Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қалай қиратыла жаздады?
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қалай қиратыла жаздады?
6 жыл бұрын 20424
Марфуға ШАПИЯН

Қазақстанның оңтүстік өңірінде аты аңызға айналған ерекше кесене бар. Ол – әйгілі қолбасшы Әмір Темір тұрғызған Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі. Талай ғасырдың куәсі болған кесене Қазақ даласында бір кездері Ислам дінінің кең қанат жайғанының, Ислам мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанының көрінісі.

 Ал Ахмет Ясауи кім? Біз оның болмысын танып, тереңіне бойлай алдық па? Оның мұрасынан ұлттығымыздың рухани негізін табатынымызды түсініп жүр ме екенбіз? Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап жүргенде осы ойлар маза бермеді. Солай Ясауи әлеміне сүңгідік те, кеттік...

 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қашан тұрғызылды?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Кемеңгер ғұламаның қабірі басына Әмір Темір тұрғызған кесене Орта Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі мінәжат орнына айналды. Еділден Ауғанға дейінгі, Қап тауынан Қашқарға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістіктегі мұсылмандар Қожа Ахмет Ясауи қабіріне тәуап етіп қайтуды дәстүр тұтты» дегені бар. Расымен біз келген уақытта да Түркістандағы Ясауи кесенесін зиярат етушілер баршылық еді.  

ХV ғасырдың соңына дейін Түркістан қаласы Ясы деп аталыпты. Кей деректер бойынша, кішкентай ғана Ясы қаласының аты мұнда Қожа Ахмет Ясауи келгеннен бастап шыққан көрінеді. 1166 жылы ғұлама қайтыс болғаннан кейін де оның мазарын зиярат етіп келушілер толастамай, сол жерден сауда орындары ашылып, кішкентай ғана қалашық бірте-бірте үлкен шаһарға айналады.

 

Шараф әд-Дин Әли Йездидің жазуына қарағанда, 1388 жылы Ясы қаласын Тоқтамыс әскері талқандап, Қожа Ахмет Ясауи мазарын тонайды. Ал 1397 жылы күзде мұнда белгілі қолбасшы Әмір Темір келіп, Тоқтамысты жеңгеннен түскен олжаның бір бөлігіне Қожа Ахмет Ясауи басына үлкен кесене тұрғызуға бұйрық береді. Аңыз бойынша кесене бірден тұрғызыла қоймаған. Салынған қабырға қайта-қайта құлап қала берген. Содан бір күні Ақсақ Темір түс көреді. Түсінде бір шал аян беріп: “Қожа Ахмет Ясауидің Арыстан деген ұстазы болған. Жолымен әуелі соған, кейін оның шәкіртіне кесене салыңдар” депті. Түсін жорытқан қолбасшы Арыстанбабтың қабірін таптырып, Ясыдан қолма-қол кірпіш тасытып, үлкен күмбезді кесене салдырады. Содан кейін ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құламаған екен деген аңыз бар. 

Солай Әмір Темір 200 жылға жуық уақыт бұрын салынған, қирап бітуге таяған кішкентай ғана мазардың орнына сәулет өнерінің үлкен бір ескерткішін орнатты. Бұл ескерткіш Әмір Темірдің ғана емес, Ислам дінінің де даңқын асырып, мерейін үстем етті. Күмбез салынып біткен соң Әмір Темірдің өзі Әзірет Сұлтан қорын ұйымдастырып, қолхат жазып, онда: “Қандай жағдай болса да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа көшіруге болмайтынын” қатаң ескерткен. Ал ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасына: “Бұл әулие мекен Алла тағаланың рақымы жауған падиша Әмір Темір көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Алла тағала оның әмірінің ғасырлар бойы жасауын нәсіп етсін!” деп жазылған болатын.

1913 жылдың мамырында Ташкентке бара жатқан сапарында, бұл кесенеге Алаш арысы, ақын Міржақып Дулатов арнайы аялдайды. Оның сол жылы “Қазақ” газетіне шыққан “Хазірет Сұлтан” атты мақаласында кесененің салыну тарихы туралы былай деп жазғаны бар: “Мешіт күйдірілген кірпіштен салынған. Үлкен дарбазадан бір үлкен бөлмеге кіресің, бұл бөлменің ортасында мыс қазан 
бар. Қазанның алыбы бес қанат үйдің шаңырағындай, айналасында арабша сөздер жазылған һәм «Әмір Темірдің жарлығы бойынша бұл қазанды құйған шебер Абдулғазиз Шарафуддинұлы Термезден», – деген жазуы бар. Бұл үлкен бөлменің төріндегі есік хазіреттің өзі жатқан бөлмеге кіргізеді. Есігіндегі шынар ағашы ғажайып нақышталып, болат тұтқада жазылған жазуда «Газуддин Тәжуддинұғлы» деген шебердің аты бар. Қазандағы һәм есіктегі жазудың екеуінде мешіттің 1397 жылы салынғандығы көрінеді. Мешітте Әмір Темір сыйлаған ескі жазулы төрт Құран һәм бронзадан құйылған алты шамдал бар, биіктігі бір кезден артық, ауырлығы екі-үш пұт шамасында, жазумен нақышталған. Бұл мешітті салған бас шебер 1387 жылы Әмір Темір тұтқын етіп алған шираздық қожа Хасен деген адам екен». 

 Кесене қалай қиратыла жаздады?

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жергілікті архитектуралық дәстүрді жетік меңгерген парсы шебердің жобасымен салынған. Кесененің ұзындығы– 65,5 метр, ені – 46,5 метр, ал бас порталы – пештақтың екі жағындағы мұнараларын қосып есептегендегі ені – 50 метр, биіктігі – 40 метр. Орталық бөлмені айнала 35 бөлме салынған, олардың біріне Қожа Ахмет Ясауидің мүрдесі қойылған. Мұнда Ясауи кесенесімен бірге ХІІ ғасырға тиесілі үлкен қылует яғни, жерасты мешіті бар. 

Сонымен қатар, Ясауи кесенесінің айналасында өзге де түрлі мазарлар бой көтеріп, уақыт өте бұл жер пантеонға айналған. Бүгінде жалпы көлемі 90 гектар жерді алып жатқан қорық-музейде XIV-XVI ғасырға тиесілі Сегіз қырлы кесене, XV ғасырда салынған Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның жұбайы Рабиға Сұлтан Бегімнің кесенесі, XVI-XVII ғасырда бой көтерген Шығыс моншасы, Түркістанды қазақтан алғаш билеген Есім хан кесенесі мен Жұма мешіті, одан өзге де сәулет өнерінің үздік ескерткіштері бар. 

XVI ғасырда жазылған Рузбехан Исфаханидың “Михманнаме-и Бұхари” атты шығармасында ерекше ескерткіш орын тепкен бұл қала туралы: “Аса қасиетті Қожаның сағанасы орналасқан Ясы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы. Ясы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізеді де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын ол елге аттандыратын орын болды”, - деп жазған. “Қасиетті” деген сөзден-ақ Қожа Ахмет Ясауиге деген құрметтің өзгеше екенін байқауға болады. 

Түркістан шаһарының тарихында талай хан билік жүргізді. Әмір Темір ұрпақтарының бірі Махмұд хан, Бұхараның ханы Ғабдолла, кейін қазақтан алғаш Есім хан билеген. Есімнен соң оның баласы Жиһангер, одан кейін Батыр, кейін Тәуке хан болды. Тәукеден соң Қайып, сосын Тәукенің балалары Болат пен Сәмеке билік құрды. Ал Түркістанды билеген қазақтың соңғы ханы Абылай еді. Оның баласы Уәлидің билігі Түркістанға жүрмеген. 1785 жылы Түркістанды қазақ хандарынан Бұхарадағы Мір Шаһмұрад, кейін Ташкентті билеп тұрған Жүніс қожа алады. Жүніс қожа өлгеннен кейін қайтадан Бұхараға қарап қалған қаланы 1819 жылы жазда Қоқан ханы Ғұмар алып, 1864 жылдың жазына дейін биледі. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Түркістанда 20-ға жуық мешіт, 2медресе, базар, 22 су диірмені, 5 мыңдай тұрғын болғаны айтылады. 1864 жылдың 12 маусымында қаланы орыс полковнигі Веревкин басып алады. «Түркістанды орысқа бермейміз» деп Кенесары ханның баласы Садық төре қанша соғысқанымен, жеңіске жете алмайды. Төренің Түркістан үшін айқасуында үлкен мән бар еді. Өйткені өзінің арғы аталары, қазақты талай жыл билеген хандардың сүйегі дәл осында-тұғын. 1781 жылы қайтыс болған Абылай хан, 1740 жылы 5 сәуірде Ташкентте мешіт ішінде сарттар өлтірген Жолбарыс хан,  Әбілқайыр хан мен Кенесарының әкесі Қасым хан, арғынның атақты батыры Жәнібек те, Қаз дауысты Қазыбек би де осы кесене ішіне қойылған болатын. Бүгінде ғалымдар кесенедегі тізімде қазақтың 157 танымал тұлғасының жерленгенін, оның 21-і хан екенін айтуда. 

 

Осындай талас-тартыс кесенеге кесірін тигізбей қалған жоқ. Тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожаның жазуынша, Түркістан әкімінің 1846 жылғы Қоқанға қарсы әрекетін басу үшін қоқандықтар қорған айналасын, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де ұзақ уақыт суға бөктірген. Ал 1864 жылы орыс әскерлері Түркістанды қоршауға алып, қаланы зеңбірекпен атқылағанда Ясауи кесенесі қайнаған соғыстың ортасында қалады. Ғимаратқа 11 зеңбірек тиіп, кесене қабырғаларына, күмбезіне зақым келеді. Өздері ерекше қадірлейтін Қожа кесенесіне қауіп төнген кезде жергілікті халық та қарап қалмады. Шырақшылардың бірі басын қатерге тігіп, жауып тұрған оққа қарамай мұнара басына өрмелеп шығып, ақ жалау көтереді. Оқ содан кейін ғана толастайды. Шырақшының сол әрекеті болмағанда, орта ғасырға тиесілі керемет жәдігерімізден айырылып қалуымыз да мүмкін бе еді, кім білсін...

 Қайта қалпына келтірілген кесене 

1868 жылдың 24 қарашасында Түркістан генерал-губернаторлығына танымал шығыстанушы Александр Кун қызметке келеді. Ал 1871-1872 жылдары ол “Түркістан” атты фотоальбом құрастырып шығарады. Бұл фотоальбом Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Ресей патшалығының назарын аударады. Нәтижесінде Ресей билігі кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1884 жылы 15 мың сом қаржы бөледі.

Тек патшалық Ресей ғана емес, қазақтар да өз арасында кесенені жөндеу жұмыстарына ақша жинап тұрған. Ақын Міржақып Дулатов “Қазақ” газетінде мынандай дерек келтіреді: “1910 жылы Түркістан шейхтары «мешітті түзетеміз» деп жұрттан есепсіз көп ақша жинайды. Көбін өз қалталарына қалдырып, «жиылған ақша осы-ақ» деп 12 мың сом көрсетіп, Козловский деген инженерді алдырып, мешіттің бұзылған жерлерін түзеттіре бастаған екен. Қожалар инженермен жанжалдасып, іс тоқтап, жиылған ақшаның көбі қожаларда қалды. Жиылған малдың, ақшаның бәрі қазақтікі деп айтарлық, қожалар әр облыстағы қазақтарға барып, хазірет Сұлтанның мешітін түзетуге мал жинайды. Ақмешіт уезінде Хан деген жердегі диуана қожалардан бұрын болыс болған Ғұламқадір деген қожа һәм Мұзафар деген би екеуі 1910 жылы Атбасар уезіне шығып, бағаналының Қайдауыл деген ауылынан көп ақша жинап, өздері жеп қойыпты. Салық қожа деген үш жылдай жоқ болып кетіп, Ақмола, Семей һәм Жетісу облыстарында «Хазіретіміздің зиратын түзетеміз» деп мал жиып, Ходженттегі үйіне көп олжамен қайтыпты. 1909 жылы Әулиеата уезінің қазағы, Ботбай руынан Нұрмамбет Бәкі баласы деген бір бай хазіреттің зиратына ақша жинай барған Шахаб қожа дегенге таңдамастан жылқысының бір шетінен жүз жылқы берген екен. Қожалар бұл жылқының қымбаттарын сатып, Түркістанға тек тұяқ санын түгел қылып, әлгі арық-тұрақ көтеремнен жүз жылқы әкеліп тапсырыпты. Бұл қожаның мұнысына қарағанда, басқа қожалардың ең ынсаптысы боларға керек. Бишара момын қазақ әулиенің атын атап, мың түрлі сиқыр оқып барған тіленші қожаларға жем болып тұрған жайы бар. Түркістан қожаларының зиратты түзететін ойы жоқ. Зиратқа келгендерді ерікті-еріксіз талаудан басқа кәсібі жоқ». 

Осы деректен қазақ байларының Қожа Ахмет Ясауи дегенде ықыластарының ерекше болғанын, ақшаларын аямай қосқанын байқауға болады. Тек жиналған қаржы тиісті орнына жетпеген секілді. 

Бұдан кейін де Кеңес кезеңінде жөндеу жұмыстары аракідік жасалып тұрған. Алайда, бәрі сәтті болды деуге келмейді. Тарихшы Мұхтар Қожа ол жұмыстарға көңілі толмайтынын айтып: «Кеңестік дәуірде жүргізілген реставрациялық жұмыстар ескерткішті қауіпті жағдайдан алып шықты. Алайда барлық жұмыс ойдағыдай болды деп айта алмаймыз. Ясауи кесенесі айналасындағы бір топ ескерткіш бұзылды, ескерткіштің тіршілігі мен бұрынғы қоршаған ортасы өзгерді. Кеңестік заманда оған тек ортағасырлық сәулет ескерткіші ретінде қарады, оның қазақ халқының ұлы тұлғалар жерленген пантеон екені ескерілмеді. Жөндеу және реставрациялық жұмыстар барысында құлпытастардың басым бөлігі орнынан жылжытылды, олардың астындағы қабірлер көп жағдайда зерттелмеді және жермен-жексен етілді. 1959 жылы қабірхана есігіндегі керемет туынды болып табылатын күмістелген қола қоңыраушалар ұрланды. Кеңес дәуірінде кейбір реставраторлардың ақылсыз тірлігінен кесененің ғасырлар бойы аман-сау келген бөліктеріне зақым келді. Мысалы, қазандық күмбезінің бұрынғы ойығы бітеліп, кесене ішіндегі ауа ауысу тәртібі бұзылды, осының салдарынан сталактиттер опырылып құлады. 1993-1994 жылдары түрік фирмасының Ясауи кесенесінің іргесін бекітуі кезінде кесене қабырғалары мен цемент тіреулері арасына гидроизоляция жасалмаған. Осының салдарынан кесене қабырғаларының төменгі бөлігінде ылғалдылық екі есе өскен. 1995-2000 жылдары кесенеде жүргізілген жөндеу жұмыстары барысында антигидраттық ерітіндінің қолданылуы салдарынан ескерткіште зиянды тұз мөлшері еселеніп, көне сырлы қыштар қабырғадан ажырап, жерге түсіп сынуда. Әр жөндеу жұмысынан кейін ескерткіште ескінің лебі азаюы да қынжылтады. Ясауи кесенесі – әлемде жалғыз, дара ғимарат. Оны сынақ алаңына айналдыруға болмайды», - дейді ғалым қынжылып. 

1991 жылдан кесене аймағы “Әзірет Сұлтан қорық-музейіне” айналып, ЮНЕСКО-ның қорғауына енді. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында, түрік компаниясы үлкен жөндеу жұмыстарын өткізді. Алайда кейбір қателіктерге байланысты, 2006 жылы жөндеу жұмыстары қайта жүрді. Кесене салынған 600 жылдан астам уақытта 10 рет реставрацияланған.  

 

 Эрмитаждан қиындықпен қайтқан тайқазан

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ерекше жәдігерлердің бірі – алып тайқазан. Біз бұл қазанның аңызын алыстан естідік. Санкт-Петербургке барып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Эрмитажда тұрып, үлкен қиындықпен Түркістанға қайтқан тайқазан туралы естімеу мүмкін бе?! Міне, ендігі жерде Құдай сәтін салып, көзбен көріп тұрмыз.

Әмір Темір заманына тиесілі бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласының батысындағы Қарнақ елдімекенінде сирек кездесетін мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір секілді жеті түрлі асыл металдан ирандық шебер Әбдуләзиз Шарафаддин Тебризи жасаған. Қазақ энциклопедиясының дерегінше, қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3000 литр, биіктігі
– 1,60 м, диаметрі – 2,42 м. Тұғырының биіктігі – 0,54 м, диаметрі – 0,607 м. Тайқазанның сыртқы 5 бөлігінің өрнектерінде де мән бар. Бірінші қатарда қазанды айнала Құран аяттарынан үзінділер, Пайғамбар хадисі жазылған. Екінші қатарға шебер өз аты-жөнімен қатар куфи жазу үлгісінде парсы тілінде тілек қалдырған. Үшінші қатарға Құдайдың құдіреті жайлы ескерту 22 рет қайталанып жазылса, төртінші, бесінші қатарларға қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері бедерленген.  

1935 жылы бұл алып тайқазанды Санкт-Петербургтегі Иран өнері мен археологиясы бойынша ІІІ халықаралық конгресіне алдырып, кейін қазан Эрмитажда қалып қояды. Ұзақ уақыт бойы оны жоқтаған да ешкім болмайды. Әлемде теңдесі жоқ ерекше жәдігер тек 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана тарихи Отанына қайтарылды. Тайқазанның Ясауи кесенесіне қайта орнығуына себеп болған сол кездері мемлекет басшылығында жүрген қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Хат жазу, ресми құжаттарды рәсімдеу секілді істердің басы-қасында өзі жүрді, елге әкелінуіне дейін қадағалады. Тайқазанды еліміздің құт-берекесінің символына балайтын қазақ үшін бұл өте қуанышты жағдай еді. 

 Кесенеден ұрланған шырағдан Луврда тұр

1989 жылы Қожа Ахмет Ясауи кешені “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне айналды. Бұл игі істе де Өзбекәлі Жәнібековтің үлесі бар. Бүгінде музей-қорық құрамында Кесене, Қылует, Жерасты мешіті, Медресе, Шығыс моншасы, ортағасырлық Сауран қаласы, Күлтөбе, Хан ордасы, Рәбия Cұлтан бегім кесенесі секілді тарихы ерекше 137 ескерткіш бар. Ал музей қызметкерлері қорда 21 мыңнан астам жәдігердің барын айтады. Осының өзі көңіл қуантарлық болғанымен кесенедегі талай дүниенің қолды болып кеткені өкінішті.

 

Ұрланған жәдігерлерді шығыстанушы Әшірбек Мүминов бастаған топ «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты кітап-альбомның екінші басылымына енгізді. Ол туралы ғалымның өзі: «1905 жылы кесенеден ұрланған шырағдан Франциядан, Луврдан бір-ақ шығыпты, 1915 жылы бір адам музейге сыйға тартқан көрінеді. Лувр музейінің басшылығына үлкен рақмет, бізге шырағдан туралы толық мәлімет беріп қана қоймай, шырағданның суретін жариялауға да рұқсат берді. Кесенеден ұрланған жәдігерлердің екінші бір тобы Санкт-Петербургте, Эрмитажда, шырағдандардың үшеуі, жазуы бар есіктің тұтқасы да сонда. Әріптестеріміз академик М.Б.Пиотровский, профессор Е.А.Резвандардың рұқсатымен жәдігерлердің көшірмесін алдық. Кесенеге қатысты үшінші деректер тобын өзіміздің Алматыдағы Ұлттық кітапханадан таптық. Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында 50-ден астам Құран бар екен. Құранның үшеуін 1935 жылы Ясауи кесенесінен алып келінгені туралы қолжазбаның өзінде және кітапхана құжаттарында жазылған екен. Бұған осы уақытқа дейін ешкім мән бермеген, зерттелмей қалып қойған. Бұл үш Құранның біреуі куфи жазуымен жазылған. Ал куфи жазуы ХIV ғасырға дейін ғана пайдаланылған, яғни бұл
– шамамен ХІІ ғасырда көшірілген көне Құран. Екі Құран да құнды жәдігерлер қатарына жатады. Кейін көшірілгенімен, әр жолдың астына парсыша аудармасы берілген», - дейді.

Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, насихаттау жұмыстарының басында жүрген ясауитанушылар, музей қызметкерлері түрлі конференциялар мен байқаулардың өтуіне себепші болып жүр. Жылда Түркістанда күрестен «Тайқазан» атты турнир өтеді екен. Әрі кесененің кіреберіс тұсында «хикметтер аллеясы» ашылып, 13 гранит тақтаға Қожа Ахмет Ясауидің 52 хикметі қашалып жазылыпты. Ясауи мұрасын тануға да ден қойылып, ғалымдар хикметтерін жан-жақты зерттеп жатыр. Мұның барлығы көңіл қуантады. 

Ясауи қорық-музейін аралап жүріп, осының барлығын ой елегінен өткіздім. Әрі осыдан дәл 100 жыл уақыт бұрын бұл жерді зиярат еткен Міржақып Дулатовтың кесенені толық аралай алмай: “Қожа Ахмет Ясауидің бірнеше бөлмелері бұзылып, құлағалы тұр деп қауіп айтып, үкімет осы күні жауып қойыпты. Абылай хан жатқан бөлме,
ақ сарай деген бөлме, зияратхана һәм мешіттің құдығы – бәрі де жабулы. Енді біраз жылдарда бес-алты жүз жыл өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи мешітінің орнында үйіліп бір оба томпайып қалуы ғажап емес» деп көкірегі қарс айырылғаны есіме түсіп, Алаш арысы елестете де алмаған кесененің бүгінгі жай-күйі үшін Аллаға шүкіршілік айттым. 

Белгілі шығыстанушы академик Михаил Массон: «Бұл кесенеге Орта Азияда қай жағынан болсын тең келетін құрылыс жоқ. Ол – қайталанбас бітімді дара ғимарат» деп баға берсе, біз үшін бұл жәй ғана сәулет өнерінің ғажап туындысы емес, Ислам дінінің қазақ топырағына қаншалықты берік бекігенінің, тамыр жайғанының көрінісі. Бұл қазаққа сонысымен де ыстық, сонысымен де қадірлі.  

Ал Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен хикметтерінің баяны келесі бір мақаланың жүгі болмақ. 

 

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

 

 

0 пікір