Пайғамбарымыз бен сахабалардың намазы
Пайғамбарымыз бен сахабалардың намазы
4 жыл бұрын 7758

Риуаят бойынша Алланың пайғамбары Мұхаммед ғалейһиссәләм намазға тұрғанда, Оның көкірегінен үнемі қол диірменінің дауысы сияқты өксіп жылаған дауыс естіліп тұрады екен. Әзіреті Әли (радияллаһу анһу) осы туралы былай айтқан:

«Бәдір соғысында Пайғамбардың (с.а.у.) бір ағаштың астында жылап тұрып намаз оқығанын көрдім. Осы халі таңға дейін жалғасты».

Сонымен қатар, әлемдердің мырзасы Әзіреті Мұхаммед ғалеһиссәләмның көкірегінен намаз кезінде кейде қазанда қайнап жатқан су бұрқылының даусы секілді дауыс естілетін. Ол жайында мүміндердің анасы Айша (радияллаһу анһа) былай дейді:

«Расулулла намазға тұрғанда кейде оның жүрегінен қазанның қайнауына ұқсас дауыс естілетін».

Әзіреті Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) намаз оқуы туралы тағы былай деген:

«Расулаллаһ бізбен сөйлесіп әңгімелесетін. Бірақ намаз уақыты кіргенде біздерді танымайтындай бір күйге кенеліп, бүкіл болмысымен Аллаға бұрылатын».

Міне, намаздарда осындай ұлы ахуалдан несібе ала білу – көңілдің жалғыз мақсаты болуы қажет. Бұл толықтай мүмкін болмаса да тым құрығанда сол бағытқа қарай талпынып, жігер жұмсау қажет.

Мына хадис шәритің мағынасы қандай терең:

«Намазға тұрғанда соңғы намазым деп оқы! Ертең өкінетін істер жасама! Адамдардың ғапылдықпен армандағандарына көңіл бөлуді таста!».

Расулалланың (с.а.у.) мүбәрак мәжілісіне қатысып, оның сұхбатымен тәрбиеленген сахабаларының және олардың артынан ерген мүміндердің жағдайлары да осы хадис шәрифтің мазмұнына сәйкес болған.

Сахабалардың намазы

Әзіреті Омарды бір мәжуси (отқа табынушы) адам жарақаттайды. Жарақаттан аққан қан тоқтамай, біраз уақыттан кейін Әзіреті Омар талып қалады. Оның осы талысы – өліп бара жатқан адамның талысы сияқты, қатты еді. Бірақ намаз уақыты кіргенде құлағына еңкейіп:

«Намаз, ей, Омар, намаз!» - делінгенде таң қалдырарлық жігер танытып, айғып, сол қансыраған халімен намазын оқыды да:

«Намазы жоқтың Исламда орны жоқ!» - деп, сол сөзді қайталап айтқаннан кейін қайта талып қалған еді».

Әзіреті Әли намазға тұрғанда өні бұзылып кететін. Ол өзін де, өзге нәрселерді де ұмытып кететін. Бір соғыста мүбарак аяғына кірген оқ, өз қалауымен намаз кезінде шығарылғанда да мұны сезбеген еді. Одан:

«Ей, мүміндердің әміршісі! Намаз уақыты кіргенде неге өңің өзгеріп дірілдей бастайсың? – деп сұрайды. Ол былай деп жауап берді:

«Жер мен көк арқалай алмаған және таулар көтере алмай әлсіздік танытқан ұлы аманатты орындау уақыты келді. Соны қатесіз орындай аламын ба, әлде орындай алмаймын ба білмеймін».

Әзіреті Хасанның (радияллаһу анһу) реңі дәрет алып жатқанда өзгереді екен. Мұны көрген бір адам:

- Ей, Хасан! Дәрет аларда неге сонша сарғайып кетесің? – деп сұрайды.

- Өзінен басқа құдірет иесі жоқ Ұлы және Әзиз Алланың алдына шығу уақыты келгендіктен» - деп, Әзіреті Хасан жауап берген екен.

Әзіреті Хасан мешітке кірерде:

«Уа, Раббым! Құлың есігіңде. Ей сый иесі Аллахым! Күнәһар құлың саған келді. Сен салиқалы құлдарыңа жаман кісілердің жамандықтарын кешіруді әмір еткенсің. Өйткені сен ғафу (кешірім) иесісің, әрі жақсылыққа иесің. Уа, Құдайым! Менің істеген жамандықтарымды да сол ғафуыңмен және жақсылығыңмен кешір, әрі маған мархамат қыл!» - деп жалбарынып кіретін болған.

Әзіреті Зәйнальабидиннің дәрет алғалы түрегелгенде беті сарғайып, намазға бастағанда аяқтары дірілдейтін. Себебін сұрағандарға:

«Кімнің алдына шығатынымнан хабарларың жоқ па?» - деп жауап беретін...

Бұл жерде мына ақиқатты да айтпай кетуге болмайды:

Ұлы сахабалар мен әулиелердің намаз арқылы жеткен жоғарғы мәртебеге жетуіміз мүмкін емес деп есептелсе де көңілдеріміздің күші мен қабілеті мөлшерінше, сол мәртебеге жетуге шынайы ықыласпен тырысып бағуымыз қажет. Шайтан кейде: «осындай ғапылдықпен намаз оқығанша мүлдем оқымағаның жақсы» деп, алдап азғырады да адамды қауіптен қауіпке сүйрелейді. Тұзаққа түсіргісі келеді. Сондықтан да мұндай ой адамды зиянға ұшыратады. Керісінше "Мүлдем оқымағаннан гөрі осылай болса да оқыған жақсы, оқымағаннан осылай болса да оқыған артық" деп ойлау керек. Намаз оқу мен намаз оқымаудың арасында айырмашылық өте үлкен. Намаз оқығаман адам үнемі зиянда. Бірақ кемшілікпен болса да намазын оқыған кісі, бір сәті келіп, тәңірлік сыйға қол жеткізіп, Алланың құзырында қабыл болатын намаз оған да нәсіп болары сөзсіз.

Мына шындықты да қаперде сақтау керек:

Ешбір әрекет, ешбір қимыл бірден кәмілдікке жетпейтіні секілді, ғибадаттар да басында жай еліктеумен басталады. Өнерпаз өз өнерін ұзақ тәжірибелерден кейін ғана кәміл түрде істейтіні сияқты, пендеге де құлшылығында дамуы үшін уақыт керек. Намазды кәміл түрде оқи алмағандар үмітін үзбей, осы айтылғандарды қаперде ұстай отырып, жолын жалғастыруы тиіс. Қалайша бір грамм алтынға қол жеткізу үшін тонналап топырақ еленетіні сияқты, намаздың кемеліне жету үшін және ықылас-хүшуъ күйіне жету үшін де сабыр мен табандылық арқылы еңбектену қажет...


"Ислам және ғибадат" атты кітаптан. 
Авторы: Осман Нури Топпаш
(Ықшамдалынып алынды).

 
0 пікір