Орта Азиядан шыққан ғұлама Сиражиддин әл-Ушиды білесіз бе?
Орта Азиядан шыққан ғұлама Сиражиддин әл-Ушиды білесіз бе?
5 жыл бұрын 2821
Мұхан ИСАХАН

Сиражиддин Али ибн Осман әл-Уши – Мәуренахрдан шыққан Матуриди ақида мектебінің ірі өкілі. Ғалымның толық аты-жөні: Абу Мұхаммед Сиражиддин Али бин Осман ибн Мұхаммед ибн Сүлейман ибн Али ат- Тайми аш-Шахиди әл-Уши.

Ол ХІІ ғасырда Орталық Азияда Қарақан және Селжұқтар билік жүргізген дәуірде өмір сүрді. Оның туған жылы белгісіз. Бірақ деректерде 1179 жылы қайтыс болғандығы айтылады. Фақиһ, хадистанушы және мутакаллим ретінде мұсылман әлеміне танымал. Сонымен қатар, әдебиетші және ақын ретінде де есімі елге мәшһүр. Әл-Ушидың лақап аты – «Абу Мұхаммед Абул Хасан». Бірақ тарихи дереккөздерде «Шамсул-Ислам» (Исламның күні), «Сиражиддин» (діннің шырығы) және «Рукниддин» (діннің тірегі) деп айтылады. 

Задында, ол «әһлі-сүннет» ақидасын өлеңмен жырлап, «Бад-ул-Амаали» деген еңбегімен танылып, атағы шыққан. Сондай-ақ, әл-Уши мұсылман үмбетіне өз дәуірінің атақты фақиһы және мухаддисі ретінде танымал. Кәлам ілімінің жарық жұлдызы болып есептеледі. 

Сиражиддин әл-Уши көне Ош шаһарында туылып, осында ержетті. Ол кезде Ош шаһары гүлденген қала болатын. Ош қаласы атақты ғалымдарымен және халқының көптігімен өзгешеленетін еді. Осындай ілім-білім бесігінде дүниеге келген әл-Уши алғашқы діни білімді туған қаласында алды. Ол Шайхул-Ислам Насируддин Абу Абдиллах Мухаммед бин Сүлейман әл-Ушиден хадис ілімін үйренген. Хадис ілімін үйренумен бірге ұстазы Шайхул-Ислам Насируддин әл-Ушидің риуаят еткен хадистердің негізінде «Муснади Анас бин Малик ан Расулиллах саллалаху алейхи уа саллам» («Анас бин Маликтің Алланың Елшісінен баяндаған хадисі») атты хадистер жинағын жазды. Бұл шығарма оның ең алғашқы тырнақалды еңбегі еді. 

Әл-Уши одан ары қарай сол кезде Мауреннахрға танымал болған Самарқан қаласындағы Ханафи мәзһабының Кусам медресесінде білімін жетілдірді. Ол осында белгілі ғұламалардан фиқһ, хадис, ақида ілімдерін үйренді. Өмірінің соңында медреселерде білім беріп, шәкірт оқытты. Халыққа уағыз-насихат айтып, көпшілік қауымды Хақ дінге шақырды. Тарихи мәліметтерде әл-Ушидің Ферғана шаһарының қазысы болып қызмет атқарғандығы баяндалады. Сондай-ақ, бірнеше рет қажылыққа барғандығы да айтылады. 

Сиражиддин ал-Уши хадис, фиқһ және таухид ілімі бойынша құнды шығармалар жазып қалдырды. Ғылыми дереккөздерде оның еңбектері ретінде 12 шығарманың аты көрсетіледі. Еңбектерінің көпшілігі хадис іліміне арналғанымен, ол ақида және фиқһ жайында да кітаптар жазды. 

Әл-Ушидің ұлы шығармасы болып есептелетін «Бад-ул Амаали» еңбегіне келер болсақ, бұл еңбек оның ақида ілімі бойынша ең абыройлы ғалым болуына себепкер болды. Бұл шығарма 1174 жылы жазылған. Аталмыш поэма кейбір қолжазбаларда 68 жолдан тұрғанымен, ақида ғалымдары 66 жолдан тұратын нұсқасын негізге алады. Жазылғанына жүздеген жылдар өткеніне қарамастан «Бад-ул Амаали» қолжазбасының түпнұсқасы көшірмесі сақталынған. Әрі ислам елдерінде қаншама рет қайта басылған. Жалпы, бүгінге күнге «Бад-ул Амаалидің» 30-ға жуық түсіндірмелері жеткен. Ақида мәселелерін сөз еткен бұл поэма араб тілінде жазылған. Поэма шағатай, парсы тілдеріне тәржімаланған. Шығыстанушылар 1825 жылы латын тіліне аударды.

Сиражиддин ал-Уши фиқһта Ханафи, ақидада Матуриди мәзһабын ұстанды. Ол Ханафи мәзһабының ұстанымы мен ой-пікірлерінің белсенді қорғаушысы болды. Өзге сәмауи діндер мен мәзһабтардың да үкімдерін терең меңгерді. Фиқһи ой-пікір мен ақида мәселелерін терең түсінген ғұлама ғалым болатын.

«Бад-ул Амаали» шығармасында оның дін бұзарлар мен тура жолдан тайқығандармен аянбай күресіп, оларды қатаң сынға алғандығын аңғарамыз. Сонымен қатар, әл-Ушидің ең үлкен ерен еңбегі – оның әһлі-сүннет ақидасын алғашқылардың бірі болып, өлең-жырмен жырлағандығы еді. 

Жалпы, Сиражиддин әл-Уши «Савокибул-Ахбар»,  «Гурурул - Ахбар», «Дурарул - Ахбар» (хадис ілімі бойынша), «Фатауайи - Сиражия», «Касидатул - амали», «Машарикул – анвар шархи нисабул - Ахбар», «Мухтасарул -Ахбар», «Явакитул -Ахбар», «Нисабул – Ахбар ли тазкиратил - Ахяр» атты кітаптарды жазды. 

Сондай-ақ, Сиражиддин әл-Ушийдің «Бад-ул Амали» кітабына көптеген ғалымдар шархжазған. Олардың ішінде Мұхаммед ибн Али Бакир Аррохи, Аш-шайх Имам Иззиддин Мұхаммед ибн Аби Бакир ибн Жамаа-а, Шархил-Амали Али каари Макки, Мұхаммед ибн Сулейман ал-Халаби ар-Райхоби ал-Ханафи атты ғұламалар мұсылман әлеміне танымал жарық жұлдыздар еді. 

Сиражиддин әл-Уши – Ислам дінінің Орталық Азияға орнығуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғалым, Ханафи фиқһының Мәураннахрда кеңейе түсуіне ықпал еткен фақиһ, Матуриди ақидасының түркілер арасына таралуына әсер еткен «Бад-ул Амали» секілді ұлы шығарманы жазып қалдырған мутакәллим еді. Ол ақын ретінде зүбәражат жырларымен тарихта аты қалды.    

0 пікір