Мұхаммед Әли неге мұсылман болды?
3 жыл бұрын 9620
Марфуға Шапиян

«Исламды қабылдамағанымда, әлем Мұхаммед Әли деген адамды білмей өтер еді»

АҚШ-тың кәсіпқой боксшысы, әуесқой бокстан 1960 жылғы Рим Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокстан Әлемнің жеті дүркін абсолютті чемпионы Мұхаммед Әлиді білмейтін, танымайтын адам кемде-кем шығар. Оның спорттағы жетістігі бір төбе де, «Ислам әлемінің мерейін өсірген» мұсылмандығы өз алдына бөлек әңгіме.

«Мен ешқашан жеңіс үшін бокстасқан емеспін»

Мұхаммед Әлидің балалық шағы қара нәсілділердің кемсітіліп, қоғамдағы дәрежесінің төмен болып тұрған сәтіне кез келді. Содан болар, М.Әлиді кішкентайынан қоғамдағы теңсіздік мәселесі қатты ойландыратын. «Неліктен ақ адамдарға бәрі болады, ал қара адамдарға көп нәрсе шектеулі? Негізінде адамдардың бәрі бірдей ғой», «Барлық жақсылық атаулы ақ та, жамандық атаулы неге қара?» деген мәселелер кішкентай чемпионның миынан шықпайтын. Ол өзінің басқалармен терезесі тең екенін дәлелдеу үшін мықты болуы қажеттігін түсініп, бокспен айналыса бастады. Жай ғана бокспен айналысу жеткілісіз болатын. Ақ адамдарға өзін мойындату үшін бокста бірінші болуға тиіс еді. Расымен де, Мұхаммед Әли өзінің 18 жасында бокстан Америка құрлығында ауыр салмақ бойынша нөмірі бірінші спортшыға айналады. 

1960 жылы Рим Олимпиадасына бару мүмкіндігі туындағанда Мұхаммед Әли одан бас тартады. Өйткені, чемпион ұшаққа отырудан қатты қорқатын, ал Римге кемемен жету мүмкін емес еді. Жаттықтырушысының: «Бұл дода сен үшін өте маңызды, Олимпиададан жеңсең, сенің сөзіңді бәрі тыңдайтын болады» деген үгіт-насихатынан кейін ғана Мұхаммед Әли ұшаққа мінуге келісім береді, қауіпсіздік шараларының бәрі сақталғанына қарамастан, арқасына парашют байлап алады. Спортшылар үшін өте маңызды саналатын Олимпиада ойындарында да Мұхаммед Әлиге қарсылас шақ келмеді. Алтын алқа мойынға тағылар марапаттау рәсімінде бір жағында поляк, екінші жағында орыс, ақ нәсілді қарсыластарынан бір саты жоғары тұрған 18 жасар бозбала Мұхаммед Әли өте бақытты еді. Рим Олимпиадасының алтын медалін мойнына іліп, Отанына мақтанышпен оралған Мұхаммед Әлиді Америка халқы әуежайдан гүл шоқтарымен қарсы алып, лайық сый-сыяпат көрсетеді.  Чемпион туған қаласы Луисвиллге келгеннен кейін сондағы мейрамханалардың біріне тамақтанбақ болып кіреді. Мойнында ұйықтағанда да шешпейтін алтын медалі. Бірақ жағдай күткендегідей болмайды, мейрамхана даяшылары қара нәсілділерге қызмет көрсетілмейтінін айтады. Өзінің Олимпиада чемпионы екенін, елінің атын шығарғанын, кедей еместігін қанша түсіндірсе де, мейрамхана қожайыны келіп, М.Әлиді сыртқа қуып шығады. Қатты ашуланған чемпион Огайо өзеніне барып, тамақ ішуіне де көмектесе алмаған Олимпиаданың алтынын суға лақтырып жібереді.

Міне, осыдан кейін-ақ Мұхаммед Әлидің ұлы күресі басталады. Оның өзі: «Мен ешқашан тек жеңіс үшін бокстасқан емеспін. Менің мақсатым – үлкен жетістікке жетіп алып, сол арқылы адамдарға сөзімді тыңдату болды» деген екен бір сұхбатында. Америкадағы ақ нәсілділер де, қара нәсілділер де христиан дінін ұстанып, шіркеуге бара тұра бір-біріне тең қарай алмайтынын түсіне алмаған Мұхаммед Әлиді солай Ислам әлемі қызықтыра бастады.

Мұхаммед Әли Исламды қалай қабылдады?

Мұхаммед Әли Ислам діні туралы алғаш 1959 жылы «Ислам ұлты» қозғалысының көшбасшысы Элайдж Мұхаммедтің Чикаго халқы алдындағы сөзінен естиді. Сол уақыттары бұл ұйым ақ нәсілділер арасында қара нәсілділердің құқығын қорғау, экономикалық және діни бостандыққа үндеумен айналысатын еді. Боксшы арада жыл өткенде Маямидегі жаттығу кезінде осы ұйымның тағы бір көшбасшысы Абдул Рахманмен танысады. Ол боксшыны «Ата-бабаларының тарихы» жөніндегі лекциясын тыңдауға мешітке шақырады. Чемпион кейін осы бір оқиғаны еске ала отырып, мешітке кіргеннен кейін жүрегіне тыныштық ұялағанын, қара нәсілді болып туғанының еш кемшілік емес екенін түсінгенін айтады. Мұсылмандыққа қызығушылығы оянып, жергілікті «Мұхаммед айтады» атты газетті оқи бастайды. Үнемі өмірдің мәні, жер бетіндегі адамның миссиясы туралы ойланатын болады.

Ал 1964 жылы кәсіпқой бокстан Әлем чемпиондығына таласып, Сонни Листонмен жекпе-жекке шығар алдында Ислам дінін әлі ресми қабылдамаса да, Мұхаммед Әли алақан жайып, Аллаға дұға етіп шығады. Ал жеңіске жетіп, чемпион болғаннан кейін өзінің Ислам дінін қабылдағанын, «Ислам ұлты» қозғалысының бір мүшесіне айналғанын ресми түрде жариялайды. Ол кезде чемпионның жасы 22-де болатын.  Кейінгі сұхбаттарының бірінде Мұхаммед Әлиден: «Өмірде өкінішіңіз бар ма?» - деп сұрағанда, ол: «Иә, әрине... Егер маған өмірімді басынан қайта бастау мүмкіндігі берілсе, Ислам дінін он жасымда қабылдар едім», - деп жауап берген екен. 

Егер маған өмірімді басынан қайта бастау мүмкіндігі берілсе, Ислам дінін он жасымда қабылдар едім»

Мұхаммед Әлидің шын есімі – Кассиус Клей. Ислам дініне келе сала, ол өз атын Мұхаммед Әли деп өзгертеді. Алғашқыда жаңа атына үйрене алмай, құлдық, нәсілдік теңсіздікке, христиан кезіне куә болған Клей есімімен журналистер де, айналасындағы өзге адамдар да шақырып қоймайтын. Оларға чемпион: «Мен Мұхаммед Әлимін», - деп айғайлайтын. Ақыры әлем оны «Мұхаммед Әли» деп таныды. Қазір оның шын есімін біреу білсе, біреу білмейді. Чемпионның өзі ол туралы: «Егер мұсылман болмағанымда, қазіргі жетістігімнің ешқайсысына жетпеген болар едім. Онда есімімді де өзгертпес едім, әлемге жақсылық та, мейірім де жаймас едім. Мұсылман болмағанымда ешкім де болмас едім. Солай әлем Мұхаммед Әли деген адамды білмей өтер еді», - дейді.

«Арафатта тұрған сәттегідей ерекше сезімді ешқашан басымнан өткерген емеспін»

Мұхаммед Әлидің Исламға келуімен өмірлік мақсаттары да өзгеріс тапты. Әрине, оның мұсылмандығын жақтырмағандар көп болды. Тіпті сол кездегі WBA президенті Эд Лассман: «Клей бокс әлеміне зардабын тигізіп, жасөспірімдерге жаман үлгі көрсетуде», - деп оның сол кезге дейінгі атақ-дәрежелерін тартып алғысы келді. Бірақ чемпион алған бетінен қайтпаған еді. Бұрын дүниеге «өзінің қандай мықты, ұлы» екенін дәлелдеу мақсаты болса, ал кейінгі мақсаты «Алланың разылығын табуға» айналды. «Мен өмірден өткеннен кейін қанша ақша тапқаным, қаншалықты білімді болғанымның маңызы да болмайды. Ең маңызды нәрсе құлшылық және жұртқа жақсылық жасау, өйткені, біз бұл өмірге сынақ үшін ғана жіберілгенбіз», - дейді чемпион.

Одан кейін де талай жетістікке жеткен Мұхаммед Әли өміріндегі барлық жетістігіне Исламның арқасында жеткенін, ал ең үлкен жетістігі – Исламды қабылдау болғанын қайталап айтудан жалыққан емес. Ол бар жан-тәнімен дініміздің шарттарын түгел орындауға ұмтылды. Қажылыққа барған сапары туралы: «Менің өмірімде небір керемет сәттер болды. Бірақ солардың ешқайсысы қажылықта болған сапарымда Арафатта тұрған кезімдегі бастан өткерген сезімге жетпейді. Айналамда миллионнан астам адам бір сәтте Құдайға жалбарынып, кешірім тілеп тұрғанда қалай өзгеше күйде болмайын? Адамдар түр-түсіне, байлық, билігіне қарамай, небәрі екі-ақ метр ақ матаға оранып, Аллаға жалбарынып тұрғанын көргенде қалай әсерленбейін? Бұл Исламның адамдардың ешқайсысын бөлмей, тең көруі еді, бұл Исламдағы теңдік еді», - деп ерекше ықыласпен еске алады.

Мұхаммед Әли қанша жерден чемпион болса да, тәкаппарлықтан бойын аулақ салған жан болды. Жас кезінде қателікпен ренжітіп қойған қарсыластарынан халық алдында кешірім сұраудан да арланбады. «Жекпе-жегіміздің алдында Джо Фрезерді мазақтап: «Сен секілді көріксіздер чемпион бола алмайды, чемпион мен сияқты әдемі болуы керек» деген едім. Сол сөздерім үшін қатты өкінемін. Арада 30 жыл өткенде Фрезерден сол қылығым үшін кешірім сұрадым, ол мені кешірді», - дейді чемпион.

«Жазықсыз адамдарды өлтіру – дініме қайшы»

Мұхаммед Әли өміріндегі ауыр сынақтардың бірі 1960 жылдардың екінші жартысында орын алды. Ол уақыттары Вьетнамда соғыс болып, Америка өз әскерлерін үздіксіз солай қарай кіргізіп жатыр еді. Ал әскерге шақырылған М. Әли соғысқа барудан бас тартады. Оның себебін соғыстың әділетсіз жүргізіліп жатқаны, жазықсыз адам өлтіруге діні рұқсат бермейтінімен түсіндіреді. Боксшының өзі бұл оқиғаны былай еске алады: «Маған Вьетнамдағы соғысқа бару жөнінде шақырту келгеннен соң айналамдағылардың бәрі баруға кеңес берді. Алайда менің діни көзқарасым онымен мүлде сәйкеспейтін еді. Өйткені, мен АҚШ әскерінің Вьетнамдағы соғысына қарсы болатынмын. Өзім білмейтін, танымайтын жазықсыз адамдарды өлтіру, өлтіру былай тұрсын, тіпті жаралауға да қимайтын едім. Құдайға бұл ұнамайтындай көрінді. Миллиондаған адамдар мен АҚШ үкіметіне жалғыз қарсы шығу оңай болмады. Тіпті, билік түрлі келісімшарттар ұсына бастады. Олар маған «қолыңа қару да ұстамайсың, тіпті соғыс өтіп жатқан майданға жақындамайсың да, тек барсаң болды» деді. Мені басқа жас американдықтарды соғысқа тарту үшін пайдаланғысы келді. Олар осы соғысқа барсам, менің дінімнен, сенімімнен бас тартуыма тура келетінін түсінбеді. Ал, мен өзіме және Құдайға адал болуға бел будым. Егер мен дінімнен бет бұрсам, басқаратын тетігі жоқ, соған қарамастан теңізге қойып кеткен кемеге ұқсап қалар едім. Ал, мен үшін дінсіз өмір сүруден қорқынышты ештеңе жоқ болатын».

Чемпионның көптеген жанкүйерлері оны соғысқа барудан қорықты деп ойлады. Бірақ оның соғыстан емес, жазықсыз адам өлтіруден тыйған Алладан қорыққанын тек санаулы жан ғана түсінді. Нәтижесінде Америка үкіметі оны үш жылға спорттан шеттетті. Атақтарының барлығын тартып алды. Бірақ оған мойыған Мұхаммед Әли болмады. Үш жылдан кейін үлкен спортқа қайтып келген боксшы, одан кейін де өзінің «бірінші» екенін әлемге талай мойындатқан еді.

«Терракт менің дініме жат нәрсе»

2001 жылғы 11 қыркүйекте Америкада орын алған жағдай әлем мұсылмандары, оның ішінде американдық мұсылмандар үшін өте ауыр жағдай еді. Осы оқиғадан кейін дүниежүзі терроризмді Исламмен байланыстыратын болды. Қоғамда мұсылмандыққа кері көзқарас қалыптаса бастағанын байқаған спортшы үнсіз қалуды жөн көрмеді. Халық алдына шығып: «Мен – мұсылманмын. Мен 40 жылдан бері мұсылманмын. Сендер мені білесіңдер. Мен боксшымын. Адамдар мені ұлы санайды. Сендер мені боксшы, әрі шыншыл адам ретінде танисыңдар. Ендеше: «Өтірік айтып тұр», - деп ойламаңдар. Егер Ислам лаңкестікке шақырса, мен мұсылмандық туралы аузымды да ашпас едім. Мен барлық адам шындықты біліп, ақиқатты түсінуі тиіс деп ойлаймын. Ислам, ол – бейбітшілік, тыныштық. Ол лаңкестік пен өлімді ешқашан қолдамайды. Мен – мұсылманмын. Мен – американдықпын. Американдық мұсылман ретінде 11 қыркүйекте орын алған жағдайға көңіл айтамын. Бүкіл әлемнің Ислам туралы жаман ойлап жатқанына қарап тыныш отыра алмадым. Радикалды топтардың Ислам атына кір келтіріп жатқаны жанымды қатты ауыртады. Құдай ешқашан террористердің жағында болған емес. Терракт - менің дініме жат нәрсе. Себебі, мұсылмандар күш көрсетуді жақсы көрмейді, Алла өлтірушілерді қолдамайды», - деген болатын. Мұхаммед Әли секілді ықпалды адамның бұл сөзі мұсылмандардың еңсесін көтерді.

Спорттан кеткеннен кейін де, жақсылық жасаудан қол үзбеген Мұхаммед Әли 1998 жылы БҰҰ-ның елшісі болып, 2002 жылы Ауғанстанға келеді. «Айналамдағылардың бәрі менің бауырларым мен қарындастарым еді» дейді чемпион ол туралы сөз болғанда. Ауған балаларының болашағына алаңдаған М. Әли оларды Құдайға сенуге, білім алуға, физикалық тұрғыдан мықты болуға шақырды. Сапары туралы: «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының елшісі болдым. Бұл мен үшін өте маңызды. Көптеген адамдар спортшы бола тұра күш көрсетуге қарсы екеніме таңырқап қарады. Бұл мүмкін күлкілі көрінер, бірақ менің шыным сол еді. Мен қарсыласыма үлкен зиян келтіруден үнемі сақтанатынмын. 2002 жылы БҰҰ мені Ауғанстанға жіберіп, сондағы жағдаймен танысып қайтуды тапсырды. Онда келе сала жан дүниеме жақындық сезіндім. Бұл мұсылман мемлекеті еді, қауіптілігіне қарамастан, өзімді үйдегідей сезіндім. Айналамдағылардың бәрі бауырларым мен қарындастарым болатын. Маған балаларды құшақтап, сүйген ұнады. Тіпті оларға фокус көрсеттім де, артынан оның құпиясын айтып бердім. Өйткені Ислам алдамауға үйретеді. Маған балалармен қоштасу қиынға соқты, олардың өміріне қатты алаңдадым. Кетерімде балалар үшін олардың болашағы жарқын болса екен деп дұға еттім» дейді.

Бұл оқиғадан Мұхаммед Әлидің Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді балаларды ерекше жақсы көргенін байқаймыз. Чемпионның: «Ұлдарым мен қыздарымның жанында болғанда, олармен әңгімелескенде өзімді Құдайға жақынырақ сезінемін» деген сөзі де бұған дәлел. 

Мұхаммед Әли қазір не істеп жүр?

Мұхаммед Әли ұшақ терезесінен сыртқа үңілгенде адамдардың құмырсқадай боп көрінетініне қарап: «Біз мына шексіз, шетсіз әлемде Құдайдың кішкентай ғана жаратылысымыз», - деп қайталағанды ұнатады екен. Жаратушының сол кішкентай ғана жаратылысы Ислам дініне үлкен пайда әкелгенін біле ме екен?

Мұхаммед Әли күллі адам баласына жақсы мұсылман қандай болуы керек екенінің үлгісін көрсетті. Одан үлгі алып, қаншама отандастары Ислам дінін қабылдады. Ол әлемге жақсылық жайды: «Ұйықтар алдында өзімнен: «Егер ертең оянбай қалсам, бүгінгі сүрген өміріме мақтана алар ма едім?» - деп сұраймын. Мен үнемі көп жақсылық жасауға тырысатынмын. Ең болмағанда біреуге автограф беріп, ол да болмаған жағдайда біреудің қолын қысып болса да жақсылық жасасам дедім» дейді. Тағы бір сөзінде: «Мен кемшіліксіз адам емеспін. Өзімнің кейбір істерім бар, олармен мақтана алмаймын. Сол үшін Алладан кешірім сұраймын», - дейді.

Мұхаммед Әлиден кейін алынған сұхбаттардың бірінде журналист: «Қазір уақытты қалай өткізесіз?» - деп сұрақ қояды. Ол: «Жасырақ кезімде оқу дегенді ұнатпаушы едім. Қазір сол олқылықтың орнын толтырудамын. Әртүрлі бағыттағы кітаптарды оқимын. Әрине, олардың арасында мен үшін ең сүйіктісі – Құран. Жарлы-жақыбайларға қол ұшымды беремін. Балаларға арнап спортзалдар салдырамын. Бірақ менің өмірімнің қазіргі басты мақсаты – Аллаға құлшылық ету және Исламды жаю», - деп жауап береді. Мұхаммед Әлидің әйелі спортшының бұл ісі туралы: «Бұрын оқығанды жақсы көрмесе, қазір сағаттап оқиды. Құран оқып отырып, кей бөліктерін жаттау үшін жазып алады. Негізінен ислам әдебиетін, ғылыми-зерттеулерді оқып, Інжілге қарсы келетін тұстарын салыстырады. Көшедегі талай жарлы-жақыбайға киім алсын деп ақша таратып жүреді. Бірақ олардың көбі ақшаны киім немесе тамақ үшін емес, ішу үшін алатыны белгілі. Бірақ соған қарамастан садақа беруін тоқтатар емес» дейді.  «Сіз бүкіл спорттағы мансабыңызда үш-ақ рет жеңілген адамсыз. Жеңілісті қалай қабылдадыңыз?» деген сұраққа: «Әрине, жеңіліс үшін қуанған жоқпын. Бірақ жеңіс үшін барымды салғанымды білемін. Соған қарамастан жеңіліс тапсам, ол – Алланың қалауы», - деп жауап беріп, қиындыққа қарсы тұрудың үлгісін көрсетеді. Айналасындағыларды да, өзінің жанкүйерлерін де Исламға шақырудан бір сәт те жалықпаған боксшы: «Әтеш таңның жарығын көргенде, құлшылыққа шақырады. Мен де жарықты көрдім, сондықтан бар жан-тәніммен жарыққа шақырамын» дейді, өзінің бұл ісі туралы.

«Маған Алла ауруды сынақ ретінде жіберді»

Осыдан екі жыл бұрын 70 жылдық мерейтойын тойлаған Мұхаммед Әли емі жоқ паркинсон ауруына шалдыққан. Есту қабілеті төмен, сөзі анық емес, кей мүшелерінің жұмысы нашарлаған. «Алла тағала мені «ары қарай құлшылығын жалғастырар ма екен, сенімін сақтап қалар ма екен», - деп сынаққа алды. Мықты адамдардың бәрі сынаққа ұшырайды. Оған менің рухым сынып кетпек емес. Алла тағала мен емес, Өзінің «бірінші» екенін көрсетпек болып, бұл ауруды жіберді», - дейді Мұхаммед Әли өз сырқаты туралы.  

Ауру спортшының құлшылығына да, жақсылық жасауына да расымен кедергі болмады. Ол Ислам университеттерін қаржыландырды, Чикагодағы алғашқы мешіттің салынуына себепші болды. Өзі: «Ұлы адамдар ұлы болсам демейді. Олар Құдайға жақындау үшін адамдарға жақсылық жасап, ұлылыққа тап болады» дегеніндей, ол ұлылыққа Құдайға жақындаймын деп жүріп тап болды. Атақты болсам деген жастарға айтқан: «Мықты бол. Құран оқы. Аллаға құлшылық істе. Бұл саған сөзсіз көмектеседі» деген кеңесі бәрімізге айтылған сөз.      

Мұхаммед Әли туралы да, ол айтты деген қанатты сөздер өте көп. Бірақ солардың арасында мына бір естелігі ерекше: «Мен темекі тартпаймын, бірақ қалтамнан сіріңке тастаған емеспін. Жүрегіме күмән кіріп, күнәға қарай қадам басып бара жатсам, сіріңкені жағып саусағымды күйдіремін де: «Әли, сен мына ыстықтың өзіне шыдамай тұрсың. Ертең тозаққа қалай шыдайсың?» деймін өзіме-өзім. Содан кейін жамандықтан бірден қайтамын». Осы бір сөз барлық мүмінге үлгі болуы тиіс.

«Кіммен кездескіңіз келеді?» - деген сұраққа, Мұхаммед Әли: «Мұхаммед пайғамбарымызбен (с.а.у.)», - деп жауап берген екен. Дінді ұстану – қолға шоқ ұстаудан да қиын болған заманда күллі мұсылманға үлгі болып, жақсылыққа шақырған спортшының, өмірден өтерінде кәлимасы тілінде болып, Кәусардың түбінде Пайғамбарымызбен (с.а.у.) кездесіп, арманы орындалғанын біз де бар жан-тәнімізбен тілейміз. 

10 пікір