Мұңды мақам иесі – Мұхаммед Сыддық Миншауи
Мұңды мақам иесі – Мұхаммед Сыддық Миншауи
5 ай бұрын 2499
Аударған Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ

Мысыр – мұсылман әлеміне көптеген Құран Кәрімнің атақты хафиздары мен білімпаздарын жетілдіріп шығарған киелі өлке. Олардың ішінде Мұхаммед Сыддық Миншауидің орны бір төбе. Ол  1920 жылы Мысырдың Миншах қаласында дүниеге келген. Алла Тағала өз кезегінде бұл құлына ерекше қабілет пен мықты зейін сыйлаған еді. Бұны сезген әкесі де баласына ес біле бастағаннан Құдай сөзін жаттата бастайды. Соның нәтижесінде Миншауи Құран Кәрімді өте ерте жастан жаттап алады. Тоғыз жасынан бастап мыңдаған намазхандардың алдына шығып, Рамазан айында Құранды бастан-аяқ хатым етті. Сонымен қатар, ол қолы бос кезде өзімен тұрғылас балаларға қырағат және тәжуид білімдері бойынша сабақ та берді.

Мұхаммед Сыддық жастайынан Құран ілімдерінің білгірі ретінде аты шыға бастады. Ол адамның терісін шымырлататын нәзік және өте әсерлі дауысқа ие-тін. Оқуы да айна-қатесіз, анық болатын. Сондай-ақ, оның аяттарды оқуда өзіндік стилі де қалыптасқан еді. Алла Тағаланың Құрандағы әмірлері мен ескертпелері, қиямет, тозақ, күнәһар пенделерге берілетін азаптар жайында айтылған аяттарды ерекше екпінмен, дауысын көтеріп, мұңды етіп оқитын. Ал керісінше, Алла Тағалаға иманды құлдарына уәде еткен жәннаттармен, олардың ақирет күніндегі дәрежелері туралы айтылған аяттарды нәзік қалыпта, жүректерге тыныштық сыйлайтындай оқып жеткізетін.


 
Ол бірнеше Құран жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Содан атақты қари Мысырға ғана емес, дүниежүзіне таныла бастады. Ол Сирия, Кувейт, бірқатар парсы тектес мемлекеттерде болып, мыңдаған мұсылмандар алдында тамылжыта Құран оқыды. Оның Құран оқудағы жаңа әдісінің арқасында қарилар қырағат оқуларында ерекше мүмкіндіктерге қол жеткізді.


Мұхаммед Сыддық Миншауи 1969 жылы небары қырық жасында рак ауруынан көз жұмса да, артына Құран қырағаты тарихына ерекше оқу әдісімен өшпес із қалдырды. Оның жүздеген шәкірттері қазіргі таңда осы оқу әдісін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

0 пікір