Мәзхабымыздың негізін қалаушы Әбу Ханифа туралы не білесіз?
Мәзхабымыздың негізін қалаушы Әбу Ханифа туралы не білесіз?
5 жыл бұрын 6528
Мұхан ИСАХАН

Әбу Ханифа Нуман ибн Сәбит (699-767) - көрнекті Ислам ғалымы, атақты сүнниттік төрт мәзһабтың бірінің негізін қалаған мужтаһид. Ол көзі тірісінде-ақ асқан білімдарлығы үшін «Имам Ағзам» деген лақап атты иеленді. Оның Ханифа атты қызы немесе ұлы Хаммадтан басқа баласы болмаған. Десе де, жазу үшін сия сауытты (ирактықтар жазу-сызудағы керек-жарақты «ханиф» деп атайтын) әрдайым жанынан тастамай алып жүргені үшін, сондай-ақ, әрдайым хақ сенімнің (ханиф) жоқтаушысы болғаны үшін жұрт оны «Әбу Ханифа» деп атады. 

Әбу Ханифа 699 жылы ғылым мен мәдениеттің және діни-саяси қозғалыстардың орталығына айналған ислам халифатының астанасы Куфа қаласында дүниеге келді. Имам Ағзамның әкесі Сәбит бай саудагер еді. Сәбит жас күнінде төртінші халиф Әли ибн Әбу Талибпен кездеседі. Сол сәтте төртінщі халиф Әли ибн Әбу Талиб (р.а) Сәбиттің ұрпағы үшін дұға-тілек жасаған еді. 

Имам Ағзам саудагердің отбасында дүниге келгендіктен бала күнінен мата сатып, сауда-саттық жасады. Әбу Ханифа жастық шағында Құран Кәрімді жаттады. Қырағат ғалымы Имам Асимнан қырағат ілімін үйренді. Кейбір сахабаларды көріп, олардан хадис риуаят етті. Мысалы, Әнәс б. Мәліктен «Ілім үйрену әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мәжә, Муқаддимә, 17) деген хадисті риуаят еткен еді. 

Әбу Ханифа табиғин ғұламалардың соңынан еріп, олардан білім алды. Табиғин ұстаздарының арасында Хаммад ибн Әби Сүлейменнің (737 ж.қ.б) ғылыми мәжілістеріне қатысып, басқа ұстаздарға қарағанда оны өзіне көбірек өнеге тұтты. Хаммад ибн Әби Сүлейменнен он сегіз жыл сабақ алды. Силсиласына келер болсақ, Хаммад, Ибраһим ән-Нәхиғи және Шабиғиден, олар қазы Шурайх, Мәсрук, Алқамә және Әсуадтан, олар Абдуллаһ ибн Мәсғуд және әзіреті Әлиден сабақ алған еді. 

Әбу Ханифа ғұмыр бойы үздіксіз білімін жетілдірді. Ол өзінің дәуіріндегі ғұламалардың мәжілістеріне қатысып, олармен әрдайым жылы қарым-қатыныста болды. Мысалы, атақты Жағфар Садық пен (765 ж.қ.б) Имам Ағзам өле-өлгенше пікірлес болып, қоян-қолтық араласты. Халық арасында екі ғұламаның да тақуалығы әрі қарым-қатынасы туралы аңыз әңгімелер кең таралған.

Әбу Ханифа ислам халифатында саяси, кәламдық, фиқһтық қайшылықтар күшейген күрделі кезеңде өмір сүрді. Ол өмір сүрген уақытта шиға, харижи, муғтазали және т.б. діни-саяси топтардың қозғалысы асқынып, мұсылман әлемінің біртұтастығына сына қаға бастады. Мысалы, харижилер иман мен амалды тұтас деп қарастырып, осының негізінде күнәһарды немесе діни амал етпеген мұсылмандарды кәпірге шығарды. Кәпір деп санаған адамдарын қатаң жазаға кесіп, мұсылман қоғамында қанды-қасап бүліктердің орын алуына түрткі болды. 

Әбу Ханифаның пайымынша тілмен иман келтіріп (ихрар би-л-ли-сан), оны жүрекке бекіткен (тасдиқ би-л-қалб ) адам мұсылман саналды. Бірақ, амал етпеген кәпір болмағанмен, күнәһар болып есептелді. Өзінің бұл ой-тұжырымына Құран мен сүннеттен және ақыл-ой тұрғысынан көптеген дәлелдер келтірді. Осындай көзқарасты ұстануына байланысты Әбу Ханифа харижилермен ұдайы пікірталастырды. Сондай-ақ, Имам Ағзам ғұмырының белгілі бір кезеңін харижилермен қатар шиғаның ғулат топтары, муғтазила, муржийа, дәхри және т.б. діни топтармен күресуге жұмсады. 

Куфа қаласының әміршісі ибн Хубайра 747 жылы  әмауилердің билігін нығайту мақсатында Әбу Ханифаны бас қазылыққа шақырады. Бірақ Әбу Ханифа саясатқа араласқысы келмеді. Ол осы ұстанымына байланысты қуғынға ұшырады. Біршама уақыт Меккеге барып, бой тасалады. Халифат билігін 751 жылы аббасилер қолға алған кезде Әбу Ханифа Куфаға қайтып оралды. Алайда, халифа Әбу Жағфар 754 жылы  Әбу Ханифаны Бағдаттың бас қазысы қызметіне шақырды. Жаңа биліктің өктем саясатын ұнатпаған Әбу Ханифа бұл ұсыныстан бас тартады. Халифа Әбу Жағфар айтқанына көнбеген ғұламаны зынданға салады. Әбу Ханифа ауыр азапқа төзе алмай 767 жылы көз жұмады. Оның жаназасын шығарған күні Бағдаттың көшелері нөпір халыққа толады. Әбу Ханифаның жаназасына елу мыңнан астам адам қатысқан еді. 

Әбу Ханифа көзі тірісінде-ақ «Ұлы Имам» деген атаққа ие болды. Сол дәуірдің ұлы мужтаһидттері оның фиқһ іліміндегі алар орнын ерекше жоғары бағалады. Мысалы, Имам Малик: «Әбу Ханифа, саған мына тіректің алтын екендігін айтса, оны сөзсіз дәлелдеп береді» деді. Ал,  Имам Шафиғи: «Барлық адамдар фиқһта Әбу Ханифаның отбасының мүшелері болып саналады» деген болатын. Осы себептен де имам Шафиғи (820 ж.қ.б) Имам Ағзамды өзінің ұстазы деп санады. 

Әбу Ханифа шариғат ілімінде Құран мен сүннеттен кейін рационалистік ойлауды жақтап, діни және құқықтық мәселелерде ақыл-ой мен қисынға негізделген әдістерді қолдануды батыл қолдады. Оның бұл қадамға баруына сол дәуірдің һәм ол өмір сүрген ортаның сұранысы итермелген еді. Фиқһ іліміндегі ижтиһад түсінігінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол даңқты сахаба Абдуллах ибн Масғудтың ижтиһад теориясын тереңдетті. Мазмұндық тұрғыда ескі мен жаңа құндылықтардың ортақ байланыстарын жоққа шығармайтын қағидаларды ортаға қойды. Оның фиқһ ілімінің теория-методологиясын Құран мен сүннетке негізделген антропоцентристік мазмұн құрады. Осылайша Имам Ағзам Әбу Ханифа Құран мен сүннеттен нәрленетін сара жол салуымен Мәдина (әл-әһлі-хадис) мектебінен бөлек өзіндік әдіснамасы бар фиқһ мектебін (әл-әһлі рай) қалыптастырды.  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) көзі тірісінде Мәдина мен Хижаз аймағына тән рухани және қоғамдық қатынас мәселелеріне өзінің сүннетімен үкімдер берген еді. Аталмыш өңірдің мәселелері Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннетімен шешім тапқандықтан, ол аймақтың тұрғындары үшін жаңа ижтиһатқа деген қажеттілік болған жоқ. Ал, Имам Ағзам өмір сүрген Куфа қаласы және Ирак өңірінің діни, әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуалы мүлде бөлек еді. Ирак – Исламға дейін бірнеше діндер мен өркениеттердің тоғысқан жері болатын. Куфаның экономикалық ахуалы, ондағы қалыптасқан қоғамдық құрылыстың Мәдинадан едәуір өзгешелігі бар еді. Осы кезде мұсылман ғұламалары бейтаныс жаңа мәселелерді қияс (аналогия) жасаумен үкімдер шығарып, қоғамдық қатынасты реттеуді қолға алды. Ғұламалардың осы бастамасының көшбасында фиқһ ілімінде Құран мен сүннетке сай рационалистік ойлауды жетілдірген Имам Ағзам Әбу Ханифа тұрған еді. 

Әбу Ханифаның фиқһтық көзқарастары көптеген мұсылман ғалымдарының қолдауына ие болды. Ол тынымсыз еңбектенуінің арқасында «мужтаһид фи шәрғ» дәрежесіне көтеріліп, Ханафи мәзһабының негізін қалады. Өзінің телегей-теңіз ілімімен миллиондаған мұсылмандардың Хақ жолымен қауышуына ықпал етті. Оның мәзһабын ұстанушылар дүниенің барлық аймағында кездеседі. Жаһандағы әһлі-сүннет қауымының басым бөлігі Ханафи мәзһабын ұстанады.

Шынтуайтында, Имам Ағзам негізінен фиқһ мәселелерімен тәжірибелік тұрғыда көбірек шұғылданды. Әйтсе де, ол ақида және фиқһ ілімі бойынша бірнеше рисала жазып қалдырды. Оның ақида және фиқһ мәселелеріндегі ой-тұжырымдары шәкірттері тарапынан жинақталып, кітап болып басылды.  

Әбу Ханифаның еңбектері: 

  1. Әл-Фиқһул-акбар
  2. Әл-Фиқһул-әбсат
  3. Әл-Алим уәл-муттааллим
  4. Әр-Рисала
  5. Әл-Уәсия
  6. Муснәду-Әбу Ханифа
  7. Әл-Қасида әл Кафия ән-Нуғмания фи мәдхин-Нәби
  8. Мужәдәла ли әхәдид-Дәхрини
0 пікір