңгей тәттілер пісіргенді ұнатыпты. Бірақ Димекең жұбайының палауын қатты жақсы көреді екен.

Осылай екі музейді аралап, Қонаев әлеміне саяхат жасап, көп нәрсені көкейге түйіп қайттық. Ақсақалдың көзін көрген, сөзін естіген жандар, тіпті сыртынан құрметтейтіндер 12-қаңтар күні ешкім шақырмай-ақ осы музейге қарай ағылады екен. Өмірінің соңына қарай халқына “Баршаңызға бақыт тілеймін. Мына жүйке жұқартқандай қиын-қыстау күндерде иінді төмен салмай, еңсе көтертер күш-қайрат, мұқалмас жігер, жақсы табыстар тілеймін. Бәрі бір күнгідей болмайды. Сондықтан, арайлап атар әр таңға сеніммен қарайық. Ақжарылқап күндер алдымызда! Мен Тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім. Ол менің ғұмырым, бірақ, бұл өмірді халықтан бөле жара қараған емеспін. Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса болған шығар, бірақ ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым. Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол.  Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма!” деген аманат қалдырған ұлт перзентінің сөзі халқының жүрегінде...

 

Д.А. Қонаевтың нақылға айналған сөздері
  1. Бүгінгі күн – кешегі күнің шәкірті.
  2. Жалада шындық болмайды.
  3. Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
  4. Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
  5. Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
  6. Ақиқаттан аттап кету – арға сын.
  7. Орынды сын ойлантпай қоймайды.
  8. Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.
  9. Адам айнасы – адам.
  10. Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.
  11. Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.
  12. Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.
15 пікір