Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күнделікті істейтін шаруасы мен іс-әрекеттері
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күнделікті істейтін шаруасы мен іс-әрекеттері
4 жыл бұрын 4229
Проф. доктор Хасан Кәміл Ілмәз

Имам Тирмизидің «Шәмәйл» деген еңбегінде орын алған Әзіреті Әлиден (радиаллаһу анһу) жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) күнделікті уақытын үш мезгілге бөлгендігі айтылады. Біріншісі– құлшылыққа, екіншісі – халықтың ісіне, ал үшіншісі – өзінің жеке шаруаларына бөлетін болған[1].

Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) түн ортасында тұрғанда (немесе түсте ұйықтап тұрғанда) жастығының жанына қойған мисуагымен тісін ысқылайды екен де дәрет алып, тахажжуд намазын оқып, біраз уақыт ғибадат істерімен айналысатын. Бұдан кейін таң намазын оқу үшін мешітке баратын болған.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) таң намазынан кейін жайнамазының үстіне жатып, күн шыққанша тынығып алып, сосын келгендерді қабылдай бастайтын. Жан-жақтан келген адамдар Оның қасына жиналатын. Ал Ол оларға уағыз бен насихат айтатын. Расулаллаһ (ғалейһиссәләм) зиярат етушілердің (келушілердің) көрген түстеріне дейін тыңдап, осылайша олардың әр түрлі діни және дүниелік тіршіліктерімен айналысатын еді.

Кейбір риуаяттарға қарағанда, Алла елшісінің «сәске» уақытында төрт рәкәғат немесе сегіз рәкәғат намаз оқып, одан кейін үйіне барып, үй шаруаларымен айналысатын. Киімдерін жамап, аяқ-киімдерін жөндеп, малдарын сауатын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) екінті намазынан кейін әйелдеріне жеке-жеке кіріп, қал-жағдайларын сұрайтын, ал түнін әйелдерінің бірінің қасында өткізетін. Өзге әйелдері түнді бірге өткізетін зайыбының қасында жиналып, құптан намазына дейін сол жерде болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) құптан намазын оқып болған соң үйіне оралатын, ал әйелдері бөлмелеріне тарап, тынығуға кететін. Құптан намазынан кейін бөлмесіне Құран сүрелерінен «Исра», «Зүмәр», «Хадид», «Тәғабун» және «Жұма» сүрелерінің бірін оқитын.

Алла елшісі (с.а.у.) әр намаз үшін бөлек дәрет алуға тырысатын. Кейде бір дәретпен бірнеше намазын оқыған кезі де болған. Мысалы, Меккені алған кезде бір дәретпен бірнеше намазын оқыған тұғын.

Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннет пен нәпіл намаздарын көбіне үйінде оқитын, ал парыз намаздарды мешітте ұзақ сүрелермен оқитын еді[2].

Мәжілістер (жиналыстары)

Пайғамбарымыздың мәжілістері патша сарайындағыдай қызметшілерге немесе жұмысшыларға толы емес етін. Тіпті үйінің есігі де жоқ тұғын. Бірақ Оның пайғамбарлық айбаттылығы мен салмақтылығы кімге болса да ерекше әсер беретін де барлығы әдептілік сақтап отыратын. Оны көрген адамның жүрегі толқып қоя беретін. Пайғамбардың құзырында отырған сахабалардың үндемей тыныш отырғандарын көргендер «бастарына қонған құсты үркітіп алмау үшін осылай отырған шығар» деп ойлап қалатын[3].

Мәжілісінде өзіне арналған белгілі орны болмайтын. Өзгелерге де мәжілісте белгілі бір жерді тұрақты орын етіп алуларына тыйым салған еді. Өзі мәжіліске барғанда дереу топтың соңына отыра салатын. Сөйлеген кезінде ешкімді айыптап сынамайтын және ешкімді де мақтап төбесін көкке жеткізбейтін. Сауапқа жетелемейтін сөз айтпайтын және айтқан сөздерімен өзгелердің ішін пыстырмайтын.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құзырында сөз сөйлегісі келген адам өзінің ата-тегіне, дәулетіне, не үстемдігіне қарай емес, білімі мен қасиеттілігіне қарай бағаланатын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) алдымен кедей-кепшіктерді тыңдап, оларды керек-жарақтарымен қамтамасыз ететін. Құзырында отырғандар бастарын төмен иіп отыратын. Өзі де барынша ашық-жарқын болып отыратын. Сөз айта бастағанында барлығы да құлақ аса қалатын. Мәжілісте біреу сөз сөйлеп жатқанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның сөзін бөлмейтін. Егер айтылған сөзге риза болмаса, естімегендей болып отыра беретін. Бір мәселе жайында сөз қозғалған кезде, өзі де ой-пікірлерін ортаға салатын. Сөз кезінде бір әзіл айтылса, мәз болып, қарымта жауап қайтаратын еді.

Мәжілістегі әр адамға жеке-жеке көңіл бөліп, барлығына сұхбаттан бұйырғанын беретін. Мәжілісі - ақкөңілділік пен тыныштық мәжілісі болатын. Бұл мәжілістердің мақсаты тәрбие мен туралыққа баулу мәжілістері еді.

Мәжіліске қатысқан әрбір адамның қал-ахуалын сұрағанда, олардың мұң-мұқтаждарын да білуді қалайтын.

Кейбір кісілерді аса құрметпен, әрі оған деген сүйіспеншілігінен орнынан тұрып қарсы алатын еді. Бірақ өзі үшін өзгелердің орындарынан тұруларын қаламайтын. Қызы Әзіреті Фатима (радиаллаһу анһа) келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұрып, маңдайынан сүйетін еді[4]. Сүт анасы мен бауырларын да орнынан тұрып қарсы алатын.

Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құзырында көркем сөз сөйлегендерді жақсы көретін. Мәжілісінде шырайлы әзілдер айтылып, барша жамағат көңілденіп қалатын.

Өнегелілігі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оң қолымен жұмыс істегенді жақсы көретін. Аяқ киімін киерде алдымен оң аяғын киетін еді. Мешіттің табалдырығын оң аяғымен аттайтын және бір нәрсе тарататын болса, алдымен оң жағындағылардан бастайтын. Бір істі бастарда «бисмилләһ» деуді ұмытпайтын. Киімді де оң жағынан киіп, сол жағынан шешетін.

Әзіреті Әнәс (радиаллаһу анһу) айтады: «Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір күні үйіме келіп, су сұрады. Ал мен сүт бердім. Ішті. Оның сол жағында Әзіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу), алдында Әзіреті Омар (радиаллаһу анһ), ал оң жағында бір бәдәуи (ауылдық араб) отырған еді. Пайғамбарымыз сүтті ішіп болған соң Әзіреті Омар ыдысты Әзіреті Әбу Бәкірге берейін дегенде Алла елшісі ыдысты оң жағында отырған бәдәуиге беруін өтінді».[5]

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларын және баласы бар әйелдерді «күниәларымен»  шақыратын еді. (Күниә - пәленшенің әкесі, түгеншенің анасы, пәленшенің ұлы, қызы деген сияқты атау). Баласы жоқ әйелдер мен жас балаларға да күниә тауып беріп, оларды да сол атпен шақыратын. Осылайша барша жұрттың көңілін аулап жүретін»[6]... 

Уассалләллаһу Таалә аля хойри холқиһи Мұхаммәдин уә аля әәлиһи уә сахбиһи әжмәъин!

"Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның күнделікті іс-әрекеттері" атты кітаптан.
"Хикмет" баспа үйі. Алматы.


[1] Шәмәилу Мухаммәдия, 265-267 б.
[2] Көксал, «Ислам  тарихы». ХІ, 329-352 б.
[3] Дарим, «Муқаддима». 4.
[4] Әбу Дәуід: Сүнән. «Әдеп». 155 бет.
[5] «Сахих Бұхари». Әшриба. 18; Әбу Дәуіт: «Сүнән». Әшриба». 19.
[6] Әбу Дәуід: Сүнән. «Әдәп». 77, 78 баб.

0 пікір